Basty bet
Көкөніс көшетін көптеп өндірген
нұрлыкенттік диқандарға көмек беруге жергілікті атқарушы билік неге құлықсыз?
Ерте көктемнен бастап қара күзге дейін бел жазбай, еңбек ететін қауым ол – диқан қауымы екені бесенеден белгілі. Ел қадірін ел баққан ерлер ғана білетінін ескерсек, қара жердің қадірін де жерді баптаған диқан ғана жақсы білсе керек. Әсіресе, ауданға қарасты Нұрлыкент ауылында бау-бақша баптайтын диқандардың қарасы мол. Орта есеппен алғанда, Нұрлыкентте әрбір екінші тұрғын жер еміп, диқаншылықпен айналысады. Тәуелсіздік жылдары көршілес мемлекеттерден осында көшіп келіп, орныққан еңбекқор қандастарға жұмыстың одан басқа көзі де жоқ сияқты. Әйтеуір ептесіп-септесіп күн көріп, отбасын асырап отырған ағайынның бұл әрекетін жанкештілік дерсің.
Ал нұрлыкенттік диқандардың бұл тірлікке ерте көктемнен бастап кірісетінін жоғарыда айттық. Олар наурыз айының аяғынан бастап үй іргесіндегі жерлеріне шағын жылыжай (парник) жасап, оған негізінен қырыққабаттың және қызанақ, болгар бұрышы, баклажан және пияз, т.б. бау-бақшалыққа егілетін көкөністердің бірнеше түрінің тұқымын сеуіп, одан көшетті де молынан өндіреді. Бұл жергілікті диқандар үшін жыл сайын атқарылатын үйреншікті шаруаның бірі.
Аптаның басында жергілікті диқандардың жұмысын көру үшін Нұрлыкент ауылына арнайы бардық. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының Нұрлыкент ауылдық округіндегі ассистенті, бір жағынан біздің аудандық басылымның жанашыры Роза Қартбаева бізді ауылдың Наурыз көшесінде тұратын диқандардың үйіне бастап барды. Ең алғашқы бас сұққан үйіміз тәжірибелі диқан Құрманғазы Бекеновтікі екен. Еңбекқор азамат жұбайы Арзыгүл апай екеуі кешкі салқынмен шарбақ ішіндегі парникте жұмыс істеп жатыр.
Құрманғазы диқан биыл үш парникке қырыққабат тұқымын сеуіп, одан 30 мың данадан астам көшет өндіргенін айтады.
-Үй іргесіндегі шағын жердегі парникке көшет егіп, баптау біздің отбасы үшін таңсық жұмыс емес. Жылда ауыл маңындағы бір-екі гектар алқапқа қырыққабат дақылын егіп, баптаймыз. Ал оған егілетін көшетті негізінен өзіміз өндіреміз. Біз негізінен қырыққабаттың голландтық сортын еккенді жөн көреміз. Өйткені, баптауға оңай және өнімі де басқаларға қарағанда молырақ.
Парник егуге сәуір айының 14-інен бастап кіріскенбіз. Егілген тұқымның барлығы дерлік көктеп шықты. Ендігі кезекте оны суғарып, көшетті арамшөптен тазарту үстіндеміз. Қырыққабат көшеті 40 күнде толық жетіледі. Одан кейін алқапқа қондыруға болады. Өзіміздің тілімізбен айтқанда, көшет осы уақыт аралығында пісіп-жетіледі. Көшетті одан ертерек жұлуға болмайды. Өйткені, толық жетілмегеннен кейін сабағы да сынғыш келеді,- дейді Құрманғазы диқан.
«Бухарест» деп аталатын қырыққабат көшеті алқапқа қондырылғаннан кейін 85-90 күннің аралығында толықтай өнім бере бастайтын көрінеді. Ол үшін әрине, дақылдың бабын келістіріп, оған тиісті күтім жасау қажет.
Бұл отбасы диқаншылық ісімен 2000-шы жылдан бері тұрақты айналысып келеді. Биыл олар тиісінше, екі гектар алқапқа қырыққабат көшетін қондырып, оны күтіп-баптауды жоспарлап отыр.
Ауыл тұрғыны Нұржан Әбдірайымовтың да диқаншылықпен айналысып келе жатқанына шамамен 20 жылдың жүзі болған. Ерлі-зайыпты Нұржан мен Жанар екеуі биыл да үй іргелік жерлеріне қырыққабат көшетін баптап, мамыр айының аяғына таман оны ауыл маңындағы бір жарым гектар алқапқа қондырмақ ниеттерінің бар екенін айтады. Осыдан бір ай уақыт шамасы бұрын егілген қырыққабат тұқымынан көшет өніп шыққан. Ал оны күтіп-баптаудың өзі көп күшті талап ететін жұмыс. Көшет толықтай шыққанша оны суықтан қорғау үшін парниктің үстіне клеенка жабылады. Олай етпеген жағдайда көшет қатты суықтан үсікке ұрынуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, көшеттің де күтімі жас баланың күтімімен бірдей. Биыл Әбдірайымовтар отбасы үй іргелік жеріндегі парникте шамамен 60-70 мыңға жуық көшет өндірген. Одан бөлек, сәбіздің де тұқымын өздері өндіруде.
-Отбасындағы балалардың барлығын осы диқаншылықтың арқасында оқытып, киіндіріп, басқа да жағдайларын жасап, қамтамасыз етіп отырмыз. Екі қызды тұрмысқа бердік. Ендігі кезекте ұлымызды аяқтандырсақ деп отырмыз. Еңбек етпеген жанға ешкім құрмет жасамайды. Жалқау адамды Жаратушы да сүймейді. Біздің барлық ниетіміз – осы диқаншылықта. Жұбайым екеуміздің ойымыз көп ретте бір жерден шығып отырады. Осыған ризамын. Ақылдаса отырып, екеулеп жұмыс жасап жатқан жайымыз бар. Үйде көшет өсірсек, кейіннен оны алқапқа егіп, жаздай баптаймыз. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ, былтыр қырыққабат өніміне лайықты баға болған жоқ. Бұл – шаруалардың ала жаздай жасаған еңбегі мен төккен терін ақтамайды. Диқан еңбегінің бағаланғаны жақсы емес пе,- дейді отағасы Нұржан Әбдірайымов.
«Диқан тоймас жер десе» дегендей, Нұрлыкент ауылындағы диқанның бірі – Гүлнара Өтенова. Гүлнара апайдың ауладағы шағын жылыжай ісімен айналысып келе жатқанына да 10 жылға жуықтаған. Бір сөзбен айтқанда, ол бұл кәсіпті бес саусағындай үйреніп алды. Қазіргі таңда үй іргелік жерде ешқандай бос орын жоқ. Барлығына парник жасалып, оған ерте көктемнен бастап қырыққабат, қызанақтың оннан астам түрін және болгар бұрышының бірнеше түрін, сонымен бірге баклажан, пияз, тағы басқа бау-бақшалық дақылдардың көшеттері егіліп, бапталуда. Қырыққабаттың дайын көшеттері ауыл маңындағы алқаптарға қондырыла бастады.
-Жұмыстан, еңбектен ешқашан қол үзген емеспіз. Жылдағы кәсібіміз парникте көшет өсіру. Биыл да бірнеше соттық алқапқа бау-бақша дақылдарының тұқымын сеуіп, оны баптаудамыз. Қырыққабаттың көшеттері пісіп-жетілуде. Дайын болғанын шетінен алқапқа қондырып жатырмыз. Одан кейін бірнеше парникке егілген қызанақтың да көшеттері дайын болып қалды.
Бұл жерде айтайын деген түйінді бір мәселеміз бар. Мұны ауылда парникте көшет өндіретін диқандардың ортақ мәселесі деуге болады. Аулада өндірілген көшеттер негізінен аудан орталығындағы базарда саудаланады. Ол үшін базар аймағында белгіленген арнайы орнымыз жоқ. Әр дүкеннің алдында отырып, сауда жасаймыз. Белгілі орын болмаған соң ауылдың учаскелік полиция инспекторлары да көшет сатуымызға көп кедергісін келтіруде. Жергілікті атқарушы биліктің өкілдері немесе ауыл әкімшілігі диқандардың осы мәселесін оң шешіп берсе, дұрыс болар еді,- дейді Гүлнара апай.
Шынында көшет өндіру үлкен еңбекті талап ететін күрделі жұмыстың бірі. Бұл бір жағынан диқандардың отбасы үшін науқандық табыстың көзі. Ал көшет өндірісін ұлғайтып, онымен аудан тұрғындарын қамтып отырған диқандардың көшет сатуына кедергі келтірудің орнына Б.Момышұлы ауылының әкімшілігі және базар басшылары оларға арнайы орын қарастыруды қажет деп санаймыз. Себебі, мұның азық-түлік қауіпсіздігіне және баға тұрақтылығына да тікелей әсері бар. Көшет саудасының уақытша екенін ескерсек, оны өндіргендерге сатуға мүмкіндік берудің маңызы зор.
Қазір азық-түлік бағасының шарықтап тұрғанын ескерсек, күзде баға одан сайын көтеріледі. Ал ауыл тұрғындары күздік өнімнің қамын қазірден бастап жасаса, өнім де мол болады, баға да тұрақты болмақ. Бұл мәселені қарапайым тұрғыннан бастап ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларына жауапты басшылары терең ескергендері дұрыс. Қай саланың да жұмысына жергілікті атқарушы биліктің және мемлекеттің тарапынан көмек-қолдаулар болмаса, оның дамуы да өз деңгейінде болмайтыны анық. Азық-түлік қауіпсіздігінің стратегиялық мәселе екенін ескерсек, жергілікті диқандардың жұмысын қолдап, күзде өнімді лайықты бағаға өткеру ісін де бір жолға қоятын уақыт әбден жетті.
Мысалыға алатын болсақ, жалпылама есептегенде, қырыққабат алқабының бір гектарын егіп, сатуға дайын болғанға дейінгі аралықтағы күтіп-баптау жұмыстарына (оның ішінде, минералды тыңайтқыш бар) бір миллион теңгедей қаражат жұмсалады. Өнімге лайықты жоғары баға болмаса, есіл еңбек те еш кетпек. Былтыр Ресей нарығының жабық болуына байланысты қырыққабат өндірісімен айналысатын жуалылық диқандардың еңбегі ақталған жоқ. Алғашқы піскен өнімге ішкі нарықта жоғары бағаның болмауына байланысты өнімнің көбісі алқапта жиналмай қалып кетті. Былайша айтқанда, диқандардың ала жаздайғы еңбегі еш кетті. Біз диқандардың сол кездегі жанайқайын газетте жазып, мәселе көтергенбіз. Ал мұны нұрлыкенттік диқандар қаншама жылдан бері айтумен келеді.
Дайын өнімді бір орталыққа тиімді бағамен өткізу туралы шаруалардың өтініші өте орынды. Түптеп келгенде, бұл жұмыс дұрыс жолға қойылса мемлекетке де, шаруаға да пайдалы болар еді…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»