Basty bet

Ердің еңсесін еңбек көтереді

«Еңбек – ер атандырады»,- дейді дана халқымыз. Елдің болашағы еңбек салтына тікелей байланысты мәселе екенін терең ескерсек, еңбек адамының қоғамда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаятыны даусыз дүние. Сондықтан осынау құндылықтарды бағалау, қоғамдағы еңбекқор азаматтардың беделін көтеру мәселелері елдік деңгейде жүзеге асырылуы қажет деп білеміз. Еңбеккерге құрмет көрсету – еңбек салтын дәріптеумен қатар, оларды өнімді еңбек етуге ынталандыру болып табылады.

«Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, менің ойымша, таза жұмыс істейтін адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептеймін. Ол – диқан бола ма, ол – малшы бола ма, ол – жазушы бола ма, ол – өнер адамы бола ма, актер бола ма, бәрібір. Ол маңдай терін салып жұмыс істеуі керек. Шығармашылық дарынды, талантты болуы керек. Өкінішке қарай, бізде еңбек адамдарын осы жағынан бағалау жетіспейді. Бізде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық болады, соның жағдайы жақсы. Ал турасын айтсақ, еңбек адамы деген тек қана диқанды, шопанды ғана білдірмейді. Еңбек адамы деген кез келген салада болу керек» дегенді алға тартады жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев.
Әр салада аянбай әрі өнімді, жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар біздің ауданымызда да көптеп кездеседі. Соның бірі – ардагер механизатор Талғат Олжабаев. Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылында шаруа отбасында туып-өскен біздің кейіпкеріміз «ес біліп, етек жапқалы» еңбек майданында шыңдалып келе жатқан азамат. Бүгінде алпыс жастың асқарына иек артқан азаматтың еңбек жолы кейінгілерге үлгі-өнеге, оның жас ұрпаққа айтары да көп. Соның бірі ретінде оның үнемі адалдық пен адал еңбекті дәріптеп жүретінін, қай іске болсын, білек сыбанып кірісіп кететін қазақ жігітіне тән елгезектік қасиетін бөліп-жарып айтуға болатындай.
Еңбек адамы, ардагер механизатор Талғат Олжабаевтың еңбеккерлердің отбасында туғанын жоғарыдай айтқанымыздай, бұл әулеттің отағасы Нұрмахан Олжабайұлы бұл фәнидегі 45 жылдық ғұмырының соңына дейін теміржолда жұмыс істеген. Тағдырдың жазуымен, дүниеден ерте озыпты. Ал кейіннен үйелмелі-сүйелмелі алты баланы «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» тәрбиелеп өсіріп, жеткізген отанасы Базаркүл Олжабаеваның жастық жылдары колхоз шаруасында өтті. Бұрынғы Ленин колхозында әртүрлі жұмыстар атқарып, зейнетке шықты. Кейіннен ұжымнан өз балаларына тиесілі ауыл шаруашылығы жерлерін бөліп алып, өз алдарына шаруашылық құрып, бүгінде ағайынды Олжабаевтардың «Асылхан» және «Олжабай» шаруа қожалықтары аграрлық саланың дамуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау ісінде алдыңғы қатарда жұмыс істеп келеді.
Ал ағайынды азаматтардың шаруашылық ісін жүргізуге атсалысып, шаруа қожалық құрылған күннен бастап, осында механизатор, механик болып жұмыс істеп келе жатқан Олжабаевтар әулетінің үлкен ұлы Талғат Олжабаевтың салаға сіңірген еңбегі көп деп айтуға болады.
Еңбек жолын осыдан 40 жыл бұрын «Ленин» колхозында комбайншының көмекшісі болып бастаған еңбек адамының өмір жолы да әлі күнге дейін адал еңбекпен өріліп келеді. Әлі де оның салаға берері мол, жас мамандарға үйретері де көп. Талғат Олжабаев бұрынғы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы орта мектепті бітірген соң, өзінің қабілетіне қарай бірден техникалық мамандықты таңдап, «Шақпақ» техникалық-кәсіптік училищесін 1982 жылы бітіріп, одан механизатор («Механизатор широкого профиля») мамандығын алып шығады. Алғашқыда «Ленин» және «Большевик» колхоздарында, сонымен қатар, аудан орталығындағы «Казсельхозтехника» мекемесінде де іс тәжірибеден өткен жас маман алғашқыда «ДТ-75» шынжыр табанды тракторының рөліне отырып, колхоз жұмысына араласып кете барады. Екі жылдан кейін Кеңес әскерлерінің қатарына шақырылып, Отан алдындағы әскери борышын Хабаров өлкесінде өтейді. Иә, екі жыл әскер қатарында болғаны да кейіпкеріміз үшін үлкен өмір мектебі болды деуге болады. Онда да техника жағынан хабары болғандықтан, механик-жүргізуші, взвод командирінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, ауылға қайта оралады.
Әскерден ауылға келгеннен кейін «Ленин» колхозының төрағасы, ауыл шаруашылығының іскер ұйымдастырушысы болған Затыбек Елшібаев екі жыл колхозда, одан кейінгі екі жылда әскер қатарында болып, әбден ысылған маманды бірден механизатор етіп жұмысқа қабылдайды. Жас маманға материалдық жәрдем ретінде алғашқы көтерме ақыны да қолына ұстатады. Сондағы 2 200 рубль ол кезеңде үлкен сомадағы қаражат болатын. Талғат Олжабаев 1986 жылдан колхоз тарағанша, сонда алдыңғы қатарлы, озат механизатор, комбайншы, кейіннен екі-үш жылдай ауыл шаруашылығы техникаларының паркінде бригадир болып жұмыс істеді.
-Техникаға бала кезімнен қызыққан болуым керек. Бала кезімдегі мұндай ерекшеліктерді марқұм анам айтып отыратын. Темірге қызыққаным соншалық, темір-терсекті тауып алсам, оны міндетті түрде үйге алып келеді екенмін. Содан техникаға әуестігім басым болды. Әкем де осыны байқаса керек, мектеп бітіргеннен кейін менің техникалық мамандық алуымды қалады. Алғашқы еңбек жолымды «Ленин» колхозында бастап, «ДТ-75» шынжыр табанды тракторының рөліне отырдым. Ол қайбір жаңа көлік дейсің. Айдап шыққаннан-ақ, ана жері бір, мына тұсы бір бұзылады. Оны өз қолымызбен жөндеп алып, ары қарай жұмысымызға кірісеміз. Сөйтіп жүріп азды-көпті тәжірибе жинадық, үйрендік. Оқыған бір бөлек, ал тәжірибе жүзінде жұмыс істеу бір бөлек дүние. Екеуін тең үйлестіре білгенде ғана, сенен жақсы маман шығады. Біз де солай қалыптастық. Өзіміз техниканың тілін үйрене жүріп, басқаларға да үйреткен кездеріміз көп болды.
Техника өте күрделі нәрсе. Оны игеру, тілін білу, бұзылған бөлшектерін жөндеу немесе ауыстыру да – өте күрделі процесс деуге болады. Өте кішкентай бөлшектердің ақауын анықтап, оны басқасына айырбастау, тіпті, токарь станогында да қажетті бөлшектерді жонып, келтіру жұмыстары да үлкен тәжірибе мен шеберлікпен қатар, едәуір уақытты да қажет етеді. Кішкентай ғана қателіктің өзінен техника жүрмей қалуы мүмкін. Мысалы, мініс атты да күнделікті міну үшін оған жем-шөп беріп қарамасаң, ол да өздігінен жүрмейді емес пе?! Техника да сондай, оған күнделікті күтім қажет. Әрбір детальдың атқаратын қызметін біліп, оны жуып, майлап отыру қажет.
Бұл үшін маманға өзінің кәсібіне, жұмысына деген қызығушылықпен қатар жауапкершілік, шыдам мен сабыр аса қажет. Әйтпесе, қай салада болсын, жұмыс істеу мүмкін де, оңай да емес. Өзімді мысал ретінде алатын болсам, механизатор ретінде көптеген қиын жағдайларды басымыздан өткердік. Қиыншылығымен қатар оның қызығын да көріп келеміз. Әйтсе де, «бұл жұмысты атқару қиын, ауыр екен» деген сылтаумен қолды бір сілтеп тастап кетуге әсте болмайды. Қай салада жұмыс істесең де, соның «ыстығы мен суығына» шыдап бағуың қажет. Сонда ғана белгілі бір нәтижеге жетіп, кәсіби маман ретінде қалыптасуға болады,- дейді ардагер механизатор Талғат Олжабаев.
Иә, бұрынғы кеңестік кезеңде еңбек адамдарына деген құрметтің ерекше болғаны белгілі. Ол мейлі, малшы, диқан бола ма, механизатор немесе сауыншы бола ма, оларға қоғам құрметінің ерекше болғаны соншалық, әрбір жиында сөзді еңбек адамдары сөйлеп, олар төрге де құрметпен отырушы еді. Бұл үрдіс әлі де бар. Бірақ өз деңгейінде емес.
Еңбек адамы Талғат Олжабаевтың бір әулеттің үлкен ұлы екенін айтқанымыздай, өзінен кейінгі інілерімен бірлесіп құрған шаруашылықтың бас механигі де, бас инженері де осы – Талғат аға. Техниканың тілін меңгеріп, жасы алпысқа жақындаса да, оның «құлағында ойнап» келе жатқан ардагер механизатордың шаруашылық ісін жүргізуге сіңірген еңбегі орасан. Інілеріне де әлі күнге осы техниканың қыр-сырын үйретумен келеді. Кенже інісі Нұрматтан басқалары техникаға өте жақын. Ауыл шаруашылығы саласының негізгі бір саласы егін шаруашылығында жұмыс өте көп. Мысалы, сүдігер көтеру, жер жырту, егін егу, оған тиісті күтім жасау, көктемгі және күзгі дала жұмыстарының барлығын ағайынды азаматтардың бірлесіп атқаратынын басқаларға үлгі ретінде айтуымызға болады. Әйтпесе, кейбір жігіттердің арасынан сәл-пәл дәулет бітсе болды, қалтасын қолына салып, шіреніп шығатындарын да көріп жүрміз. Ал ағайынды Олжабаевтар шаруашылық жұмыстарының денін өздері атқарады. Бұзылған техникаларын да көбінде өздері жөндейді.
Әулеттің ұлдарынан тараған немерелердің алды қазірден бастап техника рөліне отыра бастады. Мысалы, шаруашылық басшысы Әсет Олжабаевтың үлкен ұлы Асылханның мамандығы агроном болғанымен, ол негізгі жұмысымен қатар, қазір ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндеп жүр. Кейінгі ұлы Ералханмен немере інісі Ұлан да жас болғанына қарамастан техника десе, «ішкен асын жерге қоюға» дайын тұрады. Олар қазірдің өзінде шөп шабу маусымында шөптайлағышты өзі жүргізе береді. Міне, мұның бәрі немерелеріне Нұрмахан мен Талғат аталарынан ұрпағына жұғысты болған жақсы қасиеттер деп білеміз. Қорыта келгенде, Олжабаевтар әулетінде техника тілін меңгеріп, мал бағатын еңбекқор азаматтар көп. Мұның бәрі, үлкендердің берген өнегесі мен тәрбиесінің жемісі екені анық.
Ардагер механизатор Талғат Олжабаев өз сөзінде, қазіргі жастардың өте қабілетті әрі әлеуетті екенін айтады. Сонымен қатар, оларды еңбекке баулу ісінде тәрбиелік, өнегелік жұмыстарды жүйелеп, еңбекке талпындыруға ұмтылдыру туралы да өз ойын былай жеткізген еді.
-Бұрындары біздің әкелеріміз: «Сендер бізден мықтысыңдар, алда үлкен жетістіктерге жетесіңдер. Сол үшін оқып, білім алып, адал еңбек етіңдер» деп отырушы еді жарықтықтар. Сөйтсек, олар көп нәрсені біледі екен ғой. Мысалы, өз әкеміз 50 жасқа жетпей дүниеден озып кетті. Бірақ көзі тірісінде біраз тірлік бітірді деп айта аламын. Ұлдарына берген тәрбие-өнегесінің өзі әлі күнге бізге азық. Қазір кейде қоғам болып жастарды кінәлап жатамыз. Жастарда кемшіліктер көп. Бірақ, олардың біздің болашағымыз, ертеңіміз, ұрпағымызды ары қарай жалғастырушы екенін ұмыстпауымыз керек емес пе?! Жастарды қабілетіне қарай таңдай отырып, жастайынан сол салаға бейімдеу – біздің міндетіміз. Бәрі төменнен, кішкентайдан басталады. Алғашқы баспалдақ, алғашқы қадам дұрыс болса, жастар өмірде таңдаған жолынан адаспайды. Біз жастардың кемшіліктерін бетіне басып, мін таға бермей, оларға ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетуіміз қажет. Сонда ғана қоғамымыздың ертеңгі келбеті бүгінгіден де жақсы болады деп ойлаймын,- дейді Талғат Нұрмаханұлы.
Еңбек адамы Т.Олжабаев отбасында асыл жары Назгүл апаймен бірге Жадыра, Жазира, Ерсұлтан, Әлихан есімді ұл-қыздарды тәрбиеледі. Қазір олардан барлығы 14 немере сүйіп отыр. Қазір әкесінің жолын үлкен ұлы Ерсұлтан лайықты жалғастырып келеді. Ол шаруашылық ісімен қатар, өз отбасында келіншегі Арай екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеуде. Кенже ұл Әлихан Алматы қаласында Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында актер-режиссер мамандығының екінші курсында оқуын жалғастырып жатыр.
Біз әңгіме етіп отырған еңбек адамы Талғат Олжабаев жұмыстан қолы қалт еткен кездері бір сәт рухани байлығын толтыру үшін тарихи кітаптарды, қазақ және шетел әдебиетінің көркем шығармаларымен қатар, шежіреге де зейін қойғанды әдетке айналдырған. «Дарақ бір жерде көгереді» деген бабалар тәмсілін өмірлік қағида етіп ұстанған біздің кейіпкеріміз жас мамандарды бір істің нәтижесіне жету үшін еңбектенуге үндейтінін жеткізді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close