Basty bet

Бейбіт күннің батырлары марапатталды

Құтқарушы мамандығы – батылдық пен табандылықты, жоғары жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін абыройлы қызмет. Өрт сөндіру, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, табиғи апаттардың салдарын жою, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – осы саланың мамандарына жүктелген маңызды міндеттер. Олар күн сайын адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп, қиын сәтте көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созады.

Жыл сайын 19 қазанда елімізде Құтқарушылар күні кәсіби мерекесі атап өтіледі. Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Ресми ақпарат көзіне сүйенер болсақ, бүгінде азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам қызметкер еңбек етуде.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері төтенше жағдайлар қызметтері шамамен 82 мың рет шақыртуға шыққан. Нәтижесінде, 8,8 мыңнан астам адам құтқарылып, 10,3 мыңнан астам азамат эвакуацияланған. Сонымен қатар, 3,2 мыңнан астам зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілген. Ал, «112» қызметіне 4,2 миллионнан астам қоңырау түскен. Бұл көрсеткіштердің артында құтқарушылардың ерен еңбегі, жедел шешім қабылдауы мен адам өміріне деген жауапкершілігі тұр.
Кәсіби мерекеге орай елімізде құтқарушыларға құрмет көрсетіліп, сала мамандарына лайықты бағасы берілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттап, құтқарушыларды “бейбіт күннің батырлары” деп атап, олардың ерлігі мен қажырлы еңбегіне жоғары баға берді.
Құтқарушылар күніне орай аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айдос Асабаев төтенше жағдайлар саласының мамандарын қабылдап, оларды кәсіби мерекемен құттықтады.
– Сіздерді кәсіби мереке – Құтқарушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Құтқарушы мамандығы – ерлік пен батылдықтың, жоғары жауапкершілік пен ерен еңбектің символы. Сіздер адам өміріне қауіп төнген сын сағаттарда бірінші болып көмекке ұмтылып, өз өмірлеріңізді қатерге тігесіздер. Өртпен арпалысқанда, су тасқыны мен табиғи апаттар кезінде көрсеткен қажырлы еңбек пен кәсіби шеберліктеріңіз кез келген құрметке лайық.
Ауданның қауіпсіздігі мен тұрғындардың тыныштығы – сіздердің тәулік бойы атқаратын қырағы қызметтің нәтижесі. Осындай қиын да қауіпті қызметтегі адалдықтарыңыз үшін алғыс білдіремін.
Құрметті жерлестер, бейбіт күннің батырлары! Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, сарқылмас күш-жігер, отбасылық бақыт пен амандық тілеймін. Жауапты да абыройлы қызметіңізде сәттілік серік болсын! Сын сағаттар азайып, еліміз аман, жұрт тыныш болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді Айдос Асабаев.
Мерекелік жиында қызметтік міндетін абыроймен атқарып, кәсіби жауапкершілігімен ерекшеленген бірқатар маманға марапат табысталды.
Іс-шара аясында аудандық төтенше жағдайлар қызметінің жалпы 14 қызметкеріне аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және «ӘDiLет» партиясы аудандық филиалының марапаттары тапсырылды.
Марапат – күн сайын адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі. Құтқарушылардың жанқиярлық еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие.

Таңдаулы материалдар

Close