Basty bet

Күрделі әрі қауіпті мамандық

Берік Каипов Шақпақ ауылдық округінің азаматы. Ол №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте білім алған. 2010-2014 жылдары Көкшетау техникалық институтында «Адамдарды құтқару және өрт сөндіру қағидалары» мамандығында білім алған.
2014 жылдың тамыз айынан 2016 жылдың желтоқсан айы аралығында Мойынқұм ауданында өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығының орынбасары қызметін атқарса, 2016-2017 жылдары Жуалы ауданы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы қызметінде болды. 2017 жылдан бері Жуалы аудандық №7 Өрт сөндіру бөлімінің бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
-Жұмыс өте күрделі әрі қауіпті. Қарапайым халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында түрлі жанкештілікке баруға тура келетін жағдайлар жиі болады. Жалпы мекемеде 27 қызметкер еңбек етеді. Жеке құрамның техника қауіпсіздігін сақтауы, төтенше жағдайлардың алдын алу барысы әрдайым жауаптылықты талап етіледі. Көмекке жүгінген азаматтардың өмірін аман алып қалу үлкен ерік-жігерді қажет ететін шаруа. Қызмет барысында жол-көлік оқиғасы, жолдағы қауіп-қатерлердің алдын алу, түрлі сынақтарға төтеп беруге тура келетін жайттар болады.
Менің дәл осы мамандықты таңдауыма бала кездегі арманым себеп болды. Өрт сөндірушілердің өр рухы, батырлығы мен қайтпас қайсарлығы маған ерекше күш беретін. Өрт сөндіруші болу әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Ол үшін адам бойында мейлінше жауапкершілік пен батырлығы басым болуы қажет. Себебі, өрт сөндіруші мамандардың бойында қорқыныш, үрей болса жұмысына кедергі келтіреді. Сонымен бірге шапшаңдық, ұшқыр ойлы болу маңызды. Іс-әрекеті де, ойы да жылдам болуы тиіс. Жыл мезгілінің әртүрлі уақытында орын алатын оқиғалардан толық шыға алатын қауқар болуы тиіс. Әрдайым өрт сөндіруге шыққанда түгелдей қайта аламыз ба деген қорқыныш тұрады. Қыс мезгілінің боранды күндерінде алыс елдімекендерде жолда қалып қойған науқастарды, карта арқылы іздестіре отырып, оқшаулаймыз. Өткен күзде үш тракторшы жер айдап жүрген кездерінде жоғалып, бөлім бастығының іздестіруі арқылы көмек көрсетілді. Мекемеде спутникпен көрсететін көмекші құралдар бар. Өрт сөндіруші көмекші тягаш, трэкол, уазик машиналары жұмысымызды жеңілдетуге көмектеседі. Түтінде, өртте қалып кеткен жағдайда драйвер аппаратын пайдаланады. Олардың әрқайсысы әртүрлі жағдайларда қолданылады. Маман ретінде ерекше ескерте кетер жайт ол – аудан тұрғындарының өрт қауіпсіздігі барынша сақтау, әсіресе жаз айларында аула маңындағы қоқыстарды өртеуге қатаң тыйым салынатындығын жеткізгім келеді. Шомылу маусымына байланысты жасөспірімдерді қараусыз қалдыруға болмайды. Төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарға үнемі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Мекемеде негізінен ер азаматтар жұмыс істейді.
Өрт сөндірушілердің жұмысында қиындық басым. Әр ауылдық округте бір өрт сөндіруші маман міндеттелген. Өрттің қауіптілігіне байланысты тіпті өз үйінің қожайынын да жолатпайтын кездер болады. Бір секунттың өзінде бір адам өмірін арашалауға болады. Сол себепті адам өмірін құтқару басты міндетіміз, – дейді Берік Кайпов.
Білікті маманың еңбегі еленіп көтермелеу облыс әкімінің және аудан әкімі, аудандық мәслихат басшыларының Алғысхаттарын иеленген. Сонымен бірге, «Төтенше жағдайлардан үздік шыққаны үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Берік пен жұбайы Зухра екеуі Аружан және Айым есімді екі қыз баланы тәрбиелеп отыр. Олар қара шаңырақта Жұмакүл есімді анасымен жарасымды өмір кешуде.
Бетті әзірлеген
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close