Basty bet

Қаңтарда 21 түлек қана 100-ден жоғары балл жинаған

Білім беруде соңғы жылдардағы ең үлкен ерекшелігіміз Ұлттық бірыңғай тестілеу моделінің жүзеге асырылуы. ҰБТ елімізде алғаш рет 2004 жылы енгізілді. Ондағы мақсат – талапкер мен түлектердің білім сапасын әділ бағалау, білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жою. Ал, оқушыға жүктелген міндет – күнделікті баға алу үшін ғана емес, мемлекеттік ҰБТ-да жоғары балл жинау үшін тиісті пәндердегі әрбір заңдылықтар мен ережелердің, құбылыстар мен оқиғалардың ішкі байланысы мен оның мәнін терең түсіне отырып, ұзақ есте сақтау үшін сапалы білім алу.
Соңғы жылдары мектеп түлектеріне ҰБТ-ны бес рет тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Яғни, қаңтар, наурыз, тамыз айларында жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсуге, маусым-шілде айларында мемлекеттік грантқа түсуге тапсырылады.
Аудандық білім бөлімінің 2022-2023 оқу жылының қорытынды мәліметіне сүйенсек, өткен оқу жылында 660 түлек мектеп бітірген. Оның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге 619 түлек қатысқан. 617 түлек арнаулы орта және жоғары оқу орнына оқуға түскен. Яғни, 339 түлек жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантқа (17 түлек “Серпін” бағдарламасы бойынша), 213 түлек ақылы негізде оқуға түскен. Ал, колледждерге мемлекеттік грант бойынша 21, ақылы негізде 43 түлек оқуға түсіпті.
Шет мемлекеттерге 8 түлек оқуға түссе, оның үшеуі грант арқылы түскен.
Жалпы, 660 мектеп бітірушінің 17-і жұмысқа орналасса, 15 түлек не жұмысқа орналаспаған, не оқуға түспеген. Екі түлек денсаулығына байланысты оқуға жарамсыз. Бір түлек әскерге жіберілген.
2023-2024 оқу жылында ІІІ тоқсанды 611 мектеп бітіруші аяқтап отыр. Қаңтар айында өткен ҰБТ-ға 530 түлек қатысуға өтініш беріп, оның 519-ы қатысқан.
ҰБТ-ға қатысушылардың ішінде 21 түлек 100-ден жоғары балл жинаған. Ең жоғары білім сапасын көрсеткен №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп 77,6 пайыз, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектеп – 74,4, №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектеп – 74 пайыз білім сапасын көрсетсе, ең төмен көрсеткішті Алатау орта мектебі 41 пайыз, Жаңаталап орта мектебі – 42,3 пайыз, №5 М.Ломоносов атындағы орта мектеп 53 пайызды көрсетіп отыр.
Үстіміздегі оқу жылында 14 Алтын белгіге үміткер, 60 үздік аттестатқа үміткер түлектер бар.
ҰБТ – мектеп түлегінің 11 жыл бойы алған білім деңгейін көрсететін жүйе. ҰБТ-да түлектің, тұтас мектеп түлектерінің білім сапасы жоғары көрсеткішке қол жеткізуі ең бірінші мектеп ұжымының еңбегіне, яғни мұғалімдердің білімі мен тәжірибесіне, оқушының ынтасына, ерік-жігеріне, ата-ананың қолдауына тікелей байланысты. Сондықтан қаңтар айындағы ҰБТ-ның қорытындысы, яғни ҰБТ-ға қатысқан 519 түлектің 21-і ғана 100-ден жоғары балл жинауы жалпы мектептерде жұмысты ширатуды талап етіп тұр.
Оқыған, еңбектенген адам мұратына жетеді. Өкінішке қарай, өзінің болашағына немқұрайды қарайтын, мақсатсыз жастар аз емес. Оларды дұрыс жолға бағыттап, ынталандыру керек. Педагог өз ісінің нағыз маманы болса, жауапкершілігі жоғары, талапшыл болса, шәкірттері де талапқа сай болуға барын салады.
Жастардың болашағына қатысты маңызды мәселе – мамандық таңдау. Өз мамандығын дұрыс таңдаған жас өзіне де, қоғамға да үлкен пайда алып келеді. Себебі, қай салада болсын мәселенің түйінін білімді маман шешеді.
Уақыт деген – байлық. Уақытты меңгерген адам – іскер адам. Уақытты бос өткізген адам – надан адам. Жастық шағын бекерге өткізген адам, бозбала болған кезде белін буған белсенді тұлға болып кетпейді. Сондықтан балаларымыздың бос уақытын қалай өткізіп жатқанына үлкен мән беру керек. Адам жастайынан керекті білім алып, пайдалы кәсіп жасап, өнегелі ортамен араласып, болашағына инвестиция жасауы маңызды.
Алға қойған мақсатқа жету жолындағы алғашқы сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеу. Үлкен нәрсені армандап, бірақ өзің оған жету жолында әрекет етпесең, кімге өкпелейсің?!
Бала – ата-ананың ғана емес, елдің болашағы. Сондықтан мектеп пен ата-ана, қоғам болып бірлесіп, баланың білім алуына жан-жақты жағдай жасап, оны бақылауда ұстау керек.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close