Basty bet
Сахнада – «Шер-Хан»!
тау тұлғаның күрескерлік қырын сомдаған қойылым көрермен назарына ұсынылды
Ел өміріндегі әрі қазақ руханиятындағы орны айрықша, екі туып, қос қайталанбайтын тұлғалардың бірі әрі бірегейі – Шерхан Мұртаза. Өз заманында айбатты аға қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мінбеге көтеріп, ата-бабаларымыздың айбынды рухын қайыра атқа қондырды. Ұрпақ санасын тәрбиелеп, әдебиет әлеміндегі қазақ журналистикасында Мұртазаның мұнаралары мұнтаздай десек артық айтпағанымыз. Шерағаң өмір бойы өрге жүзіп, қазақ қамы, Алаш абыройы үшін қызмет етті.
Шерхан Мұртаза Жуалы ауданы Талапты ауылында дүниеге келген. Туған ауылымен байланысын ешқашан үзбеген. Жазушы өзінің алғашқы шығармаларын, оның ішінде әйгілі «Ай мен Айша» өмірбаяндық романын туған жері Жуалы ауданы мен оның ерекше табиғатына арнаған.
Шерхан Мұртаза алты жерде бас редакторлық қызмет атқарған. 1970-72 жылдары «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының бас редакторы, 1972-75 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1980-89 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1989-92 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1989 жылдан-«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакторы. «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы. Лениншіл газетіне бас редактор болып келгенде 30 мың таралыммен таралған газеттің оқырманын 150 мыңға жеткізді. Қазақстан ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» таңғы ойын-сауықтық бағдарламасы Шерхан Мұртазаның идеясымен ашылған.
Осыдан бір ай уақыт шамасы бұрын қасиетті Жуалы ауданындағы қайраткердің өзі туып-өскен Талапты ауылында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай тау тұлғаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің салтанатты ашылуы болды. Ұлт қайраткерінің 90 жылдық мерейтойы басқа да іс-шаралармен атап өтілгені белгілі.
Ұлт руханиятының абыз тұлғасына айналған Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов былай деп ой толғаған еді.
«Шерхан Мұртаза шындықтың шырақшысы бола білген алып тұлға. Қызметін баспа редакторлығынан бастап, ұзақ жылдар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрді. Оның елге бергені, айтқаны, көрсеткен үлгісі, сілтеген жолы ұшан-теңіз. Көзі тірісінде баспасөздің баһадүрі, қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанды. Бүгінде қолына қалам ұстап жүрген қарымды журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шекпенінен шыққан шәкіртпіз» деп мақтанатыны ақиқат. Мұның айғағы – жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан алып тұлғаның бүгінгі мерейтойы. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай айтқандай, соңына өлмейтін сөз, ұмытылмас із қалдырған Шерағаның қаламгерлік, қайраткерлік тұлғасы ел жүрегінде мәңгі сақталып, туындылары мәңгілік рухани азық болары сөзсіз», – дегені тойға қатысқан халықтың есінен шыға қойған жоқ.
Ұлт қайраткерінің тойы – ұлт руханиятының тойы. Елдігіміз бен жарқын болашағымыздың жарқын мерекесі екені даусыз. Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының ұжымы «Шер – Хан» деп аталатын драма-элегиясын арнайы дайындап, оның алғашқы тұсаукесерін Талапты ауылында өткен тойда көрсеткен еді. Өткен аптада облыстық театр ұжымы Жуалы ауданына арнайы гастрольдік іссапармен келіп, «Шер – Хан» драма-элегиясын қайта көрермен назарына ұсынды.
Аталған драманың авторы және қоюшы-режиссері – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов.
Қоюшы суретшісі – ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұлов.
Музыкамен көркемдеуші – Ғани Біржан
Балетмейстері – Бексұлтан Әлекешов
Хормейстер – Дидар Игіліков
Режиссердің ассистенті – ҚР Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова.
Драма оқиғасында халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның балалық балғын шағынан бастау алатын өмір белестері, «халық жауының баласы» ретінде көрген зорлық-зомбылығы, Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген тауқыметке, сан қилы ауыртпашылықтар мен қиыншылықтарға толы тағдыры, тыныс-тіршілігі, өсуі, қалыптасуы, қайсар анасы Айша мен бауырларына деген үнемі санасынан шықпаған сағынышы, журналистік, жазушылық шығармашылық жолы, қазақ халқының тәуелсіздігі мен егемендігі жолындағы күрескерлік тұлғасы суреттеледі.
Жуалы ауданындағы көрерменнің назарына ұсынылған «Шер – Хан» драма-элегиясы қойылымының соңында аудан әкімі Жалғас Мұртаза сөз сөйлеп, ұлт қайраткері Шерхан Мұртазаның қалың еліне қалдырған телегей-теңіз мұрасы мен бірегей қайраткерлік қырлары туралы айта келіп, драма-элегияны сахналап, көрерменге шынайы жеткізе білген Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының ұжымына аудан жұртшылығының атынан алғыс білдіріп, театр басшысы Мәлік Ақүрпековке Алғысхат табыс етті. Ал драмада Шерхан Мұртазаның рөлін шынайы сомдаған театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбековтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Қойылым соңында театр ұжымына аудан әкімінің ықылас гүлі табыс етілді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»