Basty bet
Ауыл тұрғындары ынтымақ-бірлікпен еңбек етулері қажет
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде өтіп жатқан әкімдердің жергілікті тұрғындармен кездесулері өңірде көптеген мәселелердің дер кезінде көтеріліп, оның шешілуіне оң әсерін тигізіп отырғаны анық. Бұл біріншіден жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тұрғындарға жақын болып, олармен жиі-жиі кездесуіне әсері болса, екіншіден жергілікті жерлерде туындаған кейбір мәселелермен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Осы орайда алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза өңірге қарасты Қарасаз және Шақпақ ауылдық округтеріне барып, тұрғындармен кездесу өткізді.
Өңір басшысы Жалғас Әлижанұлы және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев ең алдымен Қарасаздың тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде аудан басшысы ең алдымен өңірдегі жалпы ахуалға тоқталды.
-Өздеріңіз жақсы білетіндей, дәл қазір ауданда мал азығына шөп және егін жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жауапты науқан бел ортасынан асып қалды. Түсім жылдағыдай емес. Соған сәйкес алқаптан жиналатын өнімнің де көлемі жылдағыдан сәл аздау болады деген болжам бар. Дегенмен, қолдағы бар дүниені төкпей- шашпай, ысырапсыз жинап алуымыз қажет.
Биыл күн ыстық, өңірде қуаңшылық байқалып отыр. Облысқа қарасты Қордай, Меркі және Байзақ аудандарында Қырғыз Республикасынан келетін ағын судан проблема туындап отырғанын да жақсы білесіздер. Қуанышымызға орай, біздің ауданның аумағынан салынған «Көксай» каналы жергілікті шаруалардың қажетіне жарап тұр. Дегенмен, «Көксайдан» келетін ағын судың көлемі де жылдан жалға азайып барады. Суды үнемдеуге көшу қажет.
Сіздерді хабардар ететін болсам, биыл Қарасаз ауылдық округінде «Ауыл аманаты» бағдарламасымен пилоттық жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Бұл – ауыл тұрғындарына беріліп отырған зор мүмкіндік. Мұны тиімді пайдалану қажет. Пилоттық жоба төрт бағытта жүзеге асырылмақ. Оның ең біріншісі – үй іргесіндегі жерді игеру, яғни оны тиімді пайдалану. Екіншісі ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеру. Нақты айтқанда, егістік жерлерді қарқынды игеріп, мал азығын молынан өндіру мәселесіне көңіл бөлу қажет. Жобаның тағы да басқа маңызды бағыттары бар.
Осы тұста тағы бір айта кететін мәселе бар. Пилоттық жобаның талабына сәйкес, сатып алынатын мал сырттан әкелінуі қажет. Әйтпесе, округте малдың басы өспейді. Оның құжаттарын дұрыс рәсімдеу, төрт түлікті асылдандыру мәселесіне де баса назар аударуларыңыз қажет. «Ауыл аманаты» – пайдасы мол өте тиімді жоба. Несиеге қол жеткізгеннен кейін оны тиімді және мақсатты жұмсауларыңызды сұранамын. Барлық дүниенің сұрауы бар. Осыны қатаң ескерулеріңіз қажет,- деді Жалғас Мұртаза.
Осылай деген аудан басшысы ауылдық округтің орталығы Қарасаз ауылында заманауи спорт кешенін салу бағытында жобалық-сметалық құжаттың жасалғанын, бұл жобаның келер жылы жүзеге асырылатын жеткізді.
Қосымша айта кететін болсақ, биыл Қарасаз ауылында барлығы үш көше бес бұрылысымен бірге орта жөндеуден өткізілді. Ендігі кезекте (келер жылдары) ауылдың орталығындағы Бірлік көшесін жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылмақшы. Тиісінше, көшелер де жарықтандырылмақ.
Кездесуде сөз алған ауыл қариялары – Есімхан Сеңгірбаев, Сағындық Тоқбергенов, Нұртаза Омаров және Айгүл Омарова, сонымен қатар ауылдық округтің тұрғындары ой-пікірлерімен қоса нақты ұсыныстарын да жеткізді. Олар жөнделген көшелерге жасанды кедір-бұдыр орнату, ауылдағы қылмыстық ахуалды тұрақтандыру, қылмысты болдырмау, округте үлгілі аулалар мен үлгілі мекемелерді көбейту, мұрап сайлау, ауылдың күнделікті өміріне қажетті басқа да ұсыныстарды және атқарылатын жұмыстарды жүйелеудің қажеттілігін айтты.
-Ауылды, ауланы көркейту үшін аса көп қаржының қажеті жоқ. Үлгілі аулалардың санын көбейту туралы бастамаларыңыз өте құптарлық. Ұсынысты қолдау, оны жүзеге асыру мәселесі – ең біріншіден өздеріңізге байланысты. Бұл ретте ауыл тұрғындарының арасында ұйымдастыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі қажет,- деді аудан басшысы Ж.Мұртаза.
***
Аудан басшысының Шақпақ ауылдық округінің тұрғындарымен болған кездесуінде де бірқатар маңызды мәселелер айтылып, талқыланды. Атап айтқанда, келер жылы ауылдық округтің орталығы Шақпақата ауылындағы мәдениет үйі қайта жаңғыртудан өткізілмек. Бұл жобаның тиісті құжаттамасы жасалып, сараптамадан өткізілген. Құрылыс келер жылы басталмақшы.
Одан бөлек, биыл округке екі көшені жөндеуге қаражат бөлінген. Келер жылы да жол жөндеуге қаражат қарастырылмақ. Сондай-ақ келер жылы Т.Дүйсебайұлы ауылындағы Амангелді атындағы орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуден өткізіледі деп күтілуде. Амансай ауылына модульді кешенді блок қою арқылы ауыз су құбыры тартылмақшы. Округте тұрғындардың игілігі үшін тағы да басқа ірілі-ұсақты жұмыстар атқарылу үстінде.
Кездесуде сөз алған ауыл қариялары – Пернебек Бердімбетов, Мамыр Тіленшиев және Оралхан Батырқұлов тағы басқа азаматтар тұрғындар арасында ынтымақ пен ауызбіршілікті нығайту туралы, сонымен қатар, ауылдың негізгі күнкөрісі болып отырған мал жайылымы, мал ауруларының, оның ішінде, ірі қара малдан көптеп шығып жатқан сары аурудың (сары безгек) алдын алу, малшылардың жауапкершілігі, т.б. мәселелерді сөз етті.
Жалпы өңірде мал ауруларының алдын алу мәселесіне байланысты ауылдық округтің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Оңлы Қабылқұлов мәлімет берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда ауылдық округте жеті мың бастан астам ірі қара тіркелсе, осыншама басқа бөлінетін вакцинаның саны төрт мың дананың төңірегінде ғана. Вакцина жетпейді. Онымен қоса маман тапшылығы да сала жұмысын ілгерілетуге қолбайлау болуда дегенді айтады ветпункт меңгерушісі.
Ветеринар маманның уәжін тыңдаған аудан басшысы Жалғас Мұртаза малға екпенің уақтылы егілуін қамтамасыз ету, мамандардың өз жұмысын тыңғылықты орындауға күш салу қажеттігін және жұмысты неғұрлым жандандыру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар аудан басшысы жиналғандарға жол жөндеудің және мемлекетік сатып алу жұмыстары туралы да жан-жақты ақпарат берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»