Basty bet
Тоғызқұмалақ ойынының шебері
Спорт саласы Қазақстанда кең қолдауға ие. Елде спорттың дамуына, қозғалысын кеңейтуге, жастарды ынталандыруға барынша көңіл бөлінуде. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларды қолдауға басымдық беру керектігін айтып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған болатын.
Бұл мереке өмірін спортпен байланыстырған спортшылар, жаттықтырушылар, балалар мен жасөспірімдер үшін ерекше.
Спорт – саламатты өмір салтының ажырамас бір бөлігі. Елімізде спорт күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес тамыз айының 18-і күні атап өтіледі.
Соның ішінде өмірінің бір бөлігін спортқа арнаған – Бекжан Бексұлтанов үшін бұл мерекенің орны бөлек. Бекжан Сайлауұлы – 1972 жылы Диқан ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі колхозда тракторист болып жұмыс жасаса, анасы сушы қызметін атқарған. 1987 жылы әкесі көлік апатынан көз жұмып, анасы жалғыз өзі бес баланы жетілдірді.
1987 жылы Қайрат ауылындағы №2 Октябрьдің 40 жылдығы атындағы (қазіргі Мыңбұлақ мектебі) орта мектепте 8-жылдық білім алып, Шымкент қаласындағы дене тәрбиесі техникумына оқуға түседі.
Алғашқы еңбек жолы өз мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуден бастау алды. Бүгінде 35-жылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз әрі жаттықтырушы. Тоғызқұмалақтан Жамбыл облысының ардагерлер арасындағы жекелей чемпионатында рапид әрі классика түрінен 1-орын иегері, 2023 жылы «Үздік жаттықтырушы» номинациясымен және «Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мен бұқаралық спортты дамыту бағытындағы елеулі еңбегі үшін» Құрмет грамотасымен марапатталды.
1994 жылы Жақсыкүл есімді қызбен шаңырақ көтеріп, қазіргі таңда екеуі көпбалалы отбасылардың қатарында. Жары аудандық ауруханада медбике болып жұмыс жасайды. 4-ұл, 2-қыз тәрбиелеп, оларды да спортқа жақын етіп өсірді. Қазіргі таңда Сайлау Ақтілек, Ақниет атты егіз қыздары тоғызқұмалақтан облыс чемпиондары.
-Спортқа деген қызығушылығым бала күнімнен бар. Әсіресе футбол, баскетбол, ләңгі тебу ойындарын көп ойнайтынмын,- дейді Бекжан Сайлауұлы.
– Мектеп ішінде футбол, баскетбол ойындарына қабілеті бар балалардан топ жинап, үйірмелер аштым, шәкірттерім аудандық әрі облыстық деңгейде жүлделі орындарға ие болды. Ал 1992 жылдан бастап, қазақтың ұлттық ойындарының бірі – тоғызқұмалақ жайлы ізденіп, қолға ала бастадым. Еңбек жолында ұстазым Майлықараев Жылқыбай ағайымнан да үйренерім көп болды. Бірге жарыстарға барып, кеңінен дамытуды ойластырдық. Сонымен тоқтап қалмай, білгеніммен басқалармен де бөлісіп, аудандық №14 БЖСМ спорт мектебінде белгілі бір мерзімге дейін тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып қызмет атқардым. Кейіннен №2 Мыңбұлақ орта мектебінде үйірме ашып, шәкірттерімді жарысқа дайындадым.
– Әрине, бастапқыда бәрі бірден бола қойған жоқ. Спорт – бұл қызыққа толы өмір. Табысқа бірден жеткізбейді. Жеңіліс қорқынышты емес, жеңіске сенбеген қорқынышты. Ақырындап шәкірттерім тәжірибе жинап, облыстан орындар ала бастады. Аудандық мектеп лигасынан 1-орындарды иеленіп, әрмен қарай республикалық деңгейге аяқ басты. Ал, дәл қазіргі уақытта болашағынан зор үміт күтетін шәкірттерім жетерлік. Атап айтсам: Дәулет Қадырбек, Феруза Тағыберген, Арслан Серікұлы, Ерсұлтан Бейсенбек, Кәусар Төребай т.б.
-Тоғызқұмалақтың ерекшелігі – қазақтың барлық ойынының ішіндегі ең қиыны, ойнаған адамдардың қол моторикасын, логикасын дамытып, ойлау, есте сақтау қабілетін арттырады. Тоғызқұмалақ өзі үшке бөлінеді: рапид, классика, блиц. Жалпы жасөспірімдер арасында бұл ойынға қызығушылық жоғары. Тек ата-аналар арасында насихат аздау.
-Өмірдегі басты ұстанымдарымның бірі – спорт үлкен тәрбие мектебі.Бүгін тырысасың, қиналасың, ертең қуанасың, мақтанасың. Денсаулық бірінші орында.
-Ғабит Мүсіреповтың «Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойына жәрдем ететін нәрсе» деген ойымен толықтай келісемін. Қай спорт түрі болсын денсаулыққа берер пайдасы мол. Күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі – спорт. Сондықтан қолдан келгенше жастарды баулуға, еліміздің спорт саласын дамытуға үлесімді қосудан еш жалықпаймын.
– Алдағы жоспарым: ұлттық ойындарымызды кеңінен дәріптеу, республикалық жүлделерді иемдену, үйірмеге келетін балалардың санын көбейту, жиі турнирлер өткізу. Алға қойған мақсаттарым орындалып, шәкірттерім белестерді бағындырса мен үшін үлкен жетістік, жеңіс, – дейді Бекжан Сайлауұлы.
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»