Basty bet

экологияны таза сақтау – баршаның міндеті

Күріш атасы Ыбырай Жақаев «Ел мен жер – оның көгілдір арманы мен мөлдір көлдері, байтақ даласы мен асқақ таулары – біздің басты байлығымыз. Жер, су, ауа адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына. Міне, осы қазынаны аға ұрпақ өкілдері біз де, кеңес адамдарының жас ұрпағы – сендер де, барлығымыз да көз қарашығындай сақтап, ел игілігіне жұмсауымыз қажет.

Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұлақты, жалғыз дәнді де ыждаһаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі», деп табиғатты аялау және қоршаған ортаны қорғау турасында осылай сыр шертсе керек.
Иә, дүниедегі тіршілік атаулының өмір сүретін мекені – қоршаған орта. Сондықтан қоршаған ортаны, яғни табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет.
Қоршаған ортаға біздің күнделікті өмір сүріп жатқан табиғат аясы кірсе, табиғат аясына – өсімдіктер дүниесі, жан-жануарлар әлемі, жер, су және ондағы тіршілік иелері кіреді. Ал, біздің өмір сүріп отырған қоршаған ортаға сырттан қандай да бір зиян келетін болса, онда табиғат аясындағы тіршілік иелері зардап шегеді. Экологиялық жағдай нашарлап, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылады. Соның ішінде адам денсаулығына үлкен қауіп төнеді.
Адамға қажетті ауа мен судың тазалығы табиғаттың тепе-теңдігіне, экологиялық жағдайдың тұрақтылығына тікелей тәуелді. Ал, тазалық сақталмаған жерде эпидемиялық аурулар пайда болуы мүмкін екені бесенеден белгілі. Адам ауру-сырқауға ұшырауы ықтимал. Сондықтан дәл осындай ауруларға шалдықпау үшін, әр адам тазалық сақтауды өзінен бастауы тиіс. Айналамыздың ластанбауына тікелей адамдар жауапты болғандықтан, экологиялық мәдениетті қалыптастыру өте маңызды. Бұл үшін балабақшадан бастап қоршаған ортаның бүтіндігіне бей-жай қарамайтын ұрпақ тәрбиелегеніміз дұрыс. Ата-аналар балаларының бойына табиғатқа, қоғамға жанашырлық, жауапкершілік әдептерін сіңіруге ерекше мән берген жөн.
Жастарға экологиялық білім мен тәрбие беру – қашанда өзекті мәселе. Осы ретте ауданымызда «Жасыл ел» еңбек жасақтары жүйелі жұмыстар атқаруда.
«Жасыл ел» – Президенттің «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы елордамызда «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді.
Аталған бағдарлама он екі жылдың ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді, туған жерімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.
«Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да бізде де еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жас-тардың тәрбиесі мен оларды еңбекке баулу және жастарды еңбекке тарту.
Бағдарламаның мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елдімекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жастарды осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету болып отыр. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» аға инспекторы, «Жасыл ел» еңбек жасағының жетекшісі Есен Орынбайдың мәліметінше, ағымдағы жылдың 11 сәуірінен 10 мамыр аралығында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Б.Момышұлы ауылы, Нұрлыкент, Қарасаз, Шақпақата және Күреңбел ауылдық округтерінен NEET санатындағы және жұмыссыз 22 жас көктемгі бір айлық маусымдық жұмысқа тартылған. Бағдарлама негізінде көктемгі көгеріштендіру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін «Жасыл ел» сарбаздары түрлі жұмыстар атқарған.
Атап айтар болсақ, ауданымыздағы және ауылдық округтердегі саябақтар, алаңдар, мәдени орындарға сенбілік жұмыстарын жүргізумен қатар ондағы тал дарақтарға күтім жасалды. Сонымен қатар арнайы декоративті көшеттер мен жеміс ағаштары отырғызылды. Жалпы 9 тонна қоқыс жиналды, 4,5 га жер арам шөптен тазарттылды және 1169 түп ағаш көшеттері отырғызылып, оларға күтім жасалған.
– Қазіргі таңда екінші маусымға жұмыс жасауға 20 жас өтінім беріп отыр. Айта кететіні жыл соңына дейін жоспарға сәйкес «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 100 жасты қамту көзделіп отыр.
Адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Сол себепті табиғат пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың үйлесімді дамуы әрбір адамның денсаулығына, физиологиялық өсіп жетілуіне ауадай қажет екендігіне адамдардың, әсіресе жас ұрпақтың көзін жеткізу бүгінгі таңдағы маңызды мәселе болып отыр. «Тәрбие тал бесіктен» демекші, жастарды табиғатқа жаңашырлықпен қарауға бала кезден тәрбиелеген дұрыс деп санаймын. Бұл ретте отбасының алатын орны өте зор. Және де экологиялық ағарту ісін бастауыш сыныптардың бағдарламасына еңгізу қажет. Жастайынан табиғатқа қамқорлық жасауды үйренген бала ешқашан қоғамға және қоршаған ортаға зиян келетін әрекетке бармайды.
Жастарды табиғатты аялауға тәрбиелеудің тағы бір жолы ол – еңбекке баулу. Оларды жиі сенбілік жұмыстарына тарту қажет. Мұндағы айтпағымыз, оларды мәжбүрлеп, күштеудің қажеті жоқ. Қайта қызығушылықтарын арттырып, ойын немесе жарыс түрінде өткізген жөн.
Жастар үнемі үлкендерден өнеге алады. Сол себепті де әрбір ересек адам, жауапкершілігін сезініп, үлгі бола білуі қажет, – дейді Есен Тәжібайұлы.
«Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз», деп атам қазақ айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде. Мұндай жүйелі жұмыстар әлі де жалғасатын болса, жаңадан өсіп келе жатқан жас буынды және жастарды тазалыққа үйрету қиынға соқпайтыны анық. Сондықтан да, тазалықты әр адам өзінен бастап, айналасындағы адамдарға үлгі болуы тиіс деп ойлаймын. Сіз не дейсіз, құрметті оқырман?!

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close