Basty bet

Жастарды діни экстремизмнен қорғау – қоғам назарында

Қазіргі жаһандану дәуірінде діни экстремизм мәселесі әлем елдері үшін өзекті қауіптердің біріне айналды. Әсіресе, жастар – жаңа идеяларға тез бейімделетін, өмірлік тәжірибесі әлі толық қалыптаспаған әлеуметтік топ болғандықтан, олар экстремистік ағымдардың ықпалына жиі ұшырайды. Сондықтан, жастарды діни экстремизмнен қорғау – мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.
Бұл бағыттағы басты құрал – сапалы білім беру. Жастар ең алдымен, діннің шынайы мәнін, оның бейбітшілік пен адамгершілікке негізделгенін дұрыс түсінуі қажет. Мектептер мен жоғары оқу орындарында дінтану пәндерін оқыту, сыни ойлау қабілетін дамыту – экстремистік идеологияға қарсы тұрудың тиімді жолы. Білімді жастар жалған діни ұрандарға ермей, әрбір ақпаратты саралай біледі.
Бұл мәселеде отбасының рөлі ерекше екенін айта кеткен жөн. Ата-аналар баласының кіммен араласатынын, қандай ақпарат көздерін пайдаланатынын бақылап, онымен ашық сөйлесіп, пікірлесуі керек. Сенімді әрі жылы қарым-қатынас жасөспірімнің сыртқы теріс ықпалға қарсы тұруына көмектеседі. Егер бала өз мәселесін отбасында еркін айта алса, ол күмәнді топтардың ықпалына түспейді.
Қазіргі уақытта экстремистік ұйымдар интернет пен әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Сондықтан, жастардың медиа-сауаттылығын арттыру да аса маңызды. Олар жалған ақпаратты ажырата білуі, күмәнді сайттар мен топтардан сақтануы қажет. Мемлекет тарапынан зиянды контентті бұғаттау және бақылау шаралары да өз нәтижесін береді. Сонымен қатар, дәстүрлі діни ұйымдардың қызметін күшейту қажет. Білікті теологтар мен дін қызметкерлері жастармен кездесулер өткізіп, дұрыс діни түсінік қалыптастыруы тиіс. Бұл – радикалды идеялардың алдын алудың тиімді жолдарының бірі.
Психологиялық қолдау да назардан тыс қалмауы керек. Кейбір жастар өмірлік қиындықтарға, жалғыздыққа немесе түсінбеушілікке тап болғанда оларды экстремистік топтар өз қатарына тартуға тырысады. Осындай жағдайда білім беру мекемелеріне психологтардың көмегі аса маңызды.
Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да үлкен рөл атқарады. Спорт, өнер және мәдени іс-шаралар мен волонтерлық қызметтер жастарды пайдалы істерге бағыттап, олардың радикалды идеяларға қызығушылығын төмендетеді.
Қорытындылай келе, діни экстремизмнің алдын алу кешенді жұмысты талап етеді. Білім беру, отбасындағы тәрбие, ақпараттық қауіпсіздік, діни ағарту және мемлекеттік саясат өзара үйлесім тапқанда ғана жастарды бұл қауіптен қорғауға болады. Жастар – елдің болашағы. Сондықтан, олардың қауіпсіздігі мен дұрыс бағытта дамуы қоғам назарында болуы тиіс!

Сауранбек САРЫПБЕКОВ,
Қайрат ауылы мешітінің имамы

Таңдаулы материалдар

Close