Basty bet

Өңірдің дамуы өрге бассын десек

бөлім басшылары мен ауылдық округтің әкімдері негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстауы қажет!

Өңірлерді дамыту, сол арқылы ел экономикасын көтеріп, кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін арттыру – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі екені белгілі. Өңірлер өркендесе, елдің әлеуеті артып, халықтың жағдайы да жақсара түспек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында да жан-жақты айтылды.
«Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды. Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.
Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс» деп атап өтті Президент. Президент Жолдауында елдің өнеркәсіп әлеуетін толыққанды пайдалану үшін нақты шаралар қабылдау керектігі туралы да сөз болғанын жақсы білеміз.
Өңірлерді дамыту арқылы экономикалық әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар Жуалы ауданында да атқарылу үстінде. Әсіресе, қасиетті өңірде ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті жоғары деп айтуға болады. Кейінгі жылдары кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласында да айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді.
Апта басында аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтіп, онда бірінші мәселе – ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 2025 жылдың 5 айымен орындалуы және 6 аймен орындалу болжамы туралы мәселе, екінші мәселе – аудан аумағындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қалыптастыру шаралары туралы, басылымға жазылу науқанының өткізілу барысы және алдағы кәсіби мерекелердің атап өтілуі туралы маңызды мәселелер қаралды. Кеңеске аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, мекеме басшылары және ауылдық округтің әкімдері шақырылды.
Аппараттық кеңестің күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе – ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 2025 жылдың 5 айымен орындалу және 6 аймен орындалу болжамы туралы аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Тұрмағамбетова баяндама жасады.
-Құрметті аппараттық кеңеске қатысушылар!
Ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы орындалуы туралы мәселені қозғағанда, негізінен ауданның дамуына қатысты қалыптасып отырған төмендегі маңызды ақпараттардан хабар еткім келеді.
Ауданның жалпы өңірлік өнімі 2025 жылдың 5 айында 19 234 млн теңгені құрап, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, (18770,7 млн.теңге) көрсеткіш 2,4%-ға өсіп отыр. Қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп көлемі болжаммен 6100,0 млн теңге көлемінде немесе – 102,0%-ға орындалуы күтілуде.
2025 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы өнеркәсіп құрылымында да едәуір ілгерілеу байқалады. Одан бөлек, ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі қаңтар-мамыр айларында 101,5%-ға немесе 7754,9 млн.теңге көлемінде орындалды, оның ішінде: мал шаруашылығына 101,5% немесе 7685,0 млн теңге болса, Ал өсімдік шаруашалығына 69,9 млн теңге немесе 100,0% құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция қаңтар-мамыр айларында 2629,6 млн теңгені құрап 110,1%-ға орындалып отыр. Жалпы сауда айналымы – 4491,7 млн теңге, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, (4094,7 млн.теңге) 9%-ға артып отыр. Оның ішінде: бөлшек сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар-мамыр айларында – 2 161,6 млн теңгеге немесе 108,7%-ға орындалса, көтерме сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар-мамыр айларында – 2 330,1 млн теңгеге немесе 97,7,%-ға орындалып отыр. Себебі, «Япоша» ЖШС статистикалық есебін кеш тапсыруына байланысты 2,3,%-ға орындалмай тұр. Келесі айда межесі 105,0%-ға орындалу күтілуде.
Құрылыс көлемі қаңтар-мамыр айларында 887,4 млн теңгеге орындалып, нақты көлем индексі – 90,4%-ды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі қаңтар-мамыр айларында – 760,1 шаршы метрді құрап, 102,9%-ға орындалды,- деп атап өтті жауапты бөлімнің басшысы Қ.Тұрмағамбетова.
Кеңес жұмысына төрағалық еткен аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 5 айдағы орындалуына байланысты баяндаған тиісті бөлімнің басшысынан жағдайды толық сұрап біліп, жауапты салаларға жетекшілік ететін бөлімнің басшыларына ауданның өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштерді көтеру, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін арттыру, негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемін арттыру, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты бағытталған негізгі индикаторлардың орындалу көрсеткішін көтеру, сонымен қатар, құрылыс көлемін арттыруды қатаң тапсырды. Бұл көрсеткіштердің орындалуы әлбетте ауылдық округтің әкімдеріне де қатысты мәселе.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудан аумағындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қалыптастыру шаралары туралы, басылымға жазылу науқанының өткізілу барысы және алдағы кәсіби мерекелердің атап өтілуі туралы аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова баяндады. Айта кету керек, 23 маусымда – Мемлекеттік қызметші күні және Полиция күні, ал 28 мамырда – Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні кәсіби мерекелері атап өтілмек.
Ал басылымға жазылу науқанының барысы туралы баяндаған А.Ахметова өз сөзінде, жазылым жұмыстары қарқынды жүріп жатқан жекелеген ауылдық округтер мен мекемелерді, ал жазылым науқанына салғырт қарап, бөлініске сәйкес, екі ай бұрын берілген жоспарды орындауға құлықсыздық танытып отырған мекемелерді де жеке-жеке атап өтті.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза басылымдарға жазылым науқанына байланысты аудандық әкімдіктің мүшелеріне кенжелеп қалған жұмысты тездетіп ұйымдастырып, белгіленген жоспарды уақтылы әрі сапалы орындауды, бұл жұмыстың қорытындысы келесі аптада қайта қаралатыны туралы ескертті.
Кеңесте сонымен қатар, өңірдегі вегетациялық кезеңнің (суғару маусымы) өту барысы, оның ішінде, шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету, шөп орағы мен мал азығын дайындау науқандарының барысы қаралды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close