Basty bet

Қазақ тілін өз тіліндей меңгерген

Жуалы ауданы – татулық пен ынтымақты ту еткен, түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астындай тату-тәтті өмір сүріп жатқан қасиетті мекен. Бұл өңірде әрбір азамат туған жерінің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ұлтына, тіліне немесе дініне қарамастан, аудан тұрғындарының барлығы ортақ құндылықтарды қадірлеп, өзара сыйластық пен түсіністікті өмірлік ұстанымға айналдырған. Осындай жарасымды тіршіліктің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген жандардың бірі – Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, күрт этносының өкілі Ханифа Чакова.
Ханифа Чакова 1995 жылы Қырғыз Республикасында дүниеге келген. Балалық шағы сол елде өткен ол 11 жасында ата-анасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Бауыржан Момышұлы ауылына тұрақтайды.
Жуалы жері оның екінші Отанына айналды. Осында білім алып, өмірлік көзқарасы қалыптасқан ол бүгінде ауылдың сыйлы тұрғындарының бірі. Қарапайым мінезі, еңбекқорлығы, адамдармен тез тіл табыса білетін қасиеті оны көпшілікке жақын етті. Қай ортада болмасын сыпайылығымен, ізеттілігімен ерекшеленетін Ханифа ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласып, айналасына әрдайым жанашырлық танытып келеді.
Ханифаның айтуынша, Қазақстанға қоныс аударған кезде қазақ тілін мүлде білмеген. Алайда бала күнгі достарының барлығы қазақ болғандықтан, олардың арасында жүріп мемлекеттік тілді еркін меңгеріп шыққан.
«Мен осында көшіп келгенде мүлдем қазақша білмейтінмін. Бірақ ойнайтын достарымның барлығы қазақтар еді. Солармен күн сайын бірге ойнап, араласып жүріп, қазақ тілін біртіндеп үйрендім. Алғашында сөздерді түсіну қиын болды. Дегенмен достарым әрдайым көмектесіп, жаңа сөздерді үйретіп отырды. Уақыт өте келе қазақша еркін сөйлей бастадым. Менің ойымша, тілді үйренудің ең тиімді жолы – сол тілде сөйлейтін адамдармен жиі араласу. Қазақ тілін меңгеру арқылы мен жаңа достар тауып қана қоймай, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін тереңірек таныдым. Бүгінде қазақ тілін білуімді өмірімдегі ең үлкен жетістіктерімнің бірі деп есептеймін» дейді Ханифа Чакова.
Мемлекеттік тілді меңгеру оның қоғамға тез бейімделуіне, жаңа ортаға сіңісіп кетуіне зор мүмкіндік берген. Бүгінде Ханифа қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймай, қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеп, оларды күнделікті өмірінде ұстанады. Ұлттық мерекелерге белсене қатысып, ауылда өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралардан қалыс қалмайды.
Қазақстан – жүзден астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан мемлекет. Еліміздің басты байлығы – қоғамдық тұрақтылық, өзара құрмет пен ұлтаралық татулық. Осындай асыл құндылықтарды жоғары бағалайтын Ханифа Чакова да көпұлтты Қазақстан қоғамының белсенді мүшесі ретінде туған өлкесінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Ол Қазақстанды өзінің туған елі деп есептейді және осы елдің жетістіктеріне әрдайым қуанады.
Бүгінде Ханифа жұбайы Владимир Чаковпен бірге берекелі отбасының ұйытқысы болып отыр. Олар отбасында үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіруде. Балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауда. Ұлдары мектепте озат оқушылардың қатарында. Сонымен қатар, екеуі де таэквандо спортымен тұрақты түрде айналысып, түрлі жарыстарға қатысып жүр. Ал, қыздары мектептегі біліммен қатар би үйірмесіне қатысады және таэквандодан да жаттығады. Бұл – отбасының саламатты өмір салтын ұстанып, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше мән беретінінің айқын көрінісі.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, ата-анасының еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы балалардың тәрбиесінен де анық байқалады. Олар үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуді, достық пен татулықты бағалауды бала кезден бойларына сіңіріп келеді.
Ауылдастары Ханифаны ақжарқын мінезі, кішіпейілдігі, адамгершілігі мен жанашырлығы үшін ерекше құрметтейді. Ол қандай жағдайда болмасын айналасындағыларға қолдау көрсетіп, қиындыққа тап болған жандарға қолдан келген көмегін аяған емес. Осындай ізгі қасиеттері арқылы көпшіліктің ықыласына бөленіп, ауыл тұрғындарының арасында сыйлы азаматтардың біріне айналды.
Бүгінде елімізде этносаралық келісімді нығайтуға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі ең алдымен ауыл-аймақтардағы татулық пен ауызбіршіліктен көрінеді. Жуалы жеріндегі түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластықта өмір сүруі – соның нақты дәлелі. Ханифа Чакованың өмір жолы да осының айқын көрінісі. Ол өзінің еңбегімен, қарапайым болмысымен, мемлекеттік тілге деген құрметімен және елге деген сүйіспеншілігімен кейінгі жастарға өнеге болып келеді.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Бұл сөздің өміршеңдігін өз ісімен дәлелдеп жүрген Ханифа Чакова бүгінде Бауыржан Момышұлы ауылындағы берекелі тіршіліктің бір бөлшегіне айналған. Оның тағдыр жолы – Қазақстандағы түрлі этнос өкілдерінің бір мақсат, бір мүдде жолында еңбек етіп, ортақ Отанымыздың дамуына бір кісідей үлес қосып келе жатқанының жарқын мысалы.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close