Basty bet

Шекара бөлімшелерін аралады

Қазақстан сарбаздарының аналары қоғамдық ұйымының Республикалық комитеті қызметінің негізгі бағыттарының бірі – Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен құрамаларына барып, ондағы мерзімдік әскери қызметшілердің күнделікті тыныс-тіршілігі, қызметтері мен тұрмыс жағдайларымен танысу болып табылады.
Жақында осындай ұйымның Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша мүшесі Шарифа Муминова ҚР ҰҚК ШҚ-ның Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты «Ақсуат», «Шөлдала», «Бесағаш» және «Жасөркен» шекара бөлімшелеріне арнайы келді. Оны Жамбыл ауданы бойынша ТижҚЖБ бастығының орынбасары, подполковник Қуаныш Мусабеков және әйелдер кеңесінің өкілдері Гүлзинат Қозыбағарова және Гүлбала Искакова қарсы алды.
Алыстан ат арытып келген қоғамдық ұйымның өкіліне бөлімшелердегі жеке құрамға жүктелген міндеттері, сарбаздардың күнделікті мемлекеттік шекараны қорғау мен күзету бойынша қызметтерін ұйымдастырудағы ерекшеліктері және басқа да шекарашылардың атқаратын қызметі турасында біраз ақпараттар айтылды. Шекарашылар мен қонақ арасындағы айтылған әңгімелер жарасымды болып, таныстыру жұмыстарының одан әрі қызықты өтуіне септігін тигізді. Ел шебіндегі шекарашы жастардың патриотизм рухында тәрбиелеу мәселелері талқыланып, бөлімшедегі әскери тәртіптің жағдайы туралы әңгімелер айтылды.
Жамбыл ауданы бойынша ТижҚЖБ бастығының орынбасары, подполковник Қ.Мусабеков шекара бөлімшелеріндегі сарбаздардың бос уақытының қалай ұйымдастырылатындығы жайлы айтты. Қисыны келсе, демалыс немесе айтулы күндері әскери қызметшілерді қала, аудан орталықтарында өтетін концерттік шараларға қатысуға, тарихи және өлкетану музейлеріне шығу сынды мәдени-көпшілік шығыстары тұрақты түрде жүзеге асырылып отырылатындығын жеткізді.
Шарифа Муминова жұмыс сапары барысында бөлімшелердің аумақтарын аралап, сарбаздардың жатын, жуынатын, тамақтанатын және психологиялық жеңілдетілу сынды сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігіне қажетті негізгі бөлмелерімен танысты.
Шара соңында сарбаздармен жеке және топ бойынша әңгімелесіп, жеке құрамнан анонимді сауалнамалар алды. Ш.Муминова елдің шекара шебінде қызмет атқарып жүрген сақшылардың өмірлерімен танысуынан жақсы әсер алғанын жеткізіп, басшылық құрамның ұйымдастыруышылық жұмыстарына жоғары бағасын берді.
Ол өзінің жұмыс сапарын қорытындылай келе: «Мен сарбаздармен кездескеніме қатты қуанып қалдым. Жігіттер өздері, қызметтері туралы әңгімелерін ашық, жасқанбай айтудан тартынбады. Кейін сарбаздармен бірге асханаға бардым. Түскі ас өте дәмді болды. Бөлімшелердегі сарбаздар үшін барлық жағдай жасалғанына көзім жетті. Басшылық құрамның жұмыстарына ешқандай шағымым жоқ. Ұландарды осындай ер азамат етіп тәрбиелеп отырғандарына шексіз алғысымды білдіремін»,- деді.

Т.Серікқалиев,
капитан

Таңдаулы материалдар

Close