Basty bet
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды!»
Заң мен тәртіпті қатаң сақтау, сол арқылы қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қауіпсіз мемлекет құру мәселесі алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі екені анық. Әділетті әрі құқықтық мемлекет құру үшін мұның барлығын сақтау негізгі міндеттердің бірі десек, артық айтпаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Мен еліміздің даму бағдары туралы пайымдарымды үнемі айтып жүрмін. Соны тағы да қайталағым келеді. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Ал «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек» деген Президенттің парасатты пайымы мемлекет пен халық қауіпсіздігінің және қоғамда заң үстемдігін орнатудың негізгі өлшемі десек те болады.
Иә, Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында кеңінен атап өтілгендей, Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында.
Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында Жамбыл облыстық прокуратурасымен бекітілген «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында өткен аптада құқықтық жиын өтті. Аталған жиынның негізгі ұйымдастырушылары – аудандық прокуратура және аудан әкімдігі.
Маңызды жиын ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы іргелі кәсіпорынның бірі – «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның сүт өңдеу зауытында басталды. Онда аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков зауыт басшылығымен және жұмысшылармен кездесу өткізіп, Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатының негізгі мақсат-міндеттерін түсіндірді.
– Құрметті зауыт қызметкерлері!
Біз бүгін Сіздермен «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатындағы «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында кездесіп отырмыз. Президент ерекше атап өткендей, қоғамдағы маңызды құндылықтардың ең негізгісі – Заң және Тәртіп. Заңның алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида.
Бүгінгі кездесудің тағы бір мақсаты – ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жалпы сүт өндірісі – халықтың денсаулығы мен экономикалық тұрақтылықтың да негізі болып табылады. Аталған салада халыққа сапалы өнім түрлерін ұсыну, тиісінше, кәсіпорында заң талаптарын қатаң сақтау, ең бастысы, тұтынушылардың сенімін арттыру – басты мақсат.
Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт бар. Қазіргі таңда ауданда болсын, республиканың көлемінде болсын, интернет, телефон алаяқтығы, жасөспірімдер қауіпсіздігі мәселесі, сонымен қатар, тұрмыстық, масаң күйде жасалып жатқан құқық бұзушылықтар жетерлік.
Барлығыңыз да отбасында ұл-қыз өсіріп, саламатты ұрпақ тәрбиелеп өсіріп отырған ата-анасыздар. Сондықтан, осындай маңызды мәселелерге баса назар аударып, көңіл бөлулеріңізді сұраймын. Осы бағытта сақтық шараларын қатаң сақтап, қауіпсіздікті мейлінше қамтамасыз етулеріңіз қажет. «Заң және тәртіп» қағидатының аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар осы айтылғандардың айқын дәлелі,- деп атап өтті прокурор Ильяс Прмаханұлы.
Аудан прокуроры кездесу барысында зауыт жұмысшыларына құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттырудың да маңызды екенін ерекше атап өтіп, сұрақтарға жауап берді.
***
Заң мен тәртіпті сақтау, сол арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар, өңір тұрғындарына құқықтық және заңгерлік кеңес беруге бағытталған «Қоғаммен байланыс» жобасының аясындағы кездесу жиынының негізгі бөлімі ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында өз жалғасын тапты. Онда аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков сөз алып, жиналған азаматтарды Президент ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында Жамбыл облысының прокурорымен бекітілген «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында ұйымдастырылған жиынның негізгі мақсат-міндеттерімен таныстырды.
– Құрметті аудан тұрғындары және жиналған қауым! Бүгін ауданда «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету және Жамбыл облыстық прокуратурасымен бекітілген «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні ұйымдастырылуда. Бұл шараның басты мақсаты – халықтың көкейінде жүрген мәселелерді ашық тыңдау және тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайтуға жол ашу болып табылады.
Біз бұл кездесудің барысында өтінішпен қайырылған әрбір азаматтың өтініш-тілегін мұқият қарап, тиісті заң шеңберінде әділ шешім қабылдауға әзірміз. Тұрғындардың әрбір сұрағы мен әрбір пікірі біз үшін өте маңызды. Сіздерге ашық диалог пен өзара түсіністік тілеймін,- деді аудан прокуроры.
Жиын барысында аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ардақ Әміребек азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, өтініш-тілектерге заңдылық аясында жауап берумен бірге, құқықтық кеңестер ұсынды. Айта кету керек, жиын барысында аудандық прокуратураның өкілдері, төтенше жағдайлар бөлімі, пробация қызметі, қорғаныс істері жөніндегі бөлім, жеке сот орындаушы, адвокат, мемлекеттік кірістер басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ-ның аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі, «Еңбек мобильдігі орталығы» КММ-ның аудандық Мансаптық орталық филиалы, ветеринариялық станцияның мамандары, сонымен қатар, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдері, т.б. мекеменің басшылары мен жауапты мамандарына түрлі сұрақ-өтінішпен қайырылған аудан азаматтары сұрағына жауап және құқықтық тұрғыдан пайдалы кеңестер алды.
«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету және Жамбыл облыстық прокуратурасымен бекітілген «Қоғаммен байланыс» жобасының аясында ұйымдастырылған жиын екі тарап үшін де пайдалы әрі мағыналы болғанын атап өткен жөн.
Ақгауһар Құрманбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің веб-журналистика мамандығының
1-курс студенті