«Отан үшін отқа түскін, күймейсің», «Ежелден ел тілегі, ер тілегі, Адал ұл ер боп туса, ел тірегі»,- дейді даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Елге қызмет ету, Отанды қорғау – ұлы іс. Отан үшін күрес – ерге тиген үлес екені даусыз.
Отанды қорғау қай кезеңде де абыройлы іс саналады. Сондықтан оның әрбір өлкесін, тіпті, түйір тасы мен бір уыс топырағын да көздің қарашығындай қастерлеу – бәріміздің Отан алдындағы қасиетті парызымыз.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл 31 жыл толып отыр. Бұл жылдары қорғаныс саласының құрылымы жан-жақты дамыған, іргесі берік ведомствоға айналып үлгергені даусыз. Қазір қазақ әскерлерінің қауқары халықаралық оқу-жаттығуларда сыннан сүрінбей өтіп жүр.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған «Ер – елінің қорғаны!» атты мерекелік салтанатты жиын «Достық» мәдениет үйінде өтті.
Салтанатты шара басталмас бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы құрметпен сахна төріне шығарылып, Мемлекеттік Гимн орындалды.
Ең алдымен салтанатты жиынның тізгінін қолына алған жүргізушілер қорғаныс саласының құрылу тарихы мен оның маңызы туралы жиналғандарға кеңінен мәлімет берді.
Алғашқы мерекелік құттықтау сөз аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді. Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің бүгінде іргелі күштік құрылымға, ел айбыны мен Отанының қорғанына айналған үлкен саланың бірі екенін айтты. Сонымен қатар, Жуалы ауданының халқы осы қасиетті топырақтан түлеп ұшқан даңқты батырларымен, ел айбынын асырған әскери генералдарымен, бірегей қайраткер, тау тұлғалы азаматтарымен мақтанатынын айта келе, жиналған қауымды Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтап, ел іргесінің бүтін, заманымыздың бейбіт болуына тілектестік білдірді.
Сонымен қатар, аудан басшысы әр салада өңірдің дамуына атсалысып, өз міндетін адал әрі жемісті атқарып жүрген бір топ еңбек озатын Жамбыл облысы әкімінің және аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғысхаттармен марапаттады.
Еңбек озаттарының және әскерилердің бір тобын аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтап, Алғысхаттар табыстады.
Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шарада мектеп оқушыларынан құралған барабаншылар тобы өнер көрсетті. Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері патриоттық әндерден шашу шашты.
Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған салтанатты жиын ары қарай Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы дайындаған концертттік бағдарламамен өз жалғасын тапты. Атап айтқанда, онда алғаш болып «Кәусар» вокальдық ансамблінің орындауында және «Ақкербез» би ансамблінің сүйемелдеуімен әйгілі «Катюша» әні орындалды. Одан бөлек, «Тараз» триосының жігіттері «Туған жер», Кененнің әні «Көкшолақты» орындап, көпшіліктің көңілін көтерсе, жезтаңдай әнші Әсел Уашева «Бұлбұл» және «Көктем вальсі» әндерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, мерекелік іс-шараның көркін дәстүрлі әншілердің домбырамен орындаған халық компазиторларының әндері және Жанна Асанқұлованың орындауындағы Сейдолла Бәйтерековтың әйгілі «Әлия» және Шәмшінің «Отырардағы той» әндері аша түскендей. Орыс компазиторларының «Журавли», «Офицеры» әндері де көпшіліктің көңілінен шыққаны анық.
Міне, сан ғасырлар бойы азаттықты аңсаған біздің халқымызды Тәңір қолдап, бабалар аманатының арқасында Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Азаттықтың және Қарулы Күштердің 30 жылдығын атап өткенімізге де көп уақыт бола қойған жоқ. Ал халқымыз тәу еткен қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, оны мәңгілік ету үшін де бізге айбынды Армия және Алаштың үнін асқақтататын ержүрек сарбаздар керек.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»