Basty bet
Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандықтың мерекесі!
Құрметті Жуалы жұртшылығы!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Осынау қасиетті күні тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Асыл дініміз – Ислам мен халық салт-дәстүрлерінің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылықтың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше.
Құрбан айт – Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейтін ерекше мереке. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады.
Құрбан айт – ізгілік пен мейірбандықтың, жақсылық пен қайырымдылықтың мейрамы. Бұл күні жүрегіне иман ұялаған әрбір адам жақсы істер жасауға, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады.
Ислам діні сан ғасырдан бері еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл діндегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген айтулы мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, көпшілікпен бірге атап өтеді. Берекеге бастаған бұл мереке көпшілікті бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалып қана қоймай, Ұлы Жаратушы Алла тағалаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығы мен рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қадірлі ағайын!
Баршаңызды әлемдегі күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, әрбір отбасына иман байлығын, елімізге тыныштық және амандық пен өсіп-өркендеу тілеймін!
Айт қабыл болсын!
Ізгі тілекпен, Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімі