Basty bet
Адам өмірін құтқару – абыройлы міндет
Қызыл жалынның ортасында жүріп, адам өмірін ажалдан арашалап қалу – нағыз батырлық. Төтенше жағдай кезінде қауіп-қатерге қарамастан көмекке асығып, елдің амандығы мен тыныштығын күзететін жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Батылдық пен табандылықты, шапшаңдық пен жоғары жауапкершілікті талап ететін өрт сөндіруші мамандығы – ерлік пен адалдықтың айқын үлгісі. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтың бірі – аудандағы №7 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Рақымжан Қуанышбай.
Рақымжан Нұржанұлы 2001 жылы ауданға қарасты Кәріқорған ауылында дүниеге келген. Т.Әкімов атындағы №7 орта мектепте білім алып, оны 2019 жылы тамамдады. Мектеп қабырғасында озат оқушылардың қатарынан көрініп, білімге құштарлығымен, тәртібімен және спортқа деген қызығушылығымен ерекшеленді.
Болашақ мамандығын таңдаудағы мақсаты айқын жас сол жылы Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына оқуға түседі. Білім ордасында кәсіби даярлықтан өтіп, 2023 жылы бакалавр дәрежесін алып, лейтенант әскери атағымен оқуын аяқтайды. Бүгінде ол алған білімін тәжірибемен ұштастырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп келеді.
– Өрт сөндіру – жүректілердің мамандығы. Бұл салаға кез келген адам келе бермейді. Қызметіміз өжеттілікті, батылдықты, төзімділікті және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Құтқару қызметінің әр күні қауіп-қатерге толы болғанымен, өз жұмысымды жақсы көремін. Төтенше жағдайлар саласын таңдауым – жай ғана мамандық иесі болу емес, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қызмет етуді мақсат етуімнің нәтижесі. Өрт сөндіруші болу үшін батылдықпен қатар, сабырлылық, шапшаңдық пен тәртіп те қажет. Осы қасиеттерді бойыма сіңіріп, елге пайдалы азамат болуды қаладым,- дейді құтқарушы Рақымжан.
Жас маманның бұлай жасауына отбасының тәрбиесі мен қолдауы да үлкен ықпал еткен. Атасы мен әкесінің еңбекқорлығы, анасының адамға деген қамқорлығы оған өмірлік үлгі болған. Атасы Қуанышбай Қораласбаев – «Ұлжан» шаруашылығының негізін қалаған жан. Әкесі Нұржан Қораласбаев бүгінде шаруашылық жұмысын жалғастырып, адал еңбектің үлгісін көрсетіп келеді. Ал, анасы Зухра Әмірова балабақшада тәрбиеші болып еңбек етеді.
– Отбасым маған адалдықты, еңбекқорлықты, тәртіпті және жауапкершілікті үйретті. Атам мен әкемнің еңбексүйгіштігі, анамның адамға қамқорлықпен қарауы маған әрдайым өмірлік үлгі болды. Олардың ақыл-кеңесі мен сенімі алға қойған мақсатыма жетуге күш береді. Таңдаған мамандығыма деген құрметім мен азаматтық ұстанымымның қалыптасуына отбасының тәрбиесі зор ықпал етті, – дейді ол.
Рақымжанның айтуынша, Азаматтық қорғау академиясында өткен төрт жыл оның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жол ашқан. Оқу барысында ол теориялық біліммен қатар, қиындыққа мойымауды, ұжыммен бірлесе жұмыс істеуді және кез келген жағдайда жауапкершілік танытуды үйренген.
– Таңдаған мамандығымның қаншалықты маңызды екенін күнделікті қызмет барысында терең түсінемін. Біздің міндет – тек өртті сөндіру емес, адам өмірін сақтау және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Шақырту түскенде алаңдайтын сәттер де болады. Дегенмен, мұндай кезде сабыр сақтап, шұғыл әрі дұрыс әрекет ету маңызды. Үйде ата-анам менің амандығымды тілеп отырады. Олардың ақ батасы да маған күш-жігер береді. Қандай уақытта, қандай жағдайда болсын, қызметтік міндетті орындауға дайын тұруымыз керек. Бұл – біздің азаматтық борышымыз, – дейді жас құтқарушы.
Өрт сөндірушінің қызметі сырт көзге жалынмен күресумен ғана шектелетіндей болып көрінуі мүмкін. Алайда оның артында күнделікті дайындық, дене шынықтыру, теориялық білімді жетілдіру, арнайы техниканы меңгеру және әрбір әрекеттің салдарын алдын ала бағалай білу сияқты маңызды міндеттер тұр. Әсіресе, қарауыл бастығы үшін жеке құрамның дайындығын ұйымдастыру, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын үйлестіру, қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау – үлкен жауапкершілік жүктейтін жұмыс.
Рақымжан Нұржанұлы өз қызметінде осы міндеттерді орындаумен қатар, өрттің алдын алу шараларына да ерекше мән береді. Өйткені, төтенше жағдайдың алдын алу – адам өмірін сақтап қалудың маңызды жолы.
– Біздің жұмыс өрт болған кезде оқиға орнына барумен ғана шектелмейді. Өрттің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру да кәсіби қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, электр құралдарын дұрыс пайдалану, пешті қауіпсіз қолдану, газ жабдықтарына ұқыпты қарау және балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Әсіресе, қысқы кезеңдегі жылыту маусымында пеш пен электр жабдықтарын пайдаланған кезде сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертеміз. Тұрғындарға өрт шыққан жағдайда сабыр сақтап, адамдарды қауіпсіз жерге шығару және 101 немесе 112 нөміріне хабарлау керектігін түсіндіреміз. Сонымен қатар, дала өрті мен құрғақ шөптің өртенуіне жол бермеу, отты қараусыз қалдырмау және табиғат аясында қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелеріне де назар аударамыз, – дейді Рақымжан Нұржанұлы.
Расында, өрттің алдын алу – оның зардабымен күрескеннен әлдеқайда тиімді. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы талай қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Бір адамның сақтығы тұтас бір отбасының өмірін қорғауы мүмкін. Сондықтан тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, әр азаматтың қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауына ықпал ету – құтқарушылар қызметінің маңызды бөлігі.
Рақымжан Қуанышбай үшін қызметтік атақ пен лауазымнан бұрын халықтың сенімі, әріптестерінің амандығы және атқарылған жұмыстың нәтижесі маңызды. Туған жерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ел игілігіне қызмет етуді басты мұраты санайтын жас маман өз ісіне адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді.
Адам өмірін сақтап қалу жолында тәуекелге бел буып, қиын сәтте көмекке ұмтылатын өрт сөндірушілердің еңбегі әрдайым құрметке лайық. Ал, сол жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген Рақымжан секілді азаматтардың қызметі – елге деген адалдықтың жарқын көрінісі.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»