Basty bet
Кейінгі ұрпақ ұялмайтындай жұмыс істеу – басты борышымыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында ел болашағы және ұрпақ тәрбиесі туралы ой-пікірін ортаға салды.
Президент ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне айрықша тоқталды. Қоғамды жайлаған кеселдерді, яғни есірткі саудасы мен нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, агрессия мен вандализм, және ысырапшылдық туралы айтып, олармен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.
“Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. “Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде лудомания бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтірді” деді Мемлекет басшысы.
-Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады,- деген Президент жастардың болашағына алаңдаушылық білдірді.
“Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам “Адал азамат” деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.
“Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс” бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін, осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек” дейді Президент.
Иә, кейінгі ұрпағымыз ұялмайтындай жұмыс істеу – басты борышымыз. Ол үшін Президент атап өткендей, адалдық пен әділдік керек. Ол құр сөзбен емес, рухани болмыспен, ішкі мәдниетпен, бала кезден отбасында қалыптасқан үлкен жауапкершілік, жанашырлық, патриоттық сезім және адами қасиеттермен жүзеге асырылады.
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден” деген сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жойған емес.
Ал, Жүсіп Баласағұн “Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі – ұят, үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады” деген. Иә, мінез түзулігі, ұят пен әділдік – адамды да, қоғамды да бақытқа бөлейді.
Жақында ел газеті “Егемен Қазақстан” газетінен журналист Азамат Есенжолдың Оңтүстік Кореяға жоғары оқу орындарымен танысу мақсатындағы сапары туралы жазбасын оқыдым. Журналист жазбасында ғылымы мен білімі, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы дамыған елдегі халықтың ұқыптылығы мен тазалығы, тәртіпке мойынсұнғандығы, уақытты қатты бағалайтындығы, заңдарының күші, білім жүйесіндегі жаңашылдықтар мен игі істер туралы жазады.
Журналист “Корей елінің даму құпиясына негіз болған “уақыт, тәртіп, тазалық” деген ойға тірелдік” деп ой түйеді. Бізге жетпей жатқаны осы үш қағида. Уақыттың қадірін білмейміз. Уақытымызды босқа, көбірек керексіз дүниелермен өткіземіз, тәртіпке бағынғымыз келмейді, тазалыққа немқұрайдылықпен қараймыз. Отбасында да, қоғамда да осы. Отбасында тәрбиенің төмендігі, қоғамда жұмыстың сылбырлығы, сапаның төмендігі барлығы жаман әдет-қылықтардан арыла алмай жүруіміздің салдары.
Түптеп келгенде, немқұрайдылықтың зардабын тартатын өзімізден басқа ешкім емес. Сондықтан елімізде болып жатқан жағдайлардан сабақ алып, сапалы ұлт болуды мақсат еткен Мемлекет басшысының маңайына топтасып, саналы әрекет етейік!
Перизат Шымыртайқызы,
аудандық “Жаңа өмір” газетінің Бас редакторы