Basty bet
Рух пен спорт тоғысқан тағылымды турнир
Ауылдық округте қолға алынған дәстүрлі аудандық ашық футбол турнирі биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ел бірлігі мен спорт рухын айшықтаған айтулы оқиғаға айналды. Тағылымы мол турнир ел есінде қалған арда азаматтар – Мәскеуғали Абубакиров, Мақұлбек Сабырбеков, Бақтияр Аубакиров, Пералы Абубакиров, Төребек Кідіков, Сәкен Дүйсебаев, Ораз Асилбаев, Арман Тілеубаев және Нұрғазы Сапиевтің рухына тағзым ретінде өткізілді.
Турнирдің ашылуында сөз алған ел ағалары мен ұйымдастырушылар бұл жарыстың маңызын ерекше атап өтті. Олар мұндай спорттық шаралар тек жеңімпаз анықтайтын дода емес, ауыл жастарын ынтымаққа үндейтін, өткенге құрмет пен бүгінгі ұрпаққа өнеге болатын рухани алаң екенін жеткізді.
Биылғы жарысқа барлығы 15 команда қатысты. Атап айтқанда, Амангелді–Ынтымақ, Шақпақата–Тараз, Көкбастау–Қайрат, Алатау–Қарасаз, Жетітөбе–Шақпақбаба, Шақпақ жастары–Түлкібас, Тараздың “Ұлы дала” командасы, Диқан және Ақсай құрамалары жасыл алаңда өзара мықтыны анықтады. Әрбір ойын жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. Командалардың жеңіске деген жігері, алаңдағы тартыс, футболшылардың шеберлігі турнирдің деңгейін айқын көрсетті. Әсіресе шешуші кездесулерде командалық ұйымшылдық пен тәжірибе үлкен рөл атқарды.
Тартысты өткен жарыс қорытындысында Қарасаз–Шақпақбаба командасы қарсыластарынан басым түсіп, турнирдің Бас жүлдесін жеңіп алды. Қарасаз құрамасы күміс жүлдені иеленсе, Тараз қаласынан келген “Ұлы дала” командасы үздік үштікті түйіндеді.
Турнир барысында үздік өнер көрсеткен ойыншылар да марапатталды. Ержігіт Ерімбетов “Үздік қақпашы” атанса, Алимухаммед “Үздік қорғаушы” номинациясын иеленді. Ал шабуыл шебіндегі нәтижелі ойынымен көзге түскен Рахат Жылқыбаев “Үздік шабуылшы” деп танылды. Турнирдің “Үздік ойыншысы” атағы Керімқұлов Бауыржанға берілді.
Шақпақтағы бұл турнир –ауыл рухын көтерген, жастарды спортқа баулыған, елдік пен бірлікті дәріптеген тағылымды шара болғаны анық. Осындай игі бастамалар арқылы ауыл спортына серпін беріліп, кейінгі буынға саламатты өмір салтының жарқын үлгісі көрсетілуде.
Жасыл алаңдағы тартыс аяқталғанымен, турнир сыйлаған рух пен әсер көптің жүрегінде ұзақ сақталары анық.