Basty bet

Мұғалімнің кәсіби біліктілігі: сұраныс пен заманауи трендтер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауының жетінші бағдары «Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді» деп аталуы да жайдан жай емес. Мұның ішінде білім саласын жаңа заманға сай дамыту міндеті туралы кеңінен айтылған. Бұл міндет ел экономикасының дамуында өте маңызды рөл атқарады.
«Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс. Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс» деп атап көрсетті Президент.
Заманауи білім мен кәсіби дағдыларды терең меңгерген білімді ұрпақ қана елдің дамуын алға бастырады. Міне, Президент осынау маңызды міндетті іске асыруды ел ұстаздарының алдына негізгі межелі міндет ретінде қойып отыр.
Жақында «Өрлеу» БАҰО» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен Жуалы ауданында «Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын жүзеге асырудағы жаңа тәсілдер: мақсаттан күтілетін оқу нәтижесіне жету. «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» (Т1) тақырыбында педагогтердің біліктілігін арттыру курсы өтті. Курс мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, білім беру мазмұнын жаңарту талаптарына сәйкес оқыту тәжірибесін дамытуға бағытталған.
Бірінші модулі білім беру жүйесіндегі заңнамалық және нормативтік құжаттарға негізделген. Бұл модульде білім беру трендтері мен стейкхолдерлер сұраныстары мемлекеттік стандарттың негізі ретінде қарастырылады. Мемлекеттік және нормативтік құжаттардың құрылымы, өзара байланысы және міндетті талаптары талданады. Халықаралық және ұлттық зерттеулердің (PISA, TIMSS, МОДО) нәтижелері сараланып, олардың мұғалім тәжірибесіне тигізетін ықпалы анықталады. Бұл зерттеулер оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту қажеттігін көрсетеді.
Екінші модульде оқу нәтижелерінің иерархиясы жан-жақты қарастырылады. Негізгі құзыреттерден бастап пәндік нәтижелерге, оқу мақсаттарына және сабақ мақсаттарына дейінгі жүйе талданады. Білім беру құндылықтарын оқу мазмұнына кіріктіру, мақсат, мазмұн және оқыту әдістерінің өзара байланысын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылады. Блум таксономиясы негізінде оқу мақсаттарын нақтылау арқылы оқушылардың ойлау дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Білім мазмұнының спиральды құрылымы, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлау ерекшеліктері түсіндіріледі. «Мақсат – әдіс – бағалау» арасындағы конструктивті сәйкестік оқыту сапасын арттырудың негізгі шарты ретінде қарастырылады.
Үшінші модуль оқыту әдістері мен бағалау жүйесіне арналған. Мұнда оқыту әдістерін оқу мақсаттарының деңгейіне сай таңдау, функционалдық сауаттылықты дамыту жолдары қарастырылады. Универсалды оқу дизайны (UDL) қағидаттары арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға мазмұнды бейімдеу мәселелері қамтылады. Сонымен қатар, тілдік дағдыларды дамытуда тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым әрекеттерін кешенді қолдану ұсынылады. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын сабақта тиімді пайдалану жолдары көрсетіледі. Бағалау жүйесінде формативті және жиынтық бағалау, бағалау критерийлері мен академиялық адалдық қағидаларына назар аударылады.
Төртінші модуль педагогтің кәсіби дамуына бағытталған. Бұл бөлімде мұғалімнің өз қызметін рефлексиялауының маңызы, оның тәсілдері мен құралдары қарастырылады. Микросабақ өткізу, сабақ фрагменттерін талдау және сараптау арқылы мұғалімдер өз тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік алады. Зерттеушілік дағдыларды дамыту педагогтің кәсіби өсуінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Біліктілікті арттыру курсы педагогтердің кәсіби дамуына зор ықпал етеді. МЖМБС тиімді жүзеге асыру үшін мұғалімдер күтілетін оқу нәтижелеріне бағытталған оқыту тәсілдерін меңгеруі қажет. Заманауи әдістерді қолдану, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану, жүйелі бағалау жүргізу және рефлексия жасау – білім сапасын арттырудың негізгі факторлары болып табылады!

Ақжарқын Райымбекқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының Жамбыл
облысы бойынша
Кәсіби даму институтының аға оқытушысы.
Филология
ғылымдарының магистрі.
Мақпал Жамалбекова,
№6 А.Пушкин атындағы
орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Таңдаулы материалдар

Close