Basty bet

Тегін медициналық көмек алу құқығы толық сақталады

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Жаңа Конституцияның жобасы биыл 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданып, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды құжатқа айналды.
Конституцияда денсаулық сақтау саласына қатысты азаматтардың негізгі құқықтары толық сақталған. Жаңа редакцияда: «Қазақстан Республикасының азаматтары заңмен белгіленген, өздері ақы төлемейтін медициналық көмекті алуға құқылы» деген тұжырым қолданылады.
Бұл норма медициналық көмектің ақылы болатынын білдірмейді. Керісінше, мемлекет кепілдік берген медициналық көмекті азаматтар бұрынғыдай жеке қаражатын жұмсамай алады. Өзгеріс тек медициналық көмекті қаржыландыру тетіктерін нақтылауға бағытталған.
Бүгінде медициналық көмек:
– тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен;
– міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында;
– заңнамада тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері, оның ішінде қайырымдылық және халықаралық ұйымдардың қолдауымен көрсетілуі мүмкін.
Демек, мемлекет кепілдік берген медициналық көмекті алу кезінде азаматтар үшін бұрыннан қалыптасқан әлеуметтік кепілдіктер толық көлемде сақталады. Денсаулықты қорғау құқығы Конституциямен қорғалатын негізгі әлеуметтік-экономикалық құқықтардың бірі болып қала береді.
АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикалау, емдеу және диспансерлік бақылау қызметтері де бұрынғыдай толық көлемде және қолданыстағы тәртіппен жалғасады. Бұл бағыттағы медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі.
Бүгінде Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының диспансерлік бақылауында – 1 195 науқас тіркелген. Олардың барлығы қажетті антиретровирустық еммен, зертханалық тексерулермен және медициналық бақылаумен толық көлемде қамтамасыз етілуде.
Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының бас дәрігері Бағлан Жарылқасынұлының айтуынша, жаңа Конституция азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын сақтап қана қоймай, медициналық көмектің қолжетімділігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«АИТВ-инфекциясының алдын алу, ерте анықтау және емдеу – мемлекетіміздің денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан тұрғындар алаңдамауы керек. Конституциядағы өзгерістер АИТВ-инфекциясы бойынша көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігіне әсер етпейді. Пациенттер бұрынғыдай тегін медициналық көмек алып, қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық бақылаумен толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар облыс тұрғындары мен қонақтары орталықта АИТВ-инфекциясына тегін тексеруден өте алады. Атап айтқанда, иммуноферменттік талдау (ИФТ) әдісімен қан тапсыру, жедел тестілеуден өтіп, өз АИТВ-мәртебесін анықтау, тестілеуге дейінгі және кейінгі психологиялық әрі дәрігерлік кеңес алу қызметтері толықтай тегін көрсетіледі. Мамандар құпиялылық қағидатын қатаң сақтай отырып, әрбір азаматқа сапалы медициналық және консультациялық көмек көрсетеді. Біздің басты міндетіміз – әрбір азаматтың денсаулығын қорғау, АИТВ-инфекциясының алдын алу және халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет ұсыну», – дейді орталықтың бас дәрігері.
Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығы Жамбыл облысының тұрғындарын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, АИТВ-инфекциясына уақтылы тексеріліп тұруға, алдын алу шараларын сақтауға және қажет болған жағдайда мамандардың кеңесіне жүгінуге шақырады. АИТВ-ға ерте тексерілу – өз денсаулығыңызға және жақындарыңыздың амандығына жасалған маңызды қадам!
Ақмарал Омарбекова

Таңдаулы материалдар

Close