Basty bet
Тарих сабақтары
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай аудандағы зиялы қауым өкілдері “Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш” алдына жиналып, гүл дестелерін қойып, сол сұрапыл жылдарда саяси қуғын-сүргін мен репрессияға ұшырап, аштықтың қармағына ілініп, қаза тапқан марқұмдардың рухына бағыштап Құран оқыды. Атап айтқанда, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев бастаған депутаттар, аудандық ардагерлер ұйымы, қоғамдық кеңес, Чернобыль-Семей апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлер, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, Германия кеңес әскерлерінің тобы мен Варшава келісім-шарты әскерінің тобы ардагерлері, т.б. азаматтар ескерткішке гүл дестелерін қойды. Ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев Құран оқыды.
Деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың бірінші жартысында 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың 25 мыңдайы атылды. Осы қаралы жылдары елімізде ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасты. Жазықсыз жазаланғандар қатарында көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялысы болды. Ұлтымыз алапат аштықтың да зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Ұжымдастыру науқаны қазақ байтағын бұрын-соңды болмаған аса ауқымды апатқа ұрындырды.
Соңғы жылдары халқымыз бастан кешкен нәубет жылдардың себеп-салдарына тағы да терең үңіліп, шынайы баға беру үрдісі тың қарқынмен белең алды. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы” Жарлығы екпін берді. Аталған мемлекеттік комиссия 3 жылдың ішінде көптен күткен өте маңызды әрі ауқымды істерді атқаруда. Яғни қазақ жерінде аштықтың тууы мен белең алып кетуіне қандай субъективті факторлар әсер еткенін зерттеуде.
“Бірінші фактор – Голощекин тұлғасы. Бұл факторды оның кінәсі жоқ, ол партия мен үкіметтің тапсырмасын орындады деп теріске шығаруға немесе төмендетуге болмайды. Голощекин елдің апат аранына түсіп бара жатқанына қарамастан, партия мен үкіметтің тапсырмасын мүлтіксіз орындады. Қазақстанға 1925 жылдың қазанында келіп, 1933 жылдың ақпанына дейін қызмет істеген Филипп Исаевич Голощекин осы аралықта революцияға дейін қалыптасқан, қазақ қоғамында ықпалды болған қазақ зиялыларын ғана емес, революция жағында болып, кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқандардың өздерін де тұқыртып, биліктен шеттетті. Голощекиннің айтқанына көніп, айдауында жүргісі келмейтін Смағұл Сәдуақасұлы секілді ұлтшыл азаматтар елден ығыстырылды.
Қазақстанның аштыққа душар болуының екінші факторы – Голощекинмен бірге билікте болған қазақ большевиктері. Олар халық қолындағы малынан айырса, аштыққа душар болатынын, шыбындай қырылатынын болжай алмады. Ал, білгендердің, сезінгендердің елдің мүддесін қорғап бірауыз сөз айтуға, Голощекинге қарсы тұруға батылдары жетпеді. Бірқатары коммунистік партияның жолы дұрыс, ұлы істер жолында құрбандықтар болады деп санады.
Үшінші фактор – ұлт мүддесін басты орынға қоятын Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды қазақ зиялылары бұл кезде ОГПУ-дің бақылауында болды, сотталды немесе жер аударылды.
Төртінші фактор – Мәскеудің ет дайындау, астық дайындау қысымы өте жоғары болды. Қазақстанға Ресейдің өндірістік қалаларынан осы науқанға арнайы жіберілген өкілдердің көпшілігі өз міндеттерін қаталдықпен атқарды. Большевиктік партия ісінің дұрыстығына сенді, өз міндеттерін беріле, бұлжытпай орындады. Халықтың аштыққа душар болып, қырылып жатқандарын көргендердің бірен-сараны болмаса, көпшілігінің батылы жетіп айта алмады. Оларда да қорқыныш пен үрей болды.
Күштеу органдары наразылық білдірген халықты аяусыз басып, жанышты. Шарасыз халық шекарадан өтіп кетпек болғанда, қарулы әскер қарсы алды не соңына түсті, қуғынға, қырғынға ұшыратты.
Большевиктік билік ел ішін таптық бөлінуге, жіктелуге итермелеп, ынталандырып отырды. Қалыптасқан ұлттық бірлік, рулық-туыстық негізінде құрылған шаруашылық жүргізу жүйесі бұзылды. Кеңестік өкімет кедей-кепшіктен шыққан белсенділерді байлардың шаруашылығын тәркілеуге, оларды қоғамнан шеттетуге, қазақ қоғамындағы ықпалды тұлғаларды барлық саладан ығыстыруға пайдаланды”,- дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Құрманғали Даркенов “Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында.
Ендігі жерде жаңа дәуірде өмірге келген азат ойлы әрбір қазақ аштықтан, саяси қуғын-сүргіннен қынадай қырылған ата-бабамыздың рухы үшін еңбек етіп, алдына биік мақсат қоюы керек. Бұл – жазықсыз жапа шегіп, өлім құшқан Алаш арыстарының асыл арманы еді. Халқымыздың ендігі өмірі бейбітшілікте өтіп, тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын!
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”