Basty bet

Менингит ауруы туралы не білеміз?

Менингит немесе миқұрт – ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуы, бұл халық арасында көп таралған дерттің бірі, өте қатерлі ми ауруы, мұнымен көбінесе балалар ауырады.
Қоздырғышы граммтеріс кофе дәні тәрізді диплококк. Химиялық, физикалық факторларға сезімтал, бөлме температурасында бірнеше сағатта, ал хлорамин ерітіндісі әсерінен 2-3 минут ішінде жойылады. Осылайша кеңсірікке түскен менингококк жұлынға, қан айналым жүйесіне еніп кетеді. Осы ауруға шалдыққан адам менингитті таратудың бірден-бір көзі болып табылады. Орталық жүйке жүйесінің жұқпалы ауруларының ішіндегі аса қауіптісі осы менингит.
Тұрғындардың тығыз орналасуы, тазалық сақтамау, тұмау және басқа да кеселдер, ауруды тарататын ошақтың болуы сияқты факторлар осы аурудың тууына себепші.
Ауру жұқтырғаннан кейін 2-10 күн аралығында инкубациялық кезең басталады. Менингиттің тұрақты және негізгі белгісі бас ауырады, лоқсып құсады, аузы құрғайды, дене қызуы көтеріледі, өңі бозарып, даусы қарлығады, ауру денесінде қызғылт түсті бөртпе пайда болады. Егер бөртпе бір күн ішінде қайта жойылса микробтар қанға түсті деген сөз.
Қан айналымы арқылы ортақ ми жүйесіне жетіп, мидің қабынуы басталғанда менингиттің белгілері айқын көрінеді. Іріңді менингитте дене қызуы 40 градустан жоғары болады. Желке тұсындағы бұлшық еттері құрысып, науқас басын шалқайта береді. Мойынның қозғалуы қиындайды, шатасып сөйлей бастайды, есінен танады. Ішкен тамағын құсады, тамыр соғысы жиілейді, төсекте тізесін бүгіп бүрісіп жатады.
Жүрек соғысы жиілеп, дене қызуы көтеріліп, тамыр соғысы бұзылады, тыныс алуы нашарлап, науқас жарыққа қара алмайды. Қатты дыбыстан қорқады. Жалпы менингиттің қозатын айлары күз-қыс мезгілдері. Жұқпа ағзаға мұрын-кеңірдектің кілегей қабаты арқылы енеді, менингит бактериясы жөтелу кезінде де ауа арқылы жүғады.Мұрынға, жоғарғы тыныс жолдарына түскен және бактерия жұлынға жетіп, қан айналымына еніп, қоздырғыштарды күшейтеді.
Менингит – адам көп шоғырланатын жерде еркін дамып, ауаға тарайды. Ол ауамен тыныстаған адамның міндетті түрде қоздырғыш бактерияны жұқтырып ауру ошағы болады. Сондықтан гигиеналық талап орындалмаған жерде аталған ауру қоздырғышын жұқтырып алу да қиын емес. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары, монша, жүзу бассейндері мен су қоймалары, көлшіктер бұл ауруға «жағымды» орта қалыптастыра алады. Сөйтіп, ауру ошағы пайда болады. Ертеде бұл аурумен науқастанған жан ем табылмауы себебінен көп өмір сүрмеген. Ал, бүгінгі таңда жетілген медицинаның көмегімен құлантаза айығып кететін адамдар саны артып келеді.
Медицинада қолданылатын әдіс бойынша, менингитті анықтау үшін ауырған адамның жұлынынан міндетті түрде су алынады (пункция). Әйтпесе, нақты диагноз қою мүмкін емес. Жұлыннан су алу, керісінше, аурудың бас ішіндегі қан қысымын төмендетеді. Егер науқас миқұрт болса, онда жұлыннан алынған су мөп-мөлдір болуы тиіс. Сол арқылы ем-дом тағайындалады. Бір апта антибиотиктермен емделгеннен кейін, екінші рет пункция яғни жұлыннан сары су алынады. Ал бала денсаулығына пункциядан келетін зиян жоқ. Кейде асқынған менингиттің салдарынан сал ауруына немесе оның жеңіл түріне душар болуы мүмкін. Дер кезінде қажетті ем-домын алса, науқас құлан-таза жазылып кетеді. Жалпы, миқұрт иммунитеті әлсіреген адамға да үйірсек болады. Менингитпен ауырған ауру екі жыл бойы диспансерлік есепте тұрып, учаскелік дәрігердің бақылауында болуы керек. Жоғарыда белгілер пайда болған жағдайда, менингит ауруына күдік туғызса, ауруды жекелендіріп, міндетті түрде жедел жәрдем шақыру керек. Денсаулық – адам өміріндегі ең басты құндылық.

Мөлдір ОҢалбекова,
санитарлық-эпидемиологиялық қызмет маманы

Таңдаулы материалдар

Close