Basty bet

Тілге құрмет – елге құрмет!

Құшағы кең қазақ елі қиын-қыстау кезеңдерде көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан халық. Қазіргі таңда Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді.
Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарымызға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдім. Таиса Садулаева шешен ұлтының өкілі. Ол Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Өмірде жан-жақты болуды жаны сүйетін Таиса шешен отбасында тәлім-тәрбие алады. Қазақ халқына деген құрметтен туған жақсы ниет болса керек, бала Таисаның қазақ тіліне деген құрметінің қалыптасуына алғашқыда оның ата-анасы жол ашады.
Ол аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның жетінші сыныбында оқып жүргенде әкесі Таисаны қазақ сыныбына ауыстырады. Содан бастап оның қазақ тіліне деген қызығушылығы арта түсті. Өмір жолы бір орында тұрған ба? Таиса мектепті орта үлгеріммен аяқтай салып Шымкент қаласындағы «Мирас» университетіне оқуға түсіп, оны кейіннен информатика пәнінің мұғалімі мамандығымен бітірді.
Онда анасы жұмыссыз, ал әкесі ауылда мал шаруашылығымен айналысатын. Таиса Садулаева өзінің ең алғашқы еңбек жолын Қаратас ауылындағы Қаратас негізгі мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Екі жылдай осында бала оқытып, аздап тәжірибе жинақтайды. Өз ұлтының азаматына тұрмысқа шыққан соң, оның өмір жолы медицина саласына байланысты өрбиді. Ол Астана қаласындағы «Даналық» медициналық колледжінде төрт жыл оқып, фармацевт мамандығын алған. Елордадағы «Гиппократ» дәріханасында бір жылдай жұмыс істеді.
-Қазақ тілінде еркін сөйлегенімді елорда жұртшылығы және дәріхана клиенттері жақсы қабылдады деп ойлаймын. Бұрын мұндайға қатты таңғалатын. Қазір өзге ұлттардың қазақ тілінде сөйлегеніне адамдардың бойы үйренген. Бірақ бейтаныс кісілер қазақша сөйлегенімді көргенде маған жылы жүзбен қарап, құрмет көрсетеді. Тіл білгеннің ешқандай артықшылығы жоқ, – дейді біздің кейіпкеріміз.
«Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға», – деген ұлы Абайдың даналығын өмірлік қағидаға айналдырған Таиса 2015 жылы отағасы Идрис Магамаев екеуі туған ауылға қайта оралады. Сол жылы өзі оқып, білім алған қазіргі №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияға информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Мұғалім болуды басты мақсат тұтқан Таиса осылайша ұстаздық қызметке біржолата бет бұрды. Оған еш өкінбейді. Балаларды білім мен тәрбиеге үйретіп жатқанына қуанышты.
-Жұмыстың оңайы жоқ. Әр мамандықтың өз қиыншылығы бар. Ұстаз мамандығын таңдағанда қалай болар екен деп қиналғаным бар. «Баламен тіл табыса алам ба? Сұрақтарына өзі күткендей жауап бере алам ба? Ата-анамен жұмыс істей алар ма екенмін?»,- деген сияқты сұрақтар мазалады. Алғашқыда қиналғаным рас. Бірақ өзімді жігерлендіру және жетілдіру арқылы ұстаздықтың шыңына жетемін деп алдыма айқын мақсат қойып отырмын,- дейді жас ұстаз Таиса Садулаева.
Жаңашыл, шебер мұғалімдердің қатарынан көріну – Таисаның басты арманы.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
№1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close