Basty bet

«БАЛА – ӨМІРДІҢ ГҮЛІ»

аудандық мәдениет үйінде пайдалы әрі тағылымды форум өтті

Қазақта «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген нақыл сөз бар. Яғни, бала тәрбиелеу – шындап келгенде өз-өзіңді тәрбиелеу.
Баланың жақсысы – әке мен шешенің ары, абыройы ғана емес, бір ұлттың, сол мемлекеттің ұяты мен беделі.

Аудандық “Достық” мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметованың төрағалығымен бала қауіпсіздігін қоғам болып қорғау мақсатында «Қауіпсіз балалық шақ» жобасының аясында «Бала өмірдің гүлі» тақырыбында арнайы кездесу өтті. Оған құқық қорғау органдарының өкілдері, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.
Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша аудан әкімдігі мен Жуалы аудандық прокуратурасының іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған кездесу «Бала – өмірдің гүлі» деп аталды.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева және аудандық полиция бөлімінің ӘПБ бастығы, полиция майоры Ардақ Әміребек қатысты.
Кездесудің мақсаты – бала тәрбиесіне қатысты мәселелерді талқылау, нәтижелі жұмысқа бағыт-бағдар беру.
Аталған тақырыпта аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева баяндама жасады.
-Жас ұрпақтың бойында ізгілікті тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің ықпалы ерекше. Бала отбасы, мектеп және өз ортасындағы құрдастары арқылы тәрбиеленеді. Баланың алдындағы міндетімізді жақсы атқара білсек, онда қадір-қасиетті түсіне білген баланың да сый-құрметпен қайтарымын берері нақты. Әрине, бұл оңай шаруа еместігі белгілі.
Қанаты кең ашылған құстың барар жері де алыс болатынындай, баланың жан-жақты жетілуі, оның келешектен көп үміт күттіретіндігінің бір көрсеткіші.
-Ата-ана балаcының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және үйде бақылауға алып, қарау – ата-ананың басты міндеті.
Қорытындылай келе, бала тәрбиесіне ең алдымен оның ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етпек. Бала – ата-ананың ғана емес, ұлттың, елдің болашағы. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасатты, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу – қоғамның ең өзекті мәселесі. Сондықтан да ата-аналар және ұстаздар болып жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруді назарда ұстағанымыз жөн,- деді Б.Шертаева.
Аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға қатысты жұмыс барысына қысқаша тоқталып өтті.
Ал, Анар Садыққызы бүгінгі қоғамдағы бала тәрбиесіне қатысты көптеген мәселелерге тоқталып, ата-аналар мен мұғалімдерді бала тәрбиесінде сергек болуға шақырды.
-Бала – ата-ана тәрбиесінің айнасы. Сондықтан баланың өмірдегі бас ұстазы саналатын ата-ананың сөзі мен ісі бір-біріне сай болуы керек.
Адам баласы өмірде мамандық таңдау мен жар таңдауда шатаспағаны абзал. Ақ пен қараны ажыратып үйренбеген бала өмірден әп-сәтте-ақ опық жеп қалуы ғажап емес. Баланы жаныңызға алып, сырласып, еңбекке баулып, кітап оқуға үйретіп, өмірдің қыр-сырын мейлінше ұғындыруға тырысу маңызды.
Ғаламтордың пайдасы қаншалықты көп болса, оның зияны одан екі есе көп. «Баланы аясаң, аяма» деген дана халқымыз. Сондықтан, баланы өмірге әкелген соң, оны бағу да, баулу да – біздің міндетіміз,- деді Анар Садыққызы.
Ардақ Әміреев төрт айдың ішінде кәмелетке толмаған 14 бала есепке алынды. -Түнгі 23.00-ден кейін ата-анасының еріп жүруінсіз үй-жайдан тыс жерде жүрген балалар ұсталды. Ұсталған балалардың ата-аналарына ескерту жасалса, кейбір ата-анаға айыппұл салынды. Көптеген ата-ана баланың тәрбиесіне салғырт қарайды. Мәселен, баланың ұялы телефоны арқылы теріс әсер ететін сайттарға кіруі, кісінің үйіне қонуы, сағат кешкі 18:00-ден кейін ойын-сауық орталықтарында баланың жұмыс істеуі, көлік айдау, тағы да басқа іс-әрекеттерге ата-ананың бей-жай қарауы,- дей келіп, әрбір жауапсыздықтың заң алдындағы жауапкершілігіне тоқталды.
Ары қарай №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның психологі Мира Аманжолова слайд арқылы баяндама жасады.
Бала тікелей ата-анаға маған назар аудар, маған жылулық қажет деп айта алмайды. Өзіміз де балаларымыздан «Сен не туралы ойлап жатырсың, сені не мазалайды?» деп сұрай бермейміз. Бала өзінің пікірін толық жеткізуге дағдыланбаған. Сондықтан жасөспірім болған кезде бойында бір жағдай туындаса, бөліспейді. Себебі, біз оған бала кезден үйретпегенбіз. Оның күйі, оның ойлары маңызды екенін оған ұғындыру үшін кішкентайынан оған тиісті сұрақтарды қойып, ойын айтқызып үйретуіміз керек. Бұл сұрақтар баланың ата-анаға деген сенімділігін арттырады, өзінің, ойының, пікірінің, жай-күйінің ата-анасы үшін маңызды екенін сезіндіреді.
Баланы қалыптастыруда ата-ананың түсінігі, әдеттері әсер етеді. Көп ата-ана баланы қорқытып тәрбиелейді. Себебі, олардың баланы басқаша тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін біле бермеуінде. Қорқытып тәрбиелеу баланың бойындағы еркіндік, тыныштық сезімін жояды. Ал, өзін тыныштықта сезінбейтін бала үнемі алаңдап, қорқып, кез келген сәтте жамандықты күту сезімімен өсетіні анық.
Әрқашан баламен қарым-қатынас жасаған кезде сіз ол туралы не ойлайсыз, бала да өзі туралы солай ойлайтын болады. Баланың мінез-құлқы ұнамай ма, оған «Сен жамансың!» деп айтпай, сенің мұның дұрыс емес деп, оның мінез-құлқының өзгеруінің себеп-салдарын анықтау керек. Баламен қарым-қатынаста, баланың тұлға болып дамуында ата-ананың мейірімі мен жан жылулығының орны мен рөлі зор,- деді Мира Аманжолова.
Тағылымды, қажетті мағлұматтарға толы форумды аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков қорытындылады.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close