Basty bet

Ақ қағазға сыр айтып…

 

Иә, Аллам,
Жар бола гөр
Жаратқаным!
Бүгін де көрдім аман таң атқанын.
Үлкеніңе-кішіңе сәлем бердім,
Қабыл ал, сәлемімді қарап бәрің.

Оқысаң кітабымды қарақтарым,
Сөзімнің түсініңдер санап бәрін.
Ақынға Мұқағали шын жүректен,
Жыр жазып ақ қағазға парақтадым.

95-ке 95 жыр жазайын
Ақын деген емес екен жай халық,
Оның сырын кешеуілдеп байқадық.
Өзі өлсе де өлеңдері өлмейтін,
Мәңгі жасар Мұқағали жайқалып!

Өлең жазды оқығанды жылатып,
Сезімдерін зеңгір көктен құлатып.
Жазып кеткен жан-жүрегін жайып сап,
Өлеңімен өзгені де жұбатып.

95-ке 95 жыр жазайын,
Жүрегімнен жыр маржанын қазайын.
Аты шулы ақындар да аз емес,
Мұқағали бәрінен де көзайым!

Айға созып қолымды

Бастап кеттім кітабымды үшінші,
Оқырманым, дұрысынан түсінші.
Сезіміме сендіруге сендерді,
Жетер ме екен, бұған менің күшім шын?!

Бұл кітапты бітіргенше асықтым,
Жұмбақ сезім кеткендей ме тасып тым?
Айта алмаймын, мен өзім де дөп сабып,
Әлде өлеңге,
Әлде ақынға ғашықпын!

Жұмбақ сезім мені қайда апарды?
Мұның аты махаббат деп аталды.
Аласұрып,
Айға созып қолымды,
Шыбын жаным алқымға кеп тақалды!

Жырына Мұқағали шөлдедім де
Ақынды сол кездері көргенімде,
Ойымды өлең-сөзбен өргенімде.
Шіркін-ай,
Қандай күйде болар едім,
Өзіне өлең оқып бергенімде.

Өзіне өлең оқып бергенімде.
Жүректен жыр маржанын тергенімде.
Үшінші кітапты да бастап кеттім,
Жырына Мұқағали шөлдедім де…

Қайран, Ақын!

Қайран, Ақын,
Үлгермеген жырларын,
Қайран, Ақын,
Айтылмаған сырларын.
Аманаттап маған тастап кетті ме?
Соған менің алаң болып тұр жаным.

Мұқағали сынды ғажап алыпты,
Мұнда ғана өлеңінен таныппын.
Қайран, Ақын,
Қалай-қалай жазған деп,
Ет-жүрегім езіліп бір қамықтым.

Қамықтым да қаламымды қолға алдым,
Айы-күнім жеткендей-ақ толғандым.
Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып,
Азабы бұл ақынжанды болғанның…

Сырласамын өр Ақынмен күнде мен,
Таңды атырам өлең жазып түнде мен.
Өлеңге емес,
Әлде ғашық ақынға,
Десе десін жан-дүниемді білмеген.

Бастап кеттім бұл кітапты осылай,
Жаза бердім өлеңге-өлең қосып-ай.
Ақынымның жатқан жері жарық боп,
О дүниесін берсін дедім сосын-ай!!!

Ақындыққа шақырады

Өлең жазғым келді бүгін өзгерек,
Жазу үшін оған ұйқас, сөз керек.
Шабыт шалқып келген кезде оны да,
Жүрек сезіп, көретұғын сөз керек.

Ұлы Ақынды тірісінде көрмедім,
Қанағат деп Аллам өзі бергенін.
Кім екенін Мұқағали кеш білсем,
Кешірілмес кінәм енді ол менің.

Кеш оқыдым Мұқағали ақынды,
Жырларымен жүрегіме жақынды.
Алпыс асып,
Жетпіс жақын қалғанда,
Өлеңдері ақындыққа шақырды.

Естіген жан бұл күйіме күлгендей,
Өр ақынмен бірге өмір сүргендей.
Ақыныма жан-дүниемді жайып сап,
Сырласамын қазір бірге жүргендей.

Жүрегімнен жазылғанда жырларым,
Бұл өлеңді ұйқас қуып құрмадым.
Көкірегімде көп өлеңнің әлі де,
Сезем өзім кезек күтіп тұрғанын.

Оқи берсек Мұқағали өлеңін
Кейде өлең келіп қалар күндіз де,
Таңғалмаймыз,
Таныс жағдай бұл бізге.
Оқи берсек Мұқағали өлеңін,
Ақын болып кетеміз деп жүрміз бе?!

Ақын – елдің рухани байлығы,
Өлеңменен өтер жылдар, ай-күні.
Бар сезімі қаламының ұшында,
Жасыра алмас қуаныш пен қайғыны.

Кім түсінген Мұқағали өлеңін,
Кім түсінген Мұқағали өнерін.
Өлең сүйген,
Өмір сүйген Ақынды,
Өлгенімше өлең қылып келемін.

Өлеңдері жүрегіме жеткенде,
Жалын болып жарылардай от кеуде.
Мұз Ақынға мұңымды айтып көрейін,
Дегендей бір арман болды тек менде.

Нешінші?

Жаза алмадым әлі өлең мыңыншы,
«90 жасқа – 90 жыр» деп бірінші.
«Айта алмаған Сен айт деген ойымды»,
Кітабым бұл Ақыныма екінші.

Кітап жазам алда әлі нешінші?
Жаза алам ба төртінші мен бесінші?!
«Иеленген өлең мені ерте кеп»,
Бұл кітабым осы жазған үшінші.

Түсімде көріп
Сырласуға өлең жазам Ақынға,
Өлеңді де бастағаным жақында.
Үш кітапты Мұқағалиға арнадым,
Жоқ болса да ақын деген атым да.

Өлеңді бұл бастағаным жақында,
Жазбауға жоқ еркім және хақым да!
Алыс-жақын ағайын мен достарым,
Мақұлдама,
Мейлің, енді мақұлда!

Мұқағали өлеңдері – сырласым,
Қара сөзге қарағанда жыр басым.
Жазбай оны қалай, қайтіп жасырам,
Жүрегімде жазу болып тұрғасын.

Жан сырымды Мұқағалиға айтамын,
Бар болғанда жүрегімде айтарым.
Мәңгі өмір жоқ –
Өлең қалар артымда,
Мен де бір күн күнім бітсе қайтамын.

Ұлы ақынға өлең жазам соңынан,
Айы-күнім туғандай-ақ оңынан.
Кейбір кезде көре қалсам түсімде,
Оны-дағы жақсылыққа жорығам.

Баға жетпес сый маған
Өр ақынды өз ағамдай көремін,
Өлең барда ақын өлмес,
Сенемін.
Бар кітабын жастығыма жастанып,
Қайта-қайта оқи берем өлеңін…

Ақынымды өз ағамдай сыйлағам,
Өлеңдері –
Баға жетпес сый маған.
Менде осындай бір сезім бар жұмбақтау,
Не дерімді білмей кейде қиналам.

Бұл сезімді өзім ғана түсінем,
Жасырмаймын үлкеннен де кішіден.
Абыз ақын –
Мұқағали мен үшін,
Жақын маған мың ақынның ішінен.

Сол себепті үш кітапты арнаппын,
Ауырлығын сезе тұра салмақтың.
Аллам берген қасиетім тұрғанда,
Қара өлеңнен қара жаяу қалмақ кім?!

49 жыл өтіпті

Мұқағали бәрін жазса өлеңмен,
Өлең деген өлкеде ол – кемеңгер.
Ақ махаббат,
Туған Отан,
Адалдық,
Өлеңінде не бар, не жоқ демеңдер.

Әке жайлы,
Ана жайлы жырлады,
Жалған сөйлеу –
Оған мойын бұрмады.
Әттең ғана, мынау жарық дүниеде,
Өкінтеді 45-ақ жыл тұрғаны!

Мұқағали бәрін жазып кеткенде,
Өлеңіне өмір дәнін сепкенде.
Арамыздан Абыз ақын кеткелі,
49 жыл өтіпті ғой деп-демде.

Мұқағали жырына тәуелдімін
«Осы өлеңді сүйеді-ау сенің санаң»,
Дегендермен әрине келісе алам.
Мұқағали жырлары мұңы басым,
Тәуелді етіп қойғандай мені саған.

Өлеңдерін оқимын –
Қайталаймын,
Оқып алып жатқа да айта аламын.
Егер өлең болмаса,
Көңілімнің –
Басқа неден білмеймін, жай табарын?!

Мұқағали жырына тәуелдімін,
Өлең оқып басталар әуел күнім.
Маған салса дер едім өлеңіне,
Бір мен емес –
Тәуелді әлем бүгін!!!

Жеңіскүл Ілгербаева,
ақын, ардагер ұстаз.
Әлем Халықтары Жазушылар одағының мүшесі.
Қошқарата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close