Basty bet
Тәрбиеге бағытталған тағылымды кездесу
Дін – адамзат өркениетінің ажырамас бөлігі, ал қоғам – сол діннің өмір сүру кеңістігі. Дін мен қоғамның өзара сабақтастығы ғасырлар бойы рухани құндылықтарды қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесіне жол көрсетіп келеді.
Дін адамды қашанда адамгершілікке, мейірімге, ізгілікке бар жақсылық атаулыға шақыратын рухани негіз екені айтпаса да анық. «Дін – халықтың жүрегіндегі иман шамы» деген сөз бар. Сол себепті қоғам өмірінде діни құндылықтарды дұрыс жағынан түсіндіру мен дұрыс жағынан жеткізу қазіргі қоғамда үлкен рөл атқарады.
Осыған орай, жақында аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «JASTAR» дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Дін және қоғам» атты мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің мүшесі, белгілі исламтанушы, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Арман Қуанышбаев арнайы қатысты.
Жиынға 350-ден астам аудан тұрғыны қатысты. Олардың қатарында ардагерлер, мешіт имамдары және жастар мен жергілікті қауым өкілдері болды.
Кездесу барысында көптеген маңызды мәселелер қозғалды. Ең әуелі, дін мен қоғамның өзара байланысы, жастар тәрбиесі, діни сауаттылық, экстремизм мен жат ағымдардың алдын алу, сондай-ақ, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу және ұрпақ тәрбиесі мәселелері кеңінен талқыланды. Тәрбие мен тағылымға толы бұл кездесу аудан тұрғындары үшін берері де, үйренері де мол шара болды.
Арман Қуанышбаев өз сөзінде, “Дін мен қоғамның сабақтастығы ең алдымен жастар арқылы жүзеге асады. Егер жас ұрпақ рухани құндылықтарға сай тәрбиеленсе, ол тек жеке тұлға ретінде ғана емес, ел болашағы үшін де жауапты азамат болып қалыптасады. Сондықтан дін мен дәстүрді қоғамға, оның ішінде жастар санасына дұрыс жеткізу – бүгінгі күннің маңызы зор мәселесі” екенін айтты.
Кездесу соңында ардагерлер мен жастар көкейдегі сұрақтарын қойып, өз білгендерімен де бөлісе отырды. Кешке қатысқан аудан тұрғындары кездесуден үлкен әсер алып, өз ризашылықтарын жеткізіп, жастарға осындай дұрыс бағыт-бағдар беретін игі шаралардың жиі өтуін тіледі.
Осылайша, «Дін және қоғам» тақырыбындағы жиын аудан жұртшылығына, рухани тағылымы зор, қоғамда татулық пен ізгілік құндылықтарын айқындайтын рухани жиын болғаны анық.
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»