Basty bet

Құрылтай – елдік мүддені еңселендіретін маңызды институт

Қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар Қазақстанның демократиялық даму бағытын айқындап, азаматтық қоғамның рөлін арттыруға тың серпін беруде. Соның бірі – Құрылтайдың қызметі мен оның құрамын қалыптастыру үдерісі. Алда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау – қоғамның әртүрлі саласының өкілдерін ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді талқылауға тартатын жауапты саяси науқан.
Құрылтай – халық пен билік арасындағы ашық әрі сындарлы диалогтың тиімді алаңы. Мұнда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ұлттық құндылықтарды сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, өңірлердің өркендеуі және қоғамды толғандырған өзге де өзекті мәселелер талқыланады. Сондықтан Құрылтай депутаттарын сайлау – әрбір азаматтың қоғамдық өмірге белсенді қатысуының көрінісі.
Мемлекет дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі – жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңартылған Конституция. Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Қазақстанда Әділетті мемлекет құруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталды.
Жаңартылған Конституция – еліміздің саяси жаңғыруының берік құқықтық негізі. Онда халықтың мемлекет ісін басқаруға қатысу мүмкіндігі кеңейтіліп, қоғамдық бақылау тетіктері күшейтілді. Бұл өзгерістер азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтып, қоғамның тұрақты әрі үйлесімді дамуына жол ашады.
Қоғамдық кеңестің басты міндеті – тұрғындардың пікірін ескеріп, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге ықпал ету. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай мен Конституциялық реформалар қоғамдық бақылау институттарының жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматы заңды құрметтеп, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға өз үлесін қосуы қажет. Алдағы Құрылтай депутаттарын сайлау осы жауапкершілікті терең сезініп, ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтардың белсенділігін арттырады деп сенемін.
Біздің ортақ мақсатымыз – заң үстемдігі орныққан, бірлігі бекем, болашағы жарқын Қазақстанды бірге қалыптастыру. Жаңартылған Конституция мен Құрылтай сайлауы осы игі мақсаттарға жетудің маңызды тетігі болып қала бермек.

Рақымғазы Құниязов,
Жуалы аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close