Basty bet

Жылыту маусымы – қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарайтын маңызды кезең

Ертеден бері үйді жылытып, тұрғындарға жайлылық сыйлап келе жатқан пеш бүгінде өрт қауіпсіздігі тұрғысынан ерекше назар аударуды қажет ететін нысандардың біріне айналып отыр. Пешті пайдалану талаптарын сақтамау және қауіпсіздік шараларына немқұрайды қарау, өкінішке қарай, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөніндегі ескертулері мен талаптарын орындау – әр тұрғынның қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Пештің алдындағы қаптаманың, пеш қабырғаларының құрылысы мен сылағының ақаулығы, тазаланбаған түтіндік, пештің жанында қойылған тез жанғыш заттар – осының бәрі күтпеген және түзетілмейтін үлкен қайғыға әкеліп соғуы мүмкін. Әдетте, күн суытып, жылыту маусымы басталған кезде электрлік жылыту құралдары мен пештердің ақаулығы немесе оларды орнату және пайдаланудағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан орын алатын өрттің саны күрт өседі. Өкінішке орай, мұндай өрттің нәтижелері өте қайғылы жағдайларға, яғни, адам өліміне, үлкен материалдық шығындарға әкеліп соғады. Пешті пайдалану кезінде өрттің шығуына көбіне түтін мұржаларында жиналған күйенің тұтануы және жоғары температураның әсерінен түтін жолдарының кірпіш қалауында жарықтардың пайда болуы себеп болады. Мұндай ақаулар пешті дұрыс пайдаланбаған жағдайда өрт қаупін арттырып, қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Ал, бөлмелерді жылыту мақсатында электрлік жылыту құралдарын, әсіресе қолдан жасалған құрылғыларды пайдалану электр желісіне шамадан тыс күш түсіруі мүмкін. Соның салдарынан электр сымдарының оқшаулағыштары қызып, тұтану қаупі артады. Сонымен қатар, сымдардың түйіскен жерлерінің қатты қызуы өрттің шығуына себеп болуы ықтимал.
Жылыту құралдары мен пештерді пайдаланудың төмендегі қарапайым ережелерін сақтай отырып, қайғылы жағдайларға жол бермеуге болады:
– жылу беру маусымы басталар алдында жылыту құралдарын тексеріп, жөндеу жұмыстарын жүргізу;
– жеке меншіктегі үйлерде жылыту кезеңінің алдында және одан кейін 3 ай сайын түтіндіктер мен мұржаларды күйеден тазарту;
– шатырасты бөлмелердегі барлық түтін жолдары мен құбырларын жүйелі түрде тексеріп отыру қажет. Бұл күйенің нәтижесінде пайда болған күйіктер мен жарықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Оларды тез арада балшықпен сылап, құбырларды әктеу қажет;
– пештің алдындағы еденге көлемі 50х70 см қаңылтыр қағылмаған жағдайда пештің есігін ашып, оны жағуға болмайды;
– пештерді қатты қыздыруға және қатты отынмен жағылатын пештерді жағу үшін бензин, керосин, басқа да тез жанатын сұйықтықтарды пайдалануға болмайды;
– желді күні пештерді, ас үйлік ошақтарды жағу уақытша тоқтатылуы тиіс;
-жылыту пешінің жанында ағаштарды, жанғыш заттарды, тез жанғыш сұйықтықтарды сақтауға, жағылған пештерді, керосин шамдарын, керогаздарды, примустарды қараусыз қалдыруға, пештің жағылуын балаларға қарауды тапсыруға болмайды.
Егер сіз электрлік жылыту пешін пайдалансаңыз, онда оның орнатылуы мен қолданылу ережелерін білуіңіз және сақтауыңыз қажет:
– электрлі жылытқыштар тек зауытта жасалған болуы қажет. Олардың энергияны көп қажет ететін қабылдағыш екенін және үйдегі электр жүйесіне көп жүк түсіретінін естен шығармау қажет. Оқшаулаудың күйген иісі, электр сымдарының, розеткаларының қатты қызуы және олардың күюі, электр есептегіштегі тежегіштердің үнемі күйіп немесе ажырап кетуі – үйдегі электр жүйенің шамадан тыс жүктелуінің және электр жылытқышты пайдалану қауіпті екенінің бірінші белгісі.
– электржылытқыштарды жанғыш заттармен жабуға немесе бүркеуге, олардың үстіне кір кептіруге, оларды жанғыш заттар мен материалдардың жанына орналастыруға болмайды.
– қосылған құралдарды үнемі бақылауда ұстау қажет, үйден кеткен кезде оларды міндетті түрде өшіру керек.
Құрметті аудан тұрғындары! Естен шығармаңыздар! Бейқамдық және отпен абайсыздық болжап болмайтын зардаптарға айналуы мүмкін.
Өрт болған жағдайда міндетті түрде «101» немесе «112» нөмірлеріне қоңырау шалыңыздар!

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі

Таңдаулы материалдар

Close