Basty bet

Маңызды мәселелер қаралды

Өткен аптада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының Жуалы аудандық бөлімінің басшысы Бақытжан Сүйіндіков, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев, Қоғамдық кеңес мүшелері және сала мамандары қатысты.
Күн тәртібінде негізгі төрт мәселе қаралды. Олар – аудан әкімдігінің тиісті бөлімдерінің 2025 жылы атқарған жұмыстары, ветеринариялық қызметтің жай-күйі, ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған шаралар және түрлі мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Қ.Жатқанбаев баяндама жасап, 2025 жылға жоспарланған инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды. Кеңес мүшелері тарапынан Көлтоған ауылындағы құрылыс және Бақалы ауылындағы ауыз су тарту жұмыстарының сапасына байланысты сын-ескертпелер айтылды. Бұл жұмыстардың қайта бақылауға алынатыны және назарда болатыны жеткізілді. Сонымен қатар, Б.Үсенов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары мен ауа райына байланысты туындаған қолайсыздықтар қозғалды. Аталған мәселе бойынша нақты жауап берілмесе де, бақылауда болатыны айтылды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары бойынша 2026 жылға күрделі жоба жасалып жатқаны және облыстық бюджеттен қаржыландыру көзделіп отырғаны мәлім болды. «Тесік көпір» аталып кеткен жол өткелі де облыс тарапынан бөлінген қаражат есебінен жартылай орындалып, толық аяқталуы 2026 жылға жоспарлануда. Бұл мәселе бойынша кеңес мүшелері бірауыздан келісім берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының Жуалы аудандық бөлімінің басшысы Б. Сүйіндіков баяндама жасады. Қаңғыбас иттер ауланған соң аудандық питомникте жеті күн бақылауда ұсталып, кейін бостандыққа жіберілетіні, себебі оларды өлтіруге заң бойынша тыйым салынғаны айтылды. Ветеринариялық қызметтің облыстық қаржыландыруға өтуі жұмыс барысында біраз қиындықтар туындатып отырғаны атап өтілді. Мал сою орындарының елді мекендерде қараусыз қалып, қирауы халықтың үй жағдайында мал союға дағдылануынан болып отырғаны айтылып, бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. «Сібір жарасы» дерегі бір жағдайда тіркелгенімен, нақты малдардан анықталмаған. Вакцинацияға сұраныс берілген. Чип салу құны бастапқыда 350 теңге болғанымен, қазіргі таңда 750 теңгеге өскені, оның 150 теңгесі қызмет ақысы екені баяндалды. Кеңес мүшелері тарапынан бұл есеп қолдау тауып, бірауыздан мақұлданды.
Үшінші мәселе бойынша аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е. Серкебаев баяндама жасап, ауыл шаруашылығы саласындағы жоспарлармен бөлісті. Дизель отыны бағасының қадағалануына қатысты мәселе басты назарда болатыны айтылды. Су ұңғымасына қазу бойынша субсидия алу мәселесіне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Тұқым сапасына қатысты нақты мәліметтер жиын-терін жұмыстары аяқталған соң зерделенетіні жеткізілді. Сүт өндірісі бойынша аудандағы сауын сиырлардың нақты саны туралы есеп бар екені, бұл мәселе болашақта назарда ұсталатыны мәлімделді. Мәселе бойынша кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді.
Отырыс соңында аудандық білім бөлімі басшысы Б. Шертаеваның 2025-2026 оқу жылында Жуалы ауданындағы білім мекемелерінде 1-11 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуға байланысты құрылған комиссия құрамына Қоғамдық кеңестің бір мүшесін ұсыну туралы хаты оқылды. Кеңес мүшесі Мақсұтбек Арзымбетовтың кандидатурасы ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.
Отырыстың қорытындысында барлық мәселелер бойынша шешімдер қабылданып, қоғамдық кеңес мүшелері белсенділік танытты. Кеңес төрағасы барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, халық игілігі үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Рахымғазы Құниязов, аудандық қоғамдық
кеңестің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close