Basty bet
Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады…
Елдің еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Халық еңбекке бейім болса, ел ырысқа кенеліп, өзгелермен терезесі теңеліп, бақуатты, бәсекеге қабілетті мемлекет болып нығаяды. Сондықтан айрықша маңызға ие Еңбек күнінің мақсаты осынау құндылықтарды құнттау, еңбекқор азаматтардың беделін көтеру, өнімді еңбек етуге ынталандыру екені сөзсіз.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру бағытында саяси жаңғыруды, елімізді дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау және қоғамды одан әрі демократияландыруға арналған бірқатар маңызды бастамалар жөнінде атап айтты:
«Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда, қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «Мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс» – деді Президент.
Әр адам жетістікке, табысқа өзінің адал еңбегімен жете алады. Ерінбеген адамға қашанда екі қолға бір күрек табылады.
Бірақ қазіргі қоғамда жұмысты талғап, оның жалақысын азсынып, бірден мол табысқа жетуді ойлайтын қате пікір қалыптасқан. Масылдық бойды жаулап, еріншектікке жол береді. Ал, мұндай жалқаулықпен масылдық барда адам ешқашан табысқа кенеле алмайтыны анық.
Біз осы ретте өз маңдай терлерімен жұмыс жасап, ешкімнен ештеңе сұрамай, бала-шағаларын бағып отырған, елге сыйлы, еңбекқор отбасы жайлы айтқымыз келіп отыр.
Олардың қатарында Нұрлыкент ауылдық округінің орталығы Нұрлыкент ауылында тұратын Мадина Аманбаеваның отбасы да бар.
Мадина Аманбаева отбасымен 2000 жылы Өзбекстан Республикасынан атажұртқа қоныс аударған. Осында келіп әр жұмыстың көзін қарастырып, соңында егінмен айналысуды ұйғарады. Өйткені өз есіктерінің алдындағы жерден де пайда көруге болатынын түсінді.
– «Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады, еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші әр адам еңбекқор болу керек. Кәрі адам да, бала да еңбектену керек. Болашағында олар өз еңбегінің ақысына өмір сүреді. “Еңбек пен бақыт – егіз” дегенімен еңбек еткен адам бақытты болады. Міне еңбекпен тапқан адал нан осы екен.
Біз осы жаққа қоныс аударғанда, бұл жақтың тұрғындары өз үйлерінің алдындағы жерлерді пайдаланбай, көп көршілеріміздің жерлері бос жататын. Сол кезде неге дайын жерді пайдаланбайды деп ойлайтынбыз.
Өзімнің есігімнің алдындағы жер он соттық. Ол жерге мен ерте көктемде наурыз айында жылыжай соғып, ішіне қызанақтың үш-төрт түрін, тәтті бұрыш, ащы бұрыш, баялдының тұқымдарын себеміз. Екі ай оны күтіп-баптап, арам шөбін жұлып, тазалаймыз. Күн жақсы жылынғанда жылыжайдың бетіне жабылған арнайы материалды ашып отырамыз. Ол жылыжайды жолдасым, балаларымызбен бірге жабылып қараймыз. Айтуға оңай болғанымен оның жұмысының өзі қиын. Мамыр айының 20-на қарай дайын болған көшеттерді сатуға шығарамыз. Әр көшетті әр түрлі бағаға сатамыз. Жылыжайдан шыққан көшеттерді аудан орталығына барып сатамыз. Ауданның көп тұрғындары бізді жақсы таниды. Алдын ала тапсырыс беріп отырады.
Бұл да болса бала-шағамның несібесі. Жылыжайдың орнына біз қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, асқабақ, баялды отырғызамыз,- дейді Мадина Әбдірайымқызы.
Қазіргі таңда адамдардың бойында масылдық, жалқаулық, еріншектік деген қасиеттер басым. Мемлекет береді, мен таза жерде жақсы айлық жалақы алып отырамын деген пікір бар. Бірақ, бұлай жата беруге болмайды. Керісінше, кішкентай ғана нәрседен үлкен дүниеге қол жеткізуге болатынын ойлау керек.
Мадина Аманбаеваның жолдасы Нұрқожа Аманбаев ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Бірақ мен осындай жанмын деп үйде қарап жатқан жоқ. Үйлеріне жақын жерден бір гектар жерді жалға алып, ол жерге сәбіз бен қырыққабат отырғызған. Сол жерге жаз бойы, сол өнім дайын болғанша жолдасы қарайды екен.
Бау-бақшадан бөлек, бұл отбасы бір сиыр асырайды. Сол сиырдың сүтінен қаймақ, ірімшік жасап сатады.
Қазіргі таңда он екі мүшесі сау адам бұлай барып тірлік істегісі келмейді. Ол кісі болса құр жатқанша бала-шағама бірдеңе болсын деп жүр.
-Бау-бақшадағы көкөністер дайын болғанда, керегін ауыл тұрғындарына саудалаймын. Мысалы жылда менен ауыл, ауданнан келіп қияр сатып алады. Жылда қиярларымды сатып алатын тұрақты тұтынушыларым бар. Олар алдын ала тапсырыс беріп қояды. Мен соған қарай қиярды теріп, дайындап қоямын.
Бау-бақшада піскен көкөністерден ақысына банкі жауып беремін. Содан түскен қаражатқа балаларыма керекті құрал-жабдықтарды алып отырамын.
Қазіргі таңда жастар ауыр жұмыс істегісі келмейді. Олар жеңіл жұмыс істесем, мол табысқа кенелсем деп армандайды. Жас кезде тірлік істеп, еңбектің көзін тапса, ол болашақтарына азық болмай ма?!, – дейді Мадина Аманбаева.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»