Basty bet
Ұстаздар династиясы
Қазақ халқы отбасы құндылығына ертеден-ақ ерекше мән берген. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», деген сияқты мақал-мәтелдер соның айғағы. Яғни, ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауда отбасының рөлі бірінші орында тұрған.
Аудандағы мерейлі отбасылардың бірі Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылындағы Жүзбаевтар әулеті.
Әулеттің отағасы Оралбек Тұрысұлы 40 жылдан астам уақыт ұстаздық етсе, оның 16 жылында Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе орта мектебіне басшылық жасады.
Оралбек Жүзбаев 1958 жылы Көктөбе ауылында өмірге келген. Әкесі Тұрыс көзі ашық, оқыған адам болған. Ол кісі өз жылдарында колхозда, совхозда зоотехник маманы болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ал, анасы Айпен бес баланы өмірге әкеліп, аман қалған үшеуін тәрбиелеп, өсіріп үй шаруасында болған.
Оралбек Жүзбаев орта мектепті бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы гидромелиоративтік техникумға оқуға түседі. Оқуды аяқтап келіп, Отан алдындағы борышын өтейді.
Әскерден оралған соң Жамбыл педагогикалық институтына сызу, сурет және еңбек мамандығы бойынша сырттай құжат тапсырып, мұғалім мамандығын алып шығады.
Еңбек жолын өзі алғаш білім алған №30 Көктөбе мектебінде бастайды. Оралбек Тұрысұлы өзін жақсы қырынан көрсете білді. Сол кездегі мектеп басшысы жас маманның білімін, ұйымдастырушылық қабілетін бағалап директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Бірақ уақыт өте ауылдағы мектеп жабылып, оқушылар Теріс ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке қатынап оқиды. Қыс мезгілінде қатынап оқыған оқушылар үшін қиындық туғызады. Ауыл тұрғындары мен ұстаздары ауыл мектебін қайта ашу керектігін түсініп, өздері бар күштерін салып 1994 жылы Көктөбе орта мектебінің қайтып ашылуына ұйытқы болады. Сол жылдан бастап Оралбек Тұрысұлы осы мектептің директоры болып тағайындалады.
Білікті де білімді ұстаз аталған мектепке табан аудармастан 16 жыл басшылық етіп, білім саласының дамуына өз үлесін қосады. Ол білім шаңырағында білім сапасының артуына ерекше мән беріп қана қоймай, ұстаздардың әлеуметтік жағдайына, жеке психологиялық ахуалына баса көңіл бөлді. Көптеген таланатты жас ұстаздарды ізденімпаздыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, биік белестерге жетелейді.
Оралбек Жүзбаев №30 Көктөбе орта мектебіне басшылық еткен жылдары мектеп ҰБТ қорытындысы бойынша білім сапасы жоғары көрсеткішті көрсетті. Басшының білімі мен тәжірибесі ескеріліп, көптеген марапаттарға ие болды.
-Ұстаздық – ұлы мамандық, нағыз ұстаз болу үшін ең бірінші мамандығына деген сүйіспеншілік пен адалдық керек. Мен қазіргі жас мамандарға шыдамдылық пен төзімділік тілеймін. Ұстаз әрбір баланың жүрегіне жол тауып, қызығушылығын оята білсе, бала сабақтан бір нәрсе болса да үйренсе – ұстаздың жетістігі осы. Қазіргі таңда оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына көбірек тарту керек. Өйткені зерттеу жұмысы баланың ой-өрісін дамытады. Балаға ата-ана тарапынан да қадағалау, қолдау керек. Небір талантты балалар бар. Ұстаз бала бойындағы қабілетті байқап, аша білсе ұстаз үшін үлкен жетістік осы,- дейді ардагер ұстаз.
2005 жылғы қыс мезгілі тұрғындардың әлі есінде шығар. Сол қыста қар мөлшерден тыс көп жауып, аудандағы кейбір білім ошақтары қалың қарға дес бермей шатырлары қираған болатын. Сол қираған білім ошақтарының жағдайын өз көзімен көруге Қазақстан Республикасының сол кездегі Премьер-министрі Даниал Ахметов жұмыс сапармен келген еді. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары ауылға келген Үкімет басшысына ауылға жаңа мектеп салу жөніндегі тілектерін жеткізді. Сол жылы мамыр айының соңында ескі мектептің орнына үш айдың ішінде жаңа мектеп бой көтерді. Жаңа мектеп соғылып біткенде ауыл тұрғындарының қуаншында шек болмады. Олар балаларының жаңа білім ошағында білім алатынына қуанып, Үкімет басшысына үлкен алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Солай қыркүйек айында оқушылар жаңа білім ошағының табалдырығын аттады.
Әңгімемізді үнсіз тыңдап отырған отанасы, ардагер ұстаз Гүлсім Ақылбекова да сөзге араласып, өз пікірімен бөлісіп отырды.
«Қазіргі жастарға мемлекет барлық жағдайды жасаған. Білім ошағындағы кабинеттердің барлығы пән сабағына қарай жабдықталған. Олар қазір не ішем, не кием демейді. Қазіргі таңдағы олардың міндетті тек қана білім алу. Өйткені оқыған баланың болашағы жарқын болады»,- деді отанасы. Ұлағатты ұстазда қаншама жастарды мектептен түлетіп ұшырды. Олар қазіргі таңда Қазақстанның әр бұрышында бірі журналист болса, бірі мұғалім болып т.б салада қызмет атқаруда.
Гүлсім Ақылбекова да 40 жыл мектепте ұстаз болып қызмет атқарған. Гүлсім Пәшірәліқызы Қайрат ауылындағы «Октябрдың 40 жылдығы» атындағы орта мектепті бітірген. Әрі қарай Шымкент қаласындағы педагогикалық институтқа филология мамандығына оқуға түседі. Оқуды бітіріп, еңбек жолын Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды.
-Қазіргі таңда білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту білім мекемелерінің қазіргі уақыттағы басты ұстанымдарының бірі болуы тиіс. Өйткені бұл сала заман көшінен, уақыт талабынан қалыс қалмауы тиіс. Өзгеріс қажет. Серпіліс қажет. Мектеп бағдарламалары да заман талабына сайма-сай жетілдіріліп, жаңаруы тиіс. Ал, бұл үшін балаларға дәріс беретін ұстаздардың өздері үнемі ізденіп, оқу-білімдерін жетілдіріп, озық тәжірибелерін бөлісуі қажет,- дейді ардагер ұстаз.
Ұстаздар отбасында төрт ұл мен бір қызды тәрбиелеп, өсіріп ұлдарын үйлендіріп, қызын құтты орынына қондырып, олардан 18 немере сүйіп отыр.
Балаларының барлығы жоғары білімді. Ата-анасының жолын қуған ұстаздар. Ерназары аудан әкімдігінің білім бөлімінде әдістемелік кабинеттің меңгерушісі болса, Бекназар №30 Көктөбе орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Берік Алматы қаласында әскери бөлімде жұмыс істейді, қыздары Меруерт Т.Рысқұлов ауданының Сәбден ауылындағы №15 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді, сүт кенжелері Құттыбай Тараз қаласындағы №5 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
-Отағасы балаларына ешақашан ұрысқан емес. Оларға жайғана сөзбен айтатын. Аллаға шүкір, балалардың барлығы еңбекқор, білімді болды. Жолдасым директор болғандықтан, мен үнемі өзімді оның атына кір келтірмеуге, кішкентай марапат алсам да соған лайықты болуға тырысатынмын. Екеуіміздін де ұстаз болғанымыз, бірге еңбек еткеніміз өмірімізде ешқандай қиындық тудырған емес. Біз әрқашанда бір-бірімізді түсіне білдік,- дейді ұлағатты ұзстаз Гүлсім Ақылбекова.
Жүзбаевтар әулеті ұстаздар династиясы. Өйткені, бұл отбасының балаларынан бөлек келіндері мен немерелері ата-апасын жолын қуған ұстаздар. Айта кететін болсақ тұңғыш немерелері Гүлназ Оралбек мектепті үздік бітіріп, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін қызыл дипломмен аяқтап, қазіргі таңда Тараз қаласында №12 мектепте IT маманы болып қызмет атқаруда.
Оралбек аға мен Гүлсім апай зейнеткерлікке шыққаннан кейін құр қарап отырмай, немерелерінің тәрбиесімен айналысуда. Олар өздерінің бар білгендерін үйретіп, оларға ақыл-кеңестерін айтып, жол сілтеп, ата-апалық ақ батасын беріп отырады. Үйдегі немере басқа немереге қарағанда ата-апасына жақын болып өседі. Еркеназ атасының нағыз немересі, ол 9 сыныпты үздік бітіріп, қазіргі таңда Астана қаласындағы медициналық колледжде білім алуда. Ал, Еркебұлан апасының баласы, кішкентайынан зерек, өнерлі бала болып өсті. Ол бес жасынан бастап дзюдо күресімен айналысып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Өткен жылы жарық көрген республикалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атты жинағы кітабына №30 Көктөбе орта мектебінің озат, зерек оқушысы Еркебұлан Бекназарұлы да енген болатын. Балаларының осындай жетіске жетуі ата-апасы мен ата-анасының қолдауының арқасы. Еркебұланның інісі Ерсұлтан да ағасының жолын қуып күреске қатысуда.
Өткен жылы мұғалімдер күні мерекесіне орай ұлағатты ұстаздардың қаншама жылғы еңбектері еленіп, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғысхатымен марапатталды. Жүзбаевтар әулетінің еңбек жолы мен өмір жолы жас ұстаздарға, жалпы жастарға үлгі-өнеге боларлық ұстаздар отбасы десек артық айтқанымыз емес.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»