Basty bet
Көпбалалы отбасыларды қолдау маңызды
Көпбалалы отбасы – ол бақытқа, шаттыққа толы жанұя, береке-бірліктің, сыйластық пен татулықтың, адамгершілік құндылықтардың тоғысқан жері. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бала – үйіміздің берекесі, көз қуанышымыз, жүрегіміздің жұбанышы және ұлтымыздың баға жетпес құнды қазынасы десек артық болмас. Көпбалалы отбасылар тек ұрпағының көбеюімен шектеліп қана қоймай, олар еліміздің демографиялық көрсеткішінің өсуіне де сүбелі үлесін қосуда.
Алтын құрсақты аналарға алтыннан алқа тағып, құрмет көрсетуде ешкімнен қалыс қалып жатқан жоқпыз. Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде ана мен баланы қолдау үшін жан-жақты жағдай жасалып жатқаны белгілі. Шыр етіп дүниеге келген сәбиге біржолғы жәрдемақы, күтіміне байланысты ай сайын жәрдемақы төленеді. Төлемнің көлемі бала санына қарай өсіп отырады.
Ал, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы №227 бұйрығының негізінде тағайындалып, төленеді.
АӘК тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық кірісін есептеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 181 бұйрығына сәйкес есептелінеді.
Отбасының әрбір мүшесіне төленетін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері, отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептелінеді. Жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады.
Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер тұлғаның жиынтық табысын анықтау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылатын құжаттардың және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
Отбасының жиынтық табысына белгіленген уақыт кезеңі ішінде ақшалай немесе заттай нысанда алынған тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмегінен, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді іс-шараларына қатысу шеңберінде мемлекеттік қолдау іс-шараларынан басқа табыстың барлық түрлері қосылады.
2023 жылдың 20 сәуірінде қабылданған Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодекстегі негізгі жаңалықтарының бірі, бұл – Отбасының цифрлық картасы екені белгілі. Негізінен өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап Отбасының цифрлық картасы іске қосылған болатын. Бұл ретте, мемлекеттік қолдауды проактивті форматта жүргізу көзделген. Яғни, азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмектер ақпарат жүйесінде бар деректерге негізделіп тағайындалып, қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылатын болады.
Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда, мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады.
Сонымен қатар, өткен жылдан бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексінде көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды жақсартуға арналған жаңа қағидаттарға сәйкес, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жүргізілді. Монетизация АӘК алушылар қатарындағы балаларға қосымша төлем белгілеу арқылы жүзеге асырылады, яғни әр жылға бекітілген айлық есептік көрсеткішінің 1,5 есесі төленуде, 2024 жылы әр балаға төленетін қосымша төлем мөлшері 5538 теңгені құрап отыр. Бұл уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы аналар әлеуметтік пакетке жинақталған азық-түлік пен тұрмыстық қажетті заттарды алып келді. Енді, қазіргі таңда жаңа қағидаттарға сәйкес, аналар оны ақшалай көмек ретінде алуда.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Жаныгүл Махмудованың мәліметінше, өңірде жыл басында атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны көп болса, әр тоқсанда олардың қатары азайып отырған. Оның сөзінше, өткен жылдың 12 айында 2907 адамы бар 524 отбасының өтініші оң шешімін тауып, 251412,4 мың теңге АӘК тағайындалып төленген. Сонымен қатар, АӘК алушылардың 1 жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі балаларға төленетін қосымша төлемге 34589,7 мың теңге тағайындалып төленген.
Өткен жылдың І тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алушылар 445 отбасын құраған болса, жыл соңында олардың саны азайып, төртінші тоқсанда олардың саны екі есеге азайып, 272 отбасын құраған. Яғни, 173 отбасына АӘК төлемі тоқтатылған. Оның ішінен, 127 отбасының табысы көбейген, яғни бұл отбасылардың жағдайы түзеліп, АӘК алушылар қатарынан шығарылған. Ал, 46 отбасына учаскелік комиссиялардың үміткер отбасының материалдық жағдайын зерттеп-қарау нәтижелерінің қорытындысы негізінде алушылар қатарынан шығарылған.
Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны өткен жылдың І тоқсанында 235-ті құраса, 4 тоқсанда 130 отбасыға кеміген. Ал, Нұрлыкент ауылдық округінде жыл басында 58 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті алса, жыл соңында 36 отбасыға тағайындалған. Сонымен қатар, жыл басында Көкбастау ауылдық округінде 30 отбасыға, Мыңбұлақ ауылдық округінде 34 отбасыға және Ақсай ауылдық округінде 22 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Өткен жылдың төртінші тоқсанында аталған үш ауылдық округте де атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатары азайған. Ал, Қарасаз ауылдық округінде І тоқсанда 15 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш алты отбасыға төмендеген. Бұл көрсеткіштер арқылы ауданда тұрғындардың жағдайы жақсарып, олардың дені жеке кәсіпкерлікке бет бұрып жатса, кейбірі жұмыспен қамту шараларына тартылып жатқандығын айқындайды. «Мемлекет тегін көмек береді» деп қол қусырып қарап отырмай, адал еңбекпен отбасы қамы үшін табыс табуға бет бұрғаны да қуантады.
Ал, 2024 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 2900 адамды қамту көзделсе керек. Ол үшін оларға барлығы 492,5 млн теңге қаржы қарастырылған (РБ субвенция есебінен 349,3 млн теңге, ЖБ 143,2 млн теңге). Оның ішінен, 2023 жылдан бастап қабылданған кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау шешімі бойынша АӘК тағайындау кезеңіне әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлемге 41,1 млн теңге (жергілікті бюджет 41,1 млн теңге) қарастырылып отыр.
Өткен жылдың І тоқсанымен биылғы жылдың І тоқсанын салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмекті алушылар саны анағұрлым азайған. Яғни, билғы жылдың қаңтар айында ауданда атаулы әлеуметтік көмек алуға 1540 адамы бар 275 отбасының өтініші қабылданған. Оның ішінен 227 отбасының 1274 адамына 13986,0 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек және 1 жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі атаулы әлеуметтік көмек алушы балаларға қосымша төлемге 375 балаға 2076,7 мың теңге тағайындалған.
Биыл өтініш бергендердің ішінен 48 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылған. Оның ішіндегі 24 отбасы учаскелік комиссиялардың қорытындысы негізінде және 24 отбасының орташа жиынтық табысы белгіленген кедейлік шегінен асуына байланысты бас тартылып отыр.
– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек екі түрде, яғни, шартсыз және шартты ақшалай көмек ретінде беріледі.
Маманның сөзінше, шартсыз ақшалай көмек жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызілікті және (немесе) жалғыз тұратын кірісі аз адамдарға, яғни отбасында зейнеткерлік жасында, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдары, екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты, сонымен қатар құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі үш жасқа дейінгі балаға немесе мүгедектігі бар балаға, І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамға күтімді жүзеге асыратын кірісі аз отбасыларға көрсетіледі.
Ал, шартты ақшалай көмек жалғызілікті немесе жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ өз құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері), бар табысы аз отбасыларға ол (олар) жұмыспен қамту шараларына қатысқан кезде ай сайынғы төлемдер түрінде көрсетіледі және еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан отбасыға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан күннен бастап алты ай бойы АӘК тағайындалмайды. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған мәліметтер және анық емес құжаттар берген отбасыларға оларды ұсынған күннен бастап алты ай бойы тағайындалмайды. Материалдық жағдайын зерттеп-қарау нәтижелері бойынша дайындалған учаскелік комиссияның қорытындысына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек беруге мұқтаж емес отбасыларға тағайындалмайды.
Мәселен, осы мемлекеттік әлеуметтік көмектің екі түріне мысал келтірер болсақ, егер отбасының жалпы табысын барлық мүшелерге бөлген кезде Жамбыл облысында биылғы жылдың 1-тоқсанына белгіленген кедейлік шегі 32978 теңгеден аспаса, онда АӘК сол отбасыға төленеді. Төрт адамнан тұратын отбасының бір тоқсандағы (үш айдағы) табысы 210 мың теңге, балалардың анасы бала күтіміндегі санатында делік. Яғни, бір айда орташа жиынтық табысы 70 мың теңге болса, әр отбасы мүшесіне айына төленетін мөлшері (70 000 теңге: 4 адам = 17500, 32978-17500 =15478 теңге) 15478 теңге 4 адамға және 3 айға көбейткенде, бұл отбасына осы тоқсанға жалпы тағайындалған сома 185736,0 теңгені құрап отыр,-дейді аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Жаныгүл Махмудова.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»