Basty bet

Өңірде Президенттің тапсырмасы орындалу үстінде

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың көпшіліктің тарапынан қолдау тауып отырғаны белгілі. Осының негізінде Президенттің тиісті Жарлығының негізінде жергілікті атқарушы органдардың басшылары тұрғындармен жиі-жиі кездесіп, ондағы қордаланған мәселелердің шешімін табуға жұмыс жасау үстінде.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз еткені көпшілікке кеңінен мәлім. Аталған Жолдауда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайларға жан-жақты талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдары да көрініс тауып отыр.
Ал Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында да бұл туралы кеңінен айтылды. Өйткені, мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелемей тұрып, нақты экономикалық жетістікке жетіп, дамудың да даңғыл жолына түсіп кете алмайтынымыз анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл туралы: «Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше.
Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды.
Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет. Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті»,- деп атап өтті.
Иә, Президент айтқандай, тек саяси реформалармен шектеліп қалуға болмайды. Бұл жұмыс жүйелі түрде әлі де жалғасуы қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өтіп жатқан әкімдердің жергілікті тұрғындармен кездесулері – міне біздің айтып отырған мәселеміздің айғағы. Президент тапсырмасының аясындағы міндеттердің орындалуы сайып келгенде өңірде көптеген мәселелердің дер кезінде көтеріліп, оның шешілуіне де оң ықпалын тигізіп отырғаны анық.
Әкімдердің жергілікті халыққа жақындығы осындай нақты қадамдардан басталса керек.
Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірге қарасты Ақсай, Мыңбұлақ және Көкбастау ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесу өткізді. Әлбетте мұндай кездесулер жергілікті мәселелердің шешілуіне оң ықпал ететінін айтуымыз қажет.
Атап айтқанда, аудан басшысының Ақсай ауылдық округінде болған кездесуінде тұрғындардың тарапынан бірқатар маңызды мәселелер айтылды. Ал, аудан әкімі жалпы өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың бірсыпырасына тоқталды.
-Өздеріңіз де жақсы білетіндей, қазір жиын-терін науқанының қызған кезі. Егін орағы жақынды аяқталып, бұйырғанын жинап алдық. Жалпы өңірде 10 мың гектарға жуық күздік бидай алқабы және 30 мың гектардай алқапқа егілген жаздық арпа дақылы орылып, қамбаға құйылды. Ал өнімділікке келсем, облысқа қарасты аудандардың бөлінісінде Жуалы ауданындағы орташа көрсеткіш гектарына 12,5 центнерден айналды. Бұл – жақсы көрсеткіш. Басқа аудандарда бұл көрсеткіш 7-8 центнерден асқан жоқ. Бұйырғаны осы болды. Биыл көктемнің әдеттегіден суық болуы, жаз бойы жауын-шашынның болмауы, мұның барлығы өнімділікке әсер еткені анық.
Ендігі кезекте аудан диқандары мақсары орағына кірісіп кетті. Одан кейін картоп және жүгері дақылдарын жинауға кірісеміз. Мұны да жергілікті диқандар ойдағыдай сәтті аяқтайды деп сенемін.
Биыл Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осынау мерейлі мерекеге байланысты ауылдық округтерде мәдени күндер ұйымдастырылу үстінде. Жалпы қасиетті өңірдің мерейтойына дайындық барысы пысықталып жатыр.
Ендігі кезекте Ақсай ауылдық округіндегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсам, былтыр және биыл Қайрат және Диқан ауылында бірқатар көше жолдары жөндеуден өткізілді. Биыл ауылдағы маңызды жолдардың бірі – Абай көшесінің жолы орта жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жол Көлбастау ауылына дейін жалғасады. Қорыта келгенде, ауылдық округте автомобиль жолдарының қанағаттанарлық үлесі едәуір артты. Тұрғындарға ең қажеттісі – ауызсу, жақсы жағдайдағы жол, электр жарығы және табиғи газ. Міне, осылардың барлығы ауылдарыңызда бар.
Одан бөлек, бұдан бұрын Ақсай ауылдық округінде пилоттық жобаның негізінде жұмыстар жүргізіліп, жобаның негізгі талаптарына сәйкес, бірқатар өнімді жұмыс атқарылды деп айтуымызға болады. Осының негізінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше болып кірген тұрғындар ауыл сыртындағы және үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеруде.
Тағы бір айта кететін маңызды мәселе, бұл округте тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын ретке келтіру қажет. Заңсыз қоқыс тастаған азаматтарға айыппұл салуды да ауылдық округтің әкіміне және ауылдағы учаскелік полиция инспекторына қатаң тапсырамын. Ауданда қоқысқа қатысты тариф бекітілді. Жалпы тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге асыратын кез келді. Қорыта келгенде айтарым, ауылдық округтегі кез келген мәселе заңдылық аясында шешілуі қажет,- деді аудан басшысы Жалғас Мұртаза.
Кездесудің сұрақ-жауап және ұсыныс бөлімінде ауыл қариялары – Толымбек Айдарбеков және Кәрібай Құрмашев сөз алып, Қайрат ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт салу, сонымен қатар, ауылда салынып жатқан жаңа мәдениет үйінің құрылысын тезірек аяқтау және ескі клубтың ғимаратын мекемеге теңгерімге беру сияқты маңызды мәселелерді айтты. Тиісінше, сұрақтар да назарға алынды.
***
Аудан басшысының Мыңбұлақ ауылдық округіндегі кездесуінде де бірқатар маңызды мәселелер айтылды.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза кездесуге келген ауыл тұрғындарына олардың тарапынан көтерілген сұрақтардың барлығы жергілікті атқарушы органның назарынан тыс қалмайтынын айта келіп, 2024 жылдың басынан Мыңбұлақ ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Өңір басшысы өз сөзінде, дайындық жұмыстарын осы күннен бастаудың қажеттілігін айтып, оның ішінде кепілге қойылатын үй-жайдың, мүліктің құжаттарын реттеу, тағы басқа маңызды деген мәселелерді атап өтті.
-Сәтін салса, келер жылдан бастап Мыңбұлақта пилоттық жобаның аясындағы жұмыстар жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұл ретте Сіздерден «Ауыл аманаты» бағдарламасымен максималды жұмыс жүргізуді сұраймын. Бағдарламаның барлық бағытының маңызы зор. Осыны терең ескерулерінің қажет,- деген Жалғас Мұртаза, округке қатысты басқа да мәселелерге кеңінен тоқталды.
Бала – болашағымыз. Тұрғындармен болған кездесу жиынында Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке де қатысты мәселе айтылды. Атап айтқанда, аталған мектепте оқушылар санының әлдеқайда артуына байланысты жыл санап орын тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мектеп ғимаратында бір ауысымда барлығы 330 балаға білім алуға мүмкіндік болса, қазіргі таңда мұнда екі ауысымда барлығы 613 бала оқып жатыр. Бұл ретте мектептің батыс жағындағы футбол алаңының орнынан жапсарлас етіп ғимарат салудың да қажеттілігі туындауда.

***
Аудан басшысы Ж.Мұртаза жұма күні түс ауа Көктөбе ауылындағы орта мектепте Көкбастау ауылдық округінің де тұрғындарымен кездесті.
Кездесу жиынында негізінен ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал шаруашылығын дамыту, мал жайылымы және ағын суға қатысты мәселелер кеңінен сөз болды.
Атап айтсақ, Көктөбе ауылының тұрғыны, «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Қуанышбек Қалдыбеков өз сөзінде, мал азығын молынан дайындау үшін гидропоника қондырғысын қоюға жұмыстар жасағанын, алайда оған жұмсалатын шығын көлемінің тым көп екенін айтады.
-Шаруашылықта негізінен сауынды сиыр ұстап, бағып отырмын. Оған жемшөптің де қажеттілігі жыл санап артып келеді. Шаруашылықта егістік жердің көлемі аз болғандықтан, мал азығынан проблема туындауда. Мұны шешудің бір жолы ретінде жаңа технологияға негізделген гидропоника қондырғысын орнату туралы ойым болды. Бірақ, оның құны өте жоғары болып шықты. Бұған қажетті несиенің де пайызы өте жоғары,- дейді шаруа азамат. Шаруашылық басшысы одан бөлек, шаруашылықта жұмысшы күшінің тапшы екенін айтып, тіпті 150 мың теңге төленетін жұмыстарға жұмысшы таппай отырғанын жеткізді.
Аудан басшысы округ тұрғындарына сүт бағасының төмендеп кетуіне байланысты өз ойын білдіре келіп, өңір шаруаларына жасалып жатқан мемлекеттің көмегі туралы баяндады. Жалғас Мұртазаның айтуынша, биылғы көктемгі дала жұмыстарына аудан шаруаларына мемлекет тарапынан 3 000 тонна кепілдендірілген жанар-жағармай бөлінген болса, ал тиісінше, күзгі дала жұмыстарына 2,7 тонна (екі мың тонна, 700 литр) дизель отыны бөлініп отыр.
Кездесуде тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, олар негізінен Бақалы ауылына шағын спорт алаңшасын салу, одан бөлек, Теріс ауылынан «Аула клубы» мекемесінің филиалын ашуға ықпал ету, сонымен қатар, ауылдық округтің қалыптасып, дамуына еңбек сіңірген іскер-ұйымдастырушы азамат – Әбілдабек Қойбақовтың есімін жергілікті жұртшылықтың есінде қалдыру мақсатында оның суретін аудан орталығындағы «Жұлдызы биік жуалылықтар» аллеясына қою туралы ұсыныстар айтылды.
Сөз соңы: Тұрғындардың өмір сүруіне тиісті жағдайларды жасау – жергілікті мемлекеттік орган қызметкерлерінің негізгі міндеті. Халықтың тұрмыс жағдайы көтерілсе, мемлекеттің де еңсесі көтерілмек. Бұл ретте мемлекетпен қоса, жас ұрпақтың да жарқын болашағына назар аударған жөн.
Ендеше, Президент Жолдауында жауаптыларға жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, ондағы айтылған әрбір тапсырманың астарына үңіліп, мағынасына мән беретін болсақ, біз үшін маңызды құжатта айтылған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» болудың да ауылы алыс емес.
Ал Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі. Яғни, адамның қажеттілігі әрдайым басты назарда болады. Сол үшін біз шикізатқа тәуелді болудан біртіндеп арылуымыз қажет. Бұл жұмыс табанды түрде жүргізілуге тиіс»,- деп атап өткені де көптеген маңызды жайдан хабар берсе керек.
Бір сөзбен айтқанда, Президенттің тапсырмасы қасиетті өңірде атқарылып жатқанының куәсіміз. Ал жергілікті атқарушы органның басшылары халықтың үніне құлақ асу арқылы ғана елдің сенімінен шығады.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close