Basty bet
«Қарызсыз қоғам» жобасы:тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған
«AMANAT» партиясы ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Оқу курсын «Ұлы Дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының бизнес тренерлері жүргізуде.
Жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалардың арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауаттылығын арттыру.
Оқу 2023 жылдың 2-мамырында басталып жыл соңына дейін жалғасады.
Қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша тегін курс «AMANAT» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен барлық елдімекендерде төмендегі талаптар бойынша өтуде:
-бір топтың оқу мерзімі – 5 жұмыс күні
-бір топтағы қатысушылардың саны – 50-70 адам
-бір айда оқитын топтардың саны – 3 топ
Ал оқу бағдарламасы азаматтардың мынадай санаттарына арналған:
-несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар
-дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар
-жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер.
Бүгінгі таңда ауданда Жетітөбе, Нұрлыкент, Қызыларық, Қарасаз, Ақтөбе ауылдық округтері және Б.Момышұлы ауылының 300-ге жуық тұрғыны жобаға қатысып, қаржылық сауаттылық бойынша курстан өтіп, сертификаттарын алды.
Келесі қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша оқу курсы ағымдағы жылдың 3-ші шілдесінен бастап Шақпақ ауылдық округінде жалғасатын болады.
Жобаның тиімділігі туралы айтсақ, оған қатысушылар ең алдымен өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді. Олар қаржыға қатысты мәселелердің қалай пайда болатынын, несиелік қарыздар санын азайтудың қандай жолдары барын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екенін үйренетін болады.
Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастырудың тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпараттар алуда.
Бас-аяғы бес күнге созылатын оқуға қатысушыларға тренингтен кейін жеке кеңес берілуде. Алдағы уақытта бұл оқу курстары барлық округтерде кестеге сай өткізіліп, аудандағы барлық елдімекендерді қамтитын болады.
«AMANAT» партиясының
аудандық филиалы