Basty bet
Пластикалық терезеге сұраныс жыл санап артып келедI
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында бизнес өкілдері үшін жағымды жаңалықтар қозғалды. Нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек», дейді ел Президенті.
Мемлекет жүргізіп отырған саясаттың басым бағыттарының бірі – жұртшылықты жұмыспен қамту. Жер-жердегі «Мансап» орталықтары арқылы жұртшылықты кәсіптік негізде оқытудан өткізу арқылы мемлекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіншіліктер жасалуда.
Осындай Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана білген жастардың бірі Айдар Қаңтарбаев Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының тұрғыны. І топтағы мүгедектігі бар азамат мемлекеттен алған 1миллион 380 мың қайтарымсыз қаржыға қажетті құрал-жабдық алып, үйінен пластик есік-терезелер шығаруды қолға алған. Аталған грантты алу үшін ақпан айында электрондық «Enbek.kz» порталы арқылы өтініш берген. Кейін комиссия отырысына қатысып, жобасын сәтті қорғап шыққан. Ол осылайша биылғы жылдың мемлекеттік грант иегері атанды.
Заман талабына сай пластикалық терезелерге халықтың да сұранысы да күн санап артқан. Күнделікті пластикалық терезелерді жасап, оны сұранысқа сай көпшілікке ұсынуда әкесі Ерғалидың да көмегі зор. Әкелі-балалы бұл кәсіпті осылайша дөңгелетіп отыр.
Өңір тұрғындарының басым көпшілігі заман талабына сай үйлерінің соңғы үлгіде жабдықталуына, әсемделуіне көп көңіл бөлуде. Сол себепті де азаматтардан түсетін тапсырыстарды уақтылы, сапалы атқаруға барын салады. Терезелердің ақ, қоңыр, біріктірілген түстеріне сәйкес тапсырыстар қабылданады. Бір терезені жасауға жарты сағат уақыт кетеді.
Пластикалық терезеге деген сұраныс ең алғаш Америкада 1960 жылдардан басталған болатын. Пластикалық терезелердің бір тиімділігі сырттағы суықтықты бірқалыпты температурада ұстап тұруында. Терезе ішіндегі шыныны есептеп, арнайы кескішпен мұқият кесу оңай шаруа емес.
-Менің пластикалық терезе жасауға деген қызығушылығым алғаш білімгер кезімнен басталған болатын. Кейіннен Тараз қаласында 10 жылға жуық пластикалық терезе жасау цехында жұмыс істей жүріп, өзіме мол тәжірибе жинақтадым. Тәжірибенің арқасында бүгінде өз кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Тапсырысқа сай азаматтардың үйінің терезесінің көлемін өлшеп, сол өлшем негізінде терезелерді дайындаймын. Бұл кәсіпті дамыту үшін есеп-қисаппен, геометриялық өлшем бірліктерді терең білу маңызды. Бір жерінен мүдіру – істі қайта жасауыңа алып келеді. Кезінде бойда денсаулық барда жұмысымды еркін естедім. Ойламаған жерден жол апатына ұшырап, қос жанарыма зақым келтірдім. Уақтылы емделудің арқасында бір көзім бұлдырап болса да көреді. Осыған да шүкір етемін. Жұмыссыз қалғандықтан кәсіптің сан түрін ойластыра келе, дәл осы кәсіптің болашағы болатынын сездім.
Біз жасап шығарған пластик терезенің ақ түсінің 1 шаршы метрі 35 мың теңге. Ал қоңыр түстісі 45 мың теңге. Өз кәсібімді бастағаныма төрт ай енді болды. Еңбекақы тапсырыстың көлемі, ауқымына байланысты. Отбасында Лаура есімді жарым үш ұл-қызым бар. Менің бұл кәсібіме ата-анам, отбасым толық қолдау көрсетеді. Олардың қолдауы, демеуі көп көмегін тигізеді,- дейді Айдар Ерғалиұлы.
Адал еңбектің адам баласына берері қашан да мол! Осындай нарықтағы азаматтардың сұраныстарына сай келетін кәсібінің болашағы жарқын болуын тілейміз!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»