Basty bet
Тәуелсіздіктің басты кепілі – Ата Заң
Жыл сайын қазақстандықтар 30 тамызда Конституция күнін атап өтеді. Биыл еліміздің Ата Заңына 29 жыл толғалы тұр. Тәуелсіздік жылдары Конституцияға алты рет өзгеріс енгізілді. Ең соңғы рет Ата Заңымыз 2022 жылы республикалық референдум қорытындысы бойынша өзгерген еді.
“Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ең жоғары күшке ие заңдар топтамасы. Елдегі тәртіп пен адам құқықтарын қорғалуын қамтамасыз ететін бірден-бір құрал. Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі. Біздің өмірімізде осы заңдар жинағы күнде жолығады деуге болады. Яғни, ол біздің өміріміздің бір бөлшегі.
Конституция – әрбір мемлекеттің ең басты заңы. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Алайда ол ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, қоғам талабына сай келмеді. Сол себепті араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде елімізде жаңа Конституция қабылданды.
Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Тұңғыш президенттің бастамасымен құрылған сарапшылар әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптап, зерделеп шықты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан.
Айта кетері, Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады.
Қазақстан Конституциясына 28 жылда алты рет өзгеріс енгізілген, яғни 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары.
Ең ауқымды өзгерістер 2022 жылы жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды. Қазіргі Ата Заңымыз 9 тараудан тұрады.
Атап айтқанда, негізгі заңнан тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәртебесі алынып тасталды.
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшысы лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Парламент депутаттарын сайлау жүйесі де өзгерді.
Елімізде Конституциялық сот құрылды. Өлім жазасына тыйым салынды.
Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар енді халыққа тиесілі.
Конституцияның өзі мына сөздермен басталады:
“Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекет құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз”.
Ата Заңның құндылықтарын қорғау және қағидаттарын ұстану – әрбір азаматтың парызы және міндеті.
Әрине бұл заманның талаптарына сай жасалған қадамдар. Біз салада қаншама заңдар мен кодекстермен жұмыс жасаймыз.
Ата Заңымыз мемлекетімізге және онда тұратын барлық азаматтарға керекті принциптер мен қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа кепіл береді.
Қазіргі жас ұрпаққа мектеп кезден бастап Ата Заңымызды үйретуіміз қажет. Өйткені, Ата-бабаларымыз осы кең-байтақ жерді бізге қалдырған, яғни бүгінгі ұрпақтың осы бейбітшілікте өмір сүріп жатқандары сол кісілердің арқасы. Еліміз Тәуелсіздік алып, Ата Заңға жетіп отырғанымыз да солардың арқасы, соған тәуба дейік.
Біздің міндетіміз – осы Конституциямызды құрметтеу.
Әлемдегі БАҚ-на үңілсек, кез келген мемлекетте заң саласындағы өзгерістер мен толықтырулар мәселесіне қатысты жаңалықтарда талқыланатын негізгі тақырып – осы Конституция. Себебі, ол әр мемлекеттің демократиялық дамуындағы басты құжат.
БҰҰ құрамындағы барлық мемлекеттер съез кезінде өздерінің Конституцияларына міндетті түрде сілтеме жасайды. Ол бекер емес, өйткені кез келген дамыған мемлекеттің басты құжаты – ол мемлекеттік тұрақтылықтың күре тамыры.
Менің ойымша, қазіргі таңда жас ұрпаққа Конституцияның не екенін, оның азаматтарға деген пайдасы және оның негізгі қолдану құралдары қай салада болатынын мектепте жиі-жиі еске салып отыру керек. Өйткені мемлекеттің келешекте дамуы бүгінгі жас ұрпақтың біліміне байланысты.
Мемлекетке, Ата Заңымызға деген патриотизмдік көзқарасты менің ұстанымым ұрпақтарыма үнемі айтып отыру.
Сөз соңында барша жуалылықтарды Конституция күнімен құттықтаймын. Еліміздің іргесі бүтін, болашағымыз жарқын болсын!
Бабырхан Абуев,
Жуалы аудандық сотының төрағасы