Basty bet

Шеберхана және акт залының құрылысы аяқталуға таяу

Аудан орталығындағы тарихы терең байырғы білім ошақтарының бірі – Б.Момышұлы ауылында орналасқан №1 мектеп-гимназия екені дау тудырмаса керек. Жас ұрпаққа тәрбие, білім бере бастағанына 100 жылдан асқан іргелі ағарту мекемесінің отандық білім беру үдерісіне қосып отырған елеулі үлесін ерекше атап өткен жөн.

Айта кету керек, №1 мектеп-гимназияның ғасыр тойының қарсаңында оған ұлт қайраткері, қазақ әдебиеті мен көсемсөзінің көрнекті өкілі, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Қазақ руханияты мен әдебиетіне, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, дамуына өзінің азаматтық асқақ үнімен және ерен еңбегімен үлкен үлес қосқан жерлес жазушының есімін иеленген мектепте білім алу, онда қызмет атқару кім-кімге де абырой және жауапкершілік. Бұл мектептен есімі алыс-жақынға кеңінен танымал қайраткер азаматтардың да көптеп шығуы білім ошағының мерейін асырып отыр. Танымал тұлғалардың әлі де түлеп ұшатынына кәміл сенеміз.
Аудан орталығында орналасқан мектеп-гимназияда биылғы оқу жылында екі ауысымда 1 443 оқушының тәрбие мен білім алып жатқанын ескерсек, оқу кабинеттерінің жеткіліксіздігі өз алдына, бұдан бұрын мектепте акт залы және шеберхана ғимараты болмаған. Осынау олқылықтың орнын толтыру үшін 2023 жылы аудан басшылығы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназия ғимаратының жанынан жапсарлас акт залы және шеберхана ғимаратының құрылысын жүргізу жөнінде шешім қабылдады.
Жобаның ресми атауы – «Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылындағы №1 мектеп-гимназиясына шеберхана және акт залының құрылысын салу нысаны» деп аталады. Бас мердігер – «Нұр Тұрсын» ЖШС болса, техникалық қадағалаушы – «Aisar-Group» ЖШС. Келісім-шарт құны – 221 352,1 млн теңгені құрайды.
-Құрылыс 2023 жылдың қыркүйек айында басталған болатын. Құрылыс барысында 2023 жылы 157 629,1 млн теңге игерілсе, биылға қаралған қаражаттың көлемі – 63 723,0 млн теңгені құрайды.
2023 жылы аталған құрылыс өндірістік кестеден едәуір артта қалып қойды. Оған басты себеп, нысанның іргетасы мен бағандарына құйылған бетон маркасы мен сапасы жобадан ауытқыған. Осыған байланысты жобаға сәйкес келмеген іргетас бұзылып, қайта құйылды және зертханалық жұмыстар жүргізілді. Аталған кемшіліктер толығымен жойылып, техникалық және зертханалық зерттеулердің оң нәтижесін алғаннан кейін ғана құрылыс жұмыстары қайта жалғасып отыр.
Жоспарға сәйкес, аталған нысанның құрылысы 2023 жылдың желтоқсан айында тапсырылу көзделген және қаражаты толық қаралған. Алайда жоғарыдағы көрсетілген себептермен, нысанды уақтылы тапсыра алмау қаупі туындағандықтан және қаражаттың игерілмеу қаупін болдырмас үшін нысан 2024 жылға өтпелі болып өзгертіліп, тиісінше, 63 723,0 млн теңге қаражат 2024 жылға шегерілді.
2024 жылға қосымша келісім-шарт түзілгеннен кейін ғана өндірістік жұмыстар кестеге сәйкес қайта жалғасуда,- дейді аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Тимур Қалдыбаев.
Мектеп-гимназияның шығыс бөлігінен бой көтерген екі қабатты ғимаратта қазіргі таңда құрылысқа жауапты тараздық мердігер мекеме – «Нұр Тұрсын» ЖШС-ның тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілу үстінде. Атап айтқанда, бірінші қабатта негізгі үлкен үш бөлмеден тұратын мектеп шеберханасы және ғимараттың екінші қабатында 102 орынға арналған акт залының құрылысы 95 пайызға аяқталған. Қазіргі таңда мұнда ішкі әрлеу жұмыстарымен қатар, жиһаздар мен қажетті құрал-жабдықтарды орналастыру және бөлмелерді жуып-шаю жұмыстары жүргізілу үстінде.
-Құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталып отыр. Ішкі әрлеу жұмыстары да жақын күндері толықтай қорытындыланады. Ғимараттың ауласын тегістеу жұмыстарына қызу кірісіп кеттік. Бұған дейінгі атқарылған жұмыстардың барысына тоқталсам, ғимараттың инженерлік-коммуникациялық жүйелері, атап айтқанда, су жүйелері, электр, жылу жүйелері және ауладағы жарықтандыру жұмыстары толығымен атқарылды. Жобаға сәйкес, коммуникация жүйелері ғимараттың жертөлесінде орналасқан.
Ғимаратты қажетті жиһаздармен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де біздің негізгі міндетімізге жатады. Ол үшін қазіргі таңда акт залында орындықтар қойылып, сахна жабдықталды. Акт залының жалпы көлемі – 18х12 метрді құрайды. Ал төменгі қабатта орналасқан шеберхана негізгі үш бөлмеден тұрады. Бірінші бөлме оқушы ұлдарға арналған. Мұнда үш үлкен станок орналастырылады. Онымен темір және ағаш жонуға, тесуге, қайрау жұмыстарын атқаруға болады. Ал қыздардың шеберхана бөлмесі алты дана тігін машинасымен жабдықталады. Онда оқушы қыздарға негізінен тігін тігумен бірге, пішу, жалпы ісмерлік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалмақ. Үшінші бөлмеде асхана жабдықтары орналастырылады. Мұнда оқушы қыздар ас дайындаудың қыр-сырын үйрене алады. Бұл бөлмеге электрмен жұмыс істейтін ас пісіретін плита және тоңазытқыш қойылады. Айта кетерлігі, барлық бөлмелер қажетті орындық, үстелдер және сөрелермен жабдықталады,- дейді мердігер мекеменің прорабы, құрылыс басшысы Бағдат Әбдірайымов.
Ғимаратта құрылыс жұмыстарының аяқталуға таяу екенін жоғарыда айтқанымыздай, ендігі кезекте ғимараттың ауласын абаттандыру жұмыстары атқарылмақ. Қазір ғимарат ауласы екі бірлік жүктиегіш (погрузчик) арнайы техникаларының күшімен тегістелуде. Тегістеу жұмыстарына шағын және ауыр жүк көлігі қосымша көмек көрсету үстінде. Ғимараттың ауласын жарықтандыру үшін электр бағаналары орнатылған. Аула толықтай тегістелгеннен кейін мұнда 330 шаршы метр асфальт жабыны және брусчатка тақтатасы төселмек. Бұл жұмыстармен қоса, мектептің спорт алаңшасы да ретке келтіріледі.
Мектеп жанынан бой көтерген екі қабатты ғимараттың жалпы көлемі – 28х12 метрді құрайды. Жертөлесі де бар. Ғимараттың ішінде оқушы ұлдарға және қыздарға, сонымен қоса, ер және әйел мұғалімдерге арналған әжетханалар бөлек-бөлек орналасқан.
Бір сөзбен айтқанда, құрылысқа жауапты болып танылған мердігер «Нұр Тұрсын» ЖШС 2024 жылға өтпелі құрылысты қарқынды атқару үстінде. Қазір құрылыс басында 20 жұмысшы және қажетті техникалар жұмыс қарқынын кестеге сәйкес атқаруға күш салуда. Сәтін салса, нысанның құрылысы мамыр айының ішінде аяқталып, пайдалануға берілмек.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close