Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қазақстандық ақын-жазушылардың шығармаларын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында «15 мерейлі тұлға: Үлкен әдеби марафон» оқырмандардың таным деңгейі мен жас ерекшелігіне лайықталып жасалған.
Марафонның мақсаты – оқырманға ақын-жазушылардың шығармаларын таныстыру, кітап арқылы туған жерге деген елжандылық сезімін ояту. Жастардың көркем әдебиет пен поэзияға қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетке қызығушылығы бар адамдарды біріктіріп, жастардың бос уақытын ұтымды пайдалануға жол ашу. Сонымен қатар, ауыл мектептерімен бірлесе отырып кештер, саяхаттар, сағаттар және т.б. іс-шаралар өткізіп, кітапхана жұмысында жаңашылдыққа көңіл бөлу.
Осы ретте аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен аталған марафонның ашылу салтанаты өтті.
«Әлем таныған – Әуезов» деп аталатын әдеби алаң байқауы жазушы Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналды.
Әдеби алаңға ауылдық округтер мен ауылдық кітапхананың қызметкерлері және кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Әдеби шараны аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әрі қарай сахна төріне байқауға қатысушы оқушылар шақырылып, экран арқылы жазушының шындық пен сыншы туралы айтқан жанды дауысы қойылды.
Шарада №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 9 «ә» сынып оқушылары Асылхан Сырғабай, Дастан Толыбай, Сезім Қамбарбек, Даниял Сайлаубай, Ұлпан Ділдә жазушының өмірбаянын айтып, арнау өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ, LED экран арқылы оқушылардың дайындаған жазушының өмірі туралы слайды қоса көрсетіліп отырды.
«Мыңбұлақ» халық театрының режиссеры Ербол Бекжанов Мұхтар Әуезовтың «Абай» пьесасынан үзінді көрсетті. Сонымен бірге, №13 Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушылары Аружан Әзімбайқызы, Айша Өмірбай ақын Мұхтар Шахановтың «Мені неге Мұхтар қойған?» атты өлеңін жатқа оқыды.
Сондай-ақ, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 9 «ә» сынып оқушылары Айғаным Жақсылық, Ерасыл Майлыбай, Маржан Зархат «Мұхтар аға», «Мұхтар Әуезовке», «Дана Мұхтардың ұрпағы» тақырыбындағы қазақтың атақты ақындарының Мұхтар Әуезовке арнау өлеңдерін жатқа айтты. Содан соң, М.Әуезовтің өмірдерегі туралы деректі фильм көрсетілді.
Жиын барысында кітапхананың Білім орталығының қызметкері Шарифат Қаниева «Абай жолы» кітап инсталяциясына шолу жасаса, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 9 «ә» сынып оқушылары Аяулым Халықтай, Ұлпан Ділдә «Дәуірдің дара тұлғасы» аталатын М.Әуезовтің кітаптарын және абонемент бөлімінің кітапханашысы Назгүл Серкебаева жазушы туралы деректер жазылған журналдармен таныстырды.
Байқау соңында қазылар алқасы қатысушыларға азды-кем сын-ескертпелерін айтып, ауылдық кітапханашылар алдағы уақытта ескеретін жайттарға тоқталды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық оқушыларға Алғысхаттар тапсырылды.
Айта кету керек, жыл соңында бекітілген жоспар бойынша өткізілген жұмыстар мен зерттеу жұмыстарының материалдары жинақталады. Олар – сценарий, шара фотосы, есебі, слайд, бейнеролик, библиографиялық көрсеткіш, әдістемелік құрал.
Сонымен қатар, «Ең үздік көрме инсталляциясы», «Үздік іс-шара, сценарий», «Үздік әдістемелік құрал», «Үздік библиографиялық көрсеткіш», «Үздік бейнеролик» шығармашылық байқауы жарияланып, марапатталатын болады.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»