Basty bet
Көпбалалы отбасы – қоғам байлығы
Қай қоғамды алып қарасақ та, анадан ардақты, анадан асыл ешкім жоқ. Алайда қоғам болған соң әркімнің өзіне лайық қадір-қасиетімен қоса, материалдық игіліктерімен өлшенетін әлеуметтік мәртебесі болады. Қоғамдық құндылықтардың негізін нығайта түсетін аналарымыздың мәртебесін шын мәнінде алтынмен астастырып бекітіп, «Алтын алқамен» марапаттаймыз. Береке мен бірліктің, ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы бола білген көпбалалы аналар қошеметке де, құрметке де әркез лайық.
Осы орайда, Қарасаз ауылдық округінде 239 көпбалалы ана бар. Оның ішінде «Күміс алқа» алқасының иегері 44 және 24 ана «Алтын алқа» алқасын иеленген.
Біздің кейіпкеріміз дүниеге сегіз бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген көпбалалы ана Анна Бандура. Ол Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекет көпбалалы аналарды қолдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларын беріп, құрметке бөлегеніне ризашылығын білдіреді.
Анна Александровна 1961 жылы Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде туған. Қазақстанға 1981 жылы отбасымен қоныс аударған. Ес білгеннен еңбекке ерте араласқан қайсар ана балаларын жетілдіру үшін жұмысты да талғамапты. «Бірлік» совхозында әртүрлі жұмыс істеген. Қазіргі таңда сегіз құрсақ көтерген көпбалалы ана немере-шөбере сүйіп отырған сүйікті әже. Құдай қосқан жұбайы Александр екеуі өсіп-өнген ұрпағының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Қарасаздық азамат Александр Павлович өзге ұлт өкілі болса да Ислам дінін берік ұстанады. Өзі ауыл мешітінде шырақшы болып жұмыс істейді. Жақында ауыл жастары қым-қуыт шаруалардың арасында уақыт тауып, біркісідей жұмылып, игі іс жасапты. Яғни, жұбайы Александр жастардың демеушілігімен кіші қажылық парызын өтеп келген екен. Осындай сәтте ауыл азаматтарының ұйымшыл, мағыналы да мәнді істердің бастамашылары болып жүргендері қуантады.
– Бес қыз, төрт ұлымнан 14 немере, екі шөберем бар. Ортаншы және кіші бала-келін біздің қолымызда тұрады. Яғни, бір шаңырақтың астында екі ұлым тату-тәтті өмір сүруде. Менің замандастарым жақсы біледі, бұрын оңай болған жоқ. Жоқшылық, тұрмыс пен табыстың төмендігінен қиын да ауыр кезеңдерде еңсеміз түскен жоқ. Бізді жігерлендірген үміт пен сенім. Бүгінгідей жарқын өмірді, жайлы тұрмысты күттік. Біреуден ілгері, біреуден кейін ғұмыр кешіп, ауылда қатардағы жұмысшы болып несібемізді теріп, ұрпақ өрбіттік. Көпбалалы ана ретінде айтарым, әр ана өмірдің қиын тұстарында үміттерін үзбей, өздерін қолға алуы керек. Бұл отбасыңыз үшін маңызды. Нағыз бақыт – балалы үйде,- дейді «Алтын алқа» алқасының иегері.
Қазір ұл-қыздары қосақтарымен әулеттің дәулетін асырып, алтын құрсақты ананың тілеуімен ұрпақ өрбітуде. Тұңғышы Марина аспаз, Татьяна үйде бала тәрбиесімен айналысса, Екатерина білім ошағында аспаз болып жұмыс істейді. Ал Николай ауылдық әкімшілікте қоғамдық ақылы жұмыс атқарса, Александр дәнекерлеуші, Анастасия тігінші, Юрий тракторшы, кенжесі Елена программист болып еңбек етеді. Барлығы дерлік еңбекқор, өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтын жандар. Олардың көрші, достары қазақ азаматтары болғандықтан мерекелерінде бас қосып, шүйіркелесіп, қуаныштарымен бөлісіп те жатады.
Көпбалалы отбасы – ол бақытқа, шаттыққа толы жанұя, береке-бірліктің, сыйластық пен татулықтың, адамгершілік құндылықтардың тоғысқан жері екені анық. Қазіргі қоғамның рухани жаңғыру сатысында отбасы құндылықтарын сақтау маңызды. Осы тұрғыда алтын құрсақты Анна Александровнаның да пікірін тыңдадық.
– Әр бала отбасылық құндылықтарды өз ата-анасынан бойына сіңіреді. Ең басты нәрсе отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қолдауы, махаббаты, қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Кез келген жанұяның өзгелерден ерекшеленетін өз құндылықтары бар. Алайда негізгісі өзара түсіністіктен бастау алады. Біздің заман басқа еді. Қазір барлығы материалдық жағдаймен өлшенеді. Мына заманда отбасы мынадай болу керек деп те ақыл айта алмаймын. Әрбір отбасы өзінше бір мемлекет. Өз тәртібі, көзқарасы бар,- дейді көпбалалы ана.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»