Basty bet
Инспектордың жұмысы оқыс оқиғаларға толы
Қай уақытта болсын, әр азаматтың амандығы мен қоғамның қауіпсіздігі және тыныштығы басты орында болуға тиіс. Бүгінгі біздің әңгімеміз көпшіліктің қауіпсіздігі үшін еңбек еткен, кейде осы жолда өмірін де қауіп-қатерге тіккен тәртіп сақшылары жайында болмақ. Бүгінде біз Мыңбұлақ ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторының жұмысына кеңірек тоқталмақпыз.
Аудан орталығына жақын орналасқан Мыңбұлақ ауылдық округінде бүгінде 4 642-ден аса адам тұратын Көлбастау және Талапты дейтін екі ауыл бар. 2018 жылдан бастап жергілікті тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қуаныш Керімбаев бекітілген. Тәртіп сақшысының ішкі істер органдары саласында жұмыс жасап жатқанына 14 жыл болды. Ол ауыл тұрғындары алдында ұрлықтың алдын алу және әкімшілік теріс қылықтар бойынша тоқсанына бір рет есеп беріп отырады.
Сөйлесу барысында учаскелік полиция инспекторы нақты болған оқиғамен бөлісті. Оның айтуынша, полиция қызметкері жұмыс барысында оқыс оқиғалармен бетпе бет келген. Адам өмірін сақтап қалатын, кейде азаматтарды аман алып қала алмайтын жағдайлар да болады екен. Жыл басынан бері округте бір қылмыс тіркелген және қоғамдық орындарда әкімшілік құқық бұзушылық жасаған азаматтарға тиісті 115 хаттама толтырып, айыппұл салынған. Тіркелген қылмыс биылғы жылдың көктемінде нақтырақ айтсақ, мамырдың 27-ші жұлдызы күні сағат түнгі 23.00-дер шамасында орын алады. Алатаудың етегінде егістік алқапта шаруа иелері егістікке түскен жылқыларды атамыз деп, абайсызда бір-бірін атып алады. Атылған оқтан бір тұрғын сол жерде жан тапсырады. Абайсызда өлтіргені үшін іс сотқа өтіп, сот үкімі әзірге тағайындалған жоқ. Міне, осындай келеңсіз жайттардың орын алмауы үшін Қуаныш Алтынбекұлы сәрсенбіден бастап, жексенбіге дейін түнгі сағат екіге дейін аумақты шолып шығады. Ал, дүйсенбі, сейсенбі күндері тұрғындардан түскен арыз-шағымдармен жұмыс жасайды.
-Жалпы бүгін қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі кезде өте өзекті болуда. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру жұмысы да өте маңызды. Осы ретте кәмелетке толмаған балалар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім ошақтарында түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылардың алдын алу бойынша көктем мезгілінен оқу жылының аяғына дейін мектеп инспекторларының қатысуымен жоғары сынып оқушыларымен бес-алты рет кездесу өтті,- деді тәртіп сақшысы Қуаныш Алтынбекұлы өз сөзінде.
Учаскелік полиция инспекторының айтуынша, ағымдағы жылдың алты айдың қорытындысы есебінде, әкімшілік аумақта зорлық-зомбылық фактілері орын алмаған. Есепте тұрған жасөспірімдер жоқ. Профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жұмыс өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Айта кететін жайт, аталған ауылдық округте екі азамат Тараз қаласындағы наркологиялық диспансерге, сот шешімімен бір науқас алты ай мерзімге наркологиялық диспансерге емдеуге жатқызылған екен.
-Несін жасырамыз, қазір көпшілік қоғамдық ортада ерсі қылық көрсетіп, артық іс жасаса, айналасына жалтақтай қарап, «бейнебақылау камерасы жоқ па?» деп ойланады. Одан бөлек қапияда жол-көлік немесе басқа да қылмыстық оқиғалар орын алса, бірінші кезекте, жақын маңдағы бейнебақылау камераларының іске қосылып тұрғанына көз жүгірткіміз келетіні тағы бар. Тіпті, кей кезде мәселенің мән-жайын толықтай ашу үшін ішкі істер қызметкерлерінің өзі де көше бойындағы бейнебақылау камераларының көмегіне жүгінеді. Алайда көше бойында жағалай орналасқан камералардың бірсыпырасы істен шыққан,- деген орынды уәжін де жеткізді ол. Тек білім беру ұйымдарының алдындағы бейнебақылау камералары ғана жұмыс істеп тұрған көрінеді.
Қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым алғы шепте тұратын тыныштық күзетшісі – учаскелік полиция инспекторының, жұмысы сырттай салмақты, жайбарақат көрінгенімен, түрлі шытырманға толы.
Мінген көліктерінде де, өздерінде де дамылдауға мұрша жоқ. Сондықтан да елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалайтын учаскелік инспекторлардың жүктемесі көп, міндеті ауыр екенін түсінгеніміз дұрыс. Тұрғындардың қауіпсіздігін күзету үшін алтын уақытын сарп етіп жүрген тәртіп сақшыларының жұмысына үлкен құрметпен қарағанымыз абзал. Қоғамның тыныштығына қоғам болып атсалысуымыз керек.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»