Basty bet
Жас инженер-робототехник
“Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Біз құрып жатқан әділетті қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі, отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасын асырап, балаларына қамқор болуы керек. Оларға адал еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет”, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расында да, мемлекетіміз дамыған елдердің қатарына кіру үшін жастар бәсекеге қабілетті, сыни тұрғыдан ойлай алатын білімді болуы керек. Осы мақсатта, аудандағы бірқатар мектептерде «робототехника» курсы тұрақты түрде өткізіледі. Бұл курста балалар «роботпен» танысып, оны құрастырып, жинап үйренеді. Түрлі кодтарды программалау арқылы роботтарды басқарып үйренеді.
Бүгінгі әңгімемізде №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 3 жылдан бері «робототехника» сабағынан өткізетін, «робототехника» бойынша халықаралық жарыстардың жеңімпазы Ардақ Оңғаров пен оның оқушыларына тоқталамыз.
Ардақ Алмасбекұлы 2005 жылы Тараз мемлекеттік университетінің «информатика» пәнінің мұғалімі мамандығымен бітірген. Негізгі мамандығы – информатик. Ол 2018-2019 жылдары «Taraz hub» орталығында «робототехника» курстарын меңгереді.
-Роботтарға күрделі бағдарламалар жазамын. Робот тез дайындай алатын лапша дайындап, турникке тартылады. Сөйлей алады. Жалпы робот құрастыру балалардың ой-өрісін дамытады, – дейді робот құрастырушы.
Ардақ Алмасбекұлы 350-ге жуық баланы оқытуда. Оның оқушылары облыстық, халықаралық жарыстардан бірнеше мәрте орын алған. 40-тан астам алған жүлдері орындары бар. Жарыстарға шығып, жүлделі орын иеленіп жүрген оқушылары – Бекарыс Алмасбек, Сандуғаш Алмасбек, Аман Құрманбекұлы, Жансерік Қанатбек. Солардың бірі, 2020 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеттің ұйымдастыруымен өткен облыстық роботтық техника жарысында III орын иеленді. Ал, «ҚазРобоТикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы ұйымдастырған республикалық робот жарысында I орын иеленді. 2020 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық жарыста I орын алды.
Қорыта келе, «робототехника» секілді заманауи курстар болашақ өнертапқыштардың қазақ жерінен шығуына өз септігін тигізеді деп ойлаймыз. Ал, біз білімді ұстаз Ардақ Алмасбекұлы мен оның оқушыларына Қарағанды қаласында өтетін республикалық жарыстан жүлделі орынмен оралуын тілейміз. Лайым, өнертапқыш, ғалым болам дейтін балалар қатары көбейе берсін!