Basty bet

Ауыл – береке-бірліктің бастауы!

Көршімнің қалада тұратын үлкен ұлы ауылға келген сайын «Ауыл деген қандай жақсы. Ауасы таза, қаладағыдай у-шуы жоқ. Жайлауы толы мал, бауы толы жеміс-жидек, қырында егін, бақшасында баданадай көкөнісі жайқалып тұр, жанға керектің бәрін ауылдан табасың» деп тамсанып отыратын. Сол айтпақшы, ауыл қашанда берекенің бастауы болған. Болып та қала бермек. Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда азып-тозған ауыл қазір жоқтың қасы. Өйткені, Мемлекет басшыларының ауылға көңіл бұруының арқасында тәуелсіздіктің 31 жылында тәуелсіздіктің игілікті ісін көрмеген бірде-бір елді мекен қалмады. Бүгінде көп ауылдың ажары ашылып, халықтың тұрмысы түзелгенін соңғы жылдары тұрғызылып жатқан елді мекендердегі мемлекеттік мекемелер мен зәулім тұрғын үйлерге қарап та аңғару қиын емес.
Ауылды көтеру – мемлекетті көтеру ұранымен талай жұмыстар да атқарылды. Ауыл жылдарын жариялау арқылы да ауылға мемлекет тарапынан көп қаржы бөлінді. Соның арқасында білім, мәдениет, денсаулық, спорт нысандары көптеп бой көтерді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы бір терезе қағидасы аясында бір ізге келтірілді. Мұның барлығы да халықтың тұрмысын, мәдениетін, денсаулығын жақсарту үшін жасалғаны белгілі.
Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында ауыл шаруашылығы саласында да басымдық берілгені аян. Осы бағытта қабылданған «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары ауыл шаруашылығына тың серпіліс әкелсе, «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын жақсарту» қанатқақты жобасы да елдің еңсесін көтергені анық.
Елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлікі дамытуға да барынша қолдау көрсетілді. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Өңірлерді дамыту» және басқа да толып жатқан бағдарламалар мен жобалар мақсатты жүзеге асырылуының арқасында елдегі кәсіпкерлік сала жақсы дамып келеді. Елімізге инвесторлар тарту арқылы өнеркәсіп ошақтары бой көтеріп, өндіріс орындары көптеп ашылуда.
Табиғат байлығын игеруде «жасыл» экономиканың тигізген пайдасын да атап өтпей кете алмаймыз. Мәселен, Нұрлыкент ауылдық округінде орналасқан, қуаттылығы 100 мегаваттық «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС қарасты күн электр стансалары Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады. Оның аудан экономикасына қосып отырған үлесі де зор.
Сонымен қатар су көзінен қуат өндіру мақсатында ауданда екі инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтсақ, Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жоба құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Бірақ нысан құрылысының жұмыстары созылуда. Ал «Ақсай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысының инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Ол жоба қаралу үстінде.
Айта берсе, Тәуелсіздіктің жемісі көп. Қалаларда көптеп көпқабатты тұрғын үйлер салына бастаса, ауыл халқы да жаңашылдыққа бет бұрып тұрмысын түзеуге бағыт алды. Қазір қайда барсаңыз да жақсы істердің куәсі боласыз. Халықты ауыз сумен, көгілдір отынмен қамту да орайлы шешімін тауып келеді. Бүгінгі таңда аудандағы 49 елді мекеннің 31-і таза ауыз сумен қамтылған, ол 63 пайызды құрайды. Ал аудандағы 49 елді мекеннің бүгінде 44-і табиғи газбен қамтылған, ол 89,7 пайызды құрап отыр. Автомобиль жолдары да жақсарып келеді. Ауданымыздан өтіп жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль жолы тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген үлкен жоба. Бұдан бөлек, облыстық, аудандық және ауылішілік автомобиль жолдарының да жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жылсанап жақсарып келеді.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы да ауыл тұрмысының жақсаруына оң септігін тигізуде. Аталған жобаға 2019 жылы ауданымызда Ақтөбе ауылдық округі енген болса, биыл Ақсай мен Жетітөбе ауылдық округтері еніп отыр. Аталған жоба аясында бүгінге дейін пайдаланылмай жатқан ауыл сыртындағы жер телімдері мен үй іргесіндегі бақшалық жерлер игерілуде. Мал басы да артқан. Осы жоба іске асқан сәттен бастап Үкіметтен әлеуметтік көмек алып келгендердің саны қысқарып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны ұлғайған.
Ауылдың еңсесін көтерген тағы бір жоба, ол – «Ауыл – Ел бесігі» жобасы. Оның халыққа тигізген пайдасы ұшан теңіз. Бұл жоба аясында да біздің ауданда да көп жұмыс атқарылды. Атап айтсақ, ауызсу жүйелері, газдандыру, шаруа қожалықтарының егістік алқаптарына су жеткізу үшін тоғандарды тазалау, жаңа каналдар салу табысты іске асырылды.
Қарап отырсақ, Тәуелсіздіктің 31 жылында жеткен жетістігіміз аз емес сияқты. Ал жоғарыда аталған бағдарламалар мен жобалардың игілігін көріп отырған ауыл тұрғындары не дейді?
«Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 31 жыл. Осы жылдарда еліміз гүлденді, жеріміз көркейді. Еңселі елордамыз Астана қаласы бой көтеріп, әлемнің назарын игі бастамаларымен өзіне аударта алды. Ең бастысы осы жылдарда экономикамыз көтеріліп, елдің әл-аухаты арта бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында айтылғандай, халықтың тұрмысы жыл санап жақсарып келеді. Соңғы жылдарда ауыл халқының кәсіпкерлікке бет бұрғаны байқалады. Оны өзіміз тұрып жатқан Қарасаз ауылынан да көруге болады», – дейді Жуалы ауданы Қарасаз ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов.
Қарасаз – аудандағы іргелі ауылдық округтердің бірі. Мұндағы тұрғындардың айналысатын негізгі кәсібі егін және мал шаруашылығы. Сонымен бірге шағын және орта кәсіпкерлік те өзге ауылдарға қарағанда жақсы дамып келеді. Қазір округ орталығы Қарасаз ауылында мемлекет меншігіндегі мектеп, клуб сияқты мекемелерді қоспағанда 11 дүкен, үш ағаш тілу цехы, жиһаз жасайтын шеберхана, темір дәнекерлеу цехы мен құрылыс заттарын саудалайтын қойма, жанармай бекеті, бір шайхана, бір тойхана, жеке тіс емханасы, ағылшын тілін оқыту мен би үйірмесі орталықтары халыққа қызмет көрсетуде. Ет және сүт өндіру бағытындағы 2 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 90 шаруа қожалығы бірігіп, бүгінде өнімді жұмыс атқаруда. Кәсіпкер Серік Баетов ауылдың орталығында үлкен сауда орталығын ашып, халыққа қызмет көрсетіп, көптің алғысын алып отыр екен.
– Ауылдың іскер азаматы Әбен Жұмашевтың бастамасымен, оның бірге туғандары мен ауыл тұрғындарының демеу-қолдауымен жаңа үлгідегі мешіт бой көтерді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейтін» халықтың өкіліміз. Бірнеше жыл бұрын 25 орындық дәрігерлік амбулатория ашылды, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Ауыл газға, таза ауыз суға қосылды. Жолдарға асфальт жабыны төселді. Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Қарасаз ауылы кеңінен қанат жайып, жылдан-жылға көркейіп, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы да түзеліп келеді Осының бәрі Тәуелсіздіктің жемісі емей немене?! -дейді Сағындық Тоқбергенов.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Нұрбол Өтепов аудан орталығының жыл санап көркейіп келе жатқанына қуанады.
-Түрлі мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар аудан орталығының келбетін өзгертіп жіберді. Көше жолдарына асфальт жабыны төселіп, жарықтандыру мәселесі орынды шешімін табуда. Көптеген нысандар қайта қалпына келтіріліп, ел игілігіне берілуде. Мектептер мен мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізілді. Үлкен спорт кешені салынды. Өлкетану музейі ашылды. Саябақтар мен алеялар салынды. Осының барлығы да Тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістігіміз. Бұл игілікті істі ауылдың шетінде тұрып жатқан біз де сезініп отырмыз. Мәселен, өзім тұрып жатқан шеткі көшенің орны бұрын қоқыс басып жататын. Онда бір-екі үй ғана болса, қазір көше түсіп, жол салынып, жақсарып қалды. Кешке жарқырап көше жарығы жанып тұрады, – дейді ол.
Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұловты сөзге тарттық. «Бүгінде ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар көп. Тәуелсіздікке дейін, кейін де Б.Момышұлы ауыл болғалы бері асфальт көрмеген жолдарға асфальт жабыны төселді. Көшелер жарықтандырылды. Ауыз су жүйесі жаңғыртылды. Бүгінде істелген жұмыстың игілігін ауыл тұрғындары көруде» – деді ол.
Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны қанатқақты жобаның игілігін көріп отырған жылқышы Қайырғазы Әбдікерімовтің пікіріне құлақ қойсақ. Ол «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ арқылы рәсімдеген несиесіне бірнеше бас жылқы сатып алған екен.
-Тәуелсіздігіміздің ауылға жеткен бір жобасы ол «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын жақсарту» қанатқақты жобасы деп білемін. Жоба туралы естігенім болмаса, алғашқыда түсіне қоймадым. Облыстан арнайы мамандар келіп, бұл жобаның мақсатын түсіндіргенде ғана оның тиімділігін білдім. Сөйтіп құжаттарымды жинастырдым. Құжат жинастыруда ауылдық округтің әкімінен бастап бас мамандарына дейін көмек көрсетті. Қаржы қолыма тиген соң өзім ұнатқан жылқыларды сатып алдым. Қазір жылқы санын көбейтудемін. Бұл несиені қайтару шарттары біз үшін өте тиімді. Бір жылдық каникулы тағы бар. Одан соң несиемді алты ай сайын белгіленген мөлшерде өтеп отыратын болдым. Пайыздық мөлшерлемесі де төмен. Ауылды көтеруге, мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіп отырған Мемлекет басшысына, өңір атқамінерлеріне алғысым шексіз. Осы жобаның аясында бүгінде ауыл халқының, соның ішінде ауылдастарымның жағдайы әжептәуір көтеріліп, тұрмыстары түзелді, – дейді ол.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Дегенмен Тәуелсіздік игілігін көрмеген ауыл кемде-кем. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен де тоқтап қалмақ емес.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close