Basty bet
ӘР АЗАМАТ ҚҰҚЫҚҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ ІС-ӘРЕКЕТІНЕ ШАҒЫМ КЕЛТІРУГЕ ҚҰҚЫЛЫ
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 106-бабында, прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарауға болады.
Кез-келген азамат, құқыққорғау органдарының іс әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қанағаттанбаса, яғни өзіне қатысты қозғалып жатқан істе заңсыздықтардың немесе құқықтың сақталмауы фактілері анықталған жағдайда, ҚР ҚПК-нің 106 бабына сай сотқа шағым келтіруге толық құқықтары бар.
Мысалы, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуында, тергеп-тексеру мерзімдерін үзуде, қылмыстық істі тоқтатуда, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруда, тінтуді және (немесе) алуды жүргізуде, өзге де әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылуы туралы арызды қабылдаудан бас тартуға шағыммен сотқа жүгінуге құқылы.
Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арыз иесі өз шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексергенін және ескергенін анықтауға тиіс.
Азаматтардың білгені жөн! Шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, тұлғаның келіспеген шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде не прокурордың өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін дәл сол мерзімде немесе егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап берілуі мүмкін.
Полиция қызметкерінің әрекетсіздігі туралы шағымды қалай дұрыс жазу керектігі туралы Заң кеңесінің қорғаушыларына жүгінуге болады.
Сонымен қатар құжатта келесі ақпараттар қамтылу керек. Жағдайды егжей-тегжейлі сипаттау, өтініш берушінің талаптары, органның атауы, тексеруді бастаған тұлғаның мекенжайы, телефоны, полиция қызметкері бұзды деп ойлайтын заң нормалары, прокуратура органдарына полицияның әрекетсіздігі туралы шағым түссе, онда осы ұйымның орналасқан жері бойынша мекенжайын көрсету талап етіледі.
Өтінішке бұзушылықтар фактісін растайтын құжаттар қоса берілуі тиіс.
Қорытындылай келе, Ата Заңның 1-бабында көрсетілгендей мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Сол себептен әр азамат өз құқығын қорғауға толық мүмкіншіліктер заңнамаларда қарастырылғанын айтқым келеді.
Байжан Жамалбекұлы,
Жуалы аудандық
сотының судьясы