Basty bet

Өз ісінің шебері

Жойылмайтын мамандықтар туралы айтқанда, ең бірінші, дәрігерлік пен ұстаздық ойға келеді. Осы тізімге тағы бір мамандықты қосуға болса, ойланбастан шаштараз мамандығын қосар едік. Себебі, шаштараз – ешқашан өзінің құндылығын жоғалтпайтын маңызды мамандықтардың бірі. Адамның бет-әлпетіне, бойына, дене бітіміне, жас ерекшелігіне қарап та шаш үлгісін жасау – үлкен өнер. Шаш үлгісінің дұрыс әрі ерекше болуы кез келген адамға сенімділік сыйлайды. Біз бұл саланың қыры мен сырын еркін меңгерген шаштараз, жеке кәсіпкер Евгения Рудомётовамен Қарасаз ауылына барғанда танысып, сұхбаттасқан едік.

Бүгінде Қарасаз ауылында кәсібін нәсібіне айналдырып отырған кәсіпкер әйелдердің қатары бірте-бірте артып келеді. Қай салада болсын өз кәсібіңді жетік білгенге не жетсін. Сонда ғана еңбегің жанып, еңсең тік жүреді. Міне, сұлулық салонының маманы Евгения Рудомётова осындай өз ісінің шебері атанған жан. Содан да болар, оның қызметіне жүгінушілер көп. Ал әдемілікті сүйетін талғампаз жандардың көңілінен шығудың өзі үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті талап етері сөзсіз.
Мұнда шаштарын қидырып, әдемілеп, сәндену үшін алдын ала жазылып, кезекке тұратын адамдардың арасында алтын уақытын қиып, ауылдың екінші шетінен, тіпті аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан арнайы келетіндердің бар екенін естігенде, шаштараздың шеберлігіне тәнті боласың. Ол тек қыз-келіншектердің шашын қиып, сәндеп қана қоймай, ер азаматтардың да, тіпті кішкентай балалардың да шашын ала береді. Бір сөзбен айтқанда, Евгения әмбебап шаштараз.
– Бір іске ықылас қойсам, соның қыр-сырына қаныққанша тынбайтынымның арқасында шаш алуды жетік меңгеріп алдым деуіме болады. Өзім Қарасаз ауылының тумасымын. №6 А.Пушкин атындағы орта мектепті бітірдім. Мектепті тамамдаған соң Тараз қаласындағы «Аспара» модельдік өнер және бизнес колледжінде «Шаштараз өнері» мамандығында білім алдым,- дейді Е.Александровна.
Қарап тұрсаңыз, шаштараз атақты мамандықтардың қатарынан болмаса да кең таралған кәсіптің бір түрі екені даусыз. Бұл ойымызды шаштараз Евгения да жоққа шығармайды. Алайда, кейіпкеріміз шаштараздың міндеті тек шаш алу ғана емес, басты мақсаты тұтынушылардың көңілінен шығу екенін айтады.
Ол өз кәсібін ашпастан бұрын, Тараз қаласындағы салондардың бірінде бір жылдай жұмыс істеген. Кейіннен 2014 жылы өз қаражатына жеке кәсіп ретінде шаштаразды ашыпты. Іші ұядай жинақы. Жанға жылу береді. Ауыл адамдарына қызмет ететін жалғыз шаштараз екен.
«Әрине, қай кәсіптің болсын, өз қиындығы бар. Шаш алуға да адамның икемі әрі ебі болуы керек. Қазіргі таңда халықтың талғамы мен талабы жоғары. Бұрынғыдай қалай болса солай шашын алдыра салмайды. Бүгінгі таңда қыз-келіншектермен қатар, ер азаматтардың да шашқа деген күтімінің жоғары екендігін байқаймыз.
Бұл кәсіптің де қырлары мен сырлары көп. Бәрі тәжірибемен келеді. Бастысы шебер өзінің білімін күн сайын жетілдіріп отыруы қажет. Шаш сәндеуге келген әйелдермен жұмыс барысында әңгіме-дүкен құрып, сан алуан тақырыптарда әңгімелесеміз. Тұрақты клиенттерім туысымдай болып кетті. Күніне 8-10 клиент қабылдаймын, ал демалыс күндері одан да көп. Одан бөлек, Тараз және Алматы қалаларына барып, арнайы біліктілікті арттыру курстарын оқып келемін» деді шаштаразшы маман.
Ол алдағы уақытта үздік оқытушылардан білім алып, осы саладағы біліктілігін жетілдіруді мақсат еткен. Евгенияның болашаққа құрған жүйелі жоспарлары аз емес. Отағасы Георгий жұбайының бастамасына қолдау білдіріп келеді. Бүгінде бақытты отбасы бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Кәсіпкерлікке мықтап бет бұрған кейіпкеріміз болашақта өз ісін кеңейтіп, тағы да қызмет түрлерін қоссам дейді.

Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close