Basty bet
Ел дамуына еңбек сіңірген азамат
БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның 29 тамызды «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн» деп жариялау туралы ұсынысын мақұлдап, арнайы қарар қабылдағаны белгілі. Бастаманы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семейде өткен жиында көтерген болатын.
Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні 2009 жылы 2 желтоқсанда болған БҰҰ-ның алпыс төртінші бас Ассамблеясында бекітілді. Жаңа дата, яғни 29 тамыз БҰҰ, әлем елдері, үкіметаралық және ҮЕҰ-дың Ядролық сынақтарды тоқтатуға бірлесе күш салатын күні. Бұл ядролық сынақтарсыз тыныш әлем құрудың жолы. Осы күнді бекіткен БҰҰ-ның сол күнгі бас Ассамблеясында «Адам өміріне алапат зиянын келтіретін ядролық сынақтарға шектеу қойылу керектігі» жайында баса айтылды.
29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні. 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны мәңгілікке жабылды. Бейнелеп айтқанда, айдаһардың аузынан атқылаған аса қауіпті қызыл жалын сөндірілді. Ендігі кезекте бейбіт күннің қадірін білуіміз қажет.
Осыдан 40 жыл бұрын сонау Беларусь жеріндегі ядролық сынақты өз көзімен көріп, оған қатысып, бірнеше мәрте ажалмен бетпе-бет келген жуалылық ардагер азаматтың бірі – Нұрғали Ералиев. Жалпы Нұрғали Әбдәліұлын Жуалы жұртшылығы жақсы таниды десек, артық айтқандық емес. Иә, бүгінде асқаралы 60 жастың асқарына алқынбай жетіп, ел құрметіне бөленген қадірлі азаматтың қасиетті өңірдің дамуына сіңірген еңбегі орасан. Нұрғали Әбдәліұлы өңірдегі алдыңғы толқын ардагер ағалардың ізін жалғай отырып, өзінің дара соқпағын салғанына өзін әрқашан бақытты санайтынын айтады.
Әрбір адам – бір-бір жеке тұлға. Әрқайсының өзіне тән жеке-дара жолдары бар. Сол сияқты Нұрғалидың да ешкімге ұқсамайтын дара жолы, Құдай пешенесіне жазған өзінің соқпақты тағдыры бар. Ендігі кезекте ардақты азаматтың өнегелі өмір және еңбек жолына үңілгенді жөн көріп отырмын. Ол 1962 жылы Боралдай өңіріндегі Көлтоған ауылында дүниеге келді. Сонда мектеп табалдырығын аттап, орта білім алды. 1979 жылы білім қуып, сол кездегі ел астанасы Алматы қаласына барды. Сол жылы армандаған жоғарғы оқу орнына түсе алмаған соң, туған ауылындағы «Коммунизм жолы» колхозында әртүрлі жұмыстар атқарды. Құрылысшы, тракторшы, малшы дейсің бе, Нұрекең ол мектепдің барлығынан сүрінбей өткен еңбекқор азамат.
Отанды қорғау – ер азаматқа негізгі міндет. Елдің алдындағы қасиетті борышын өтеуді ұмытпаған ол 1981 жылы наурыз айында өз еркімен аудандық әскери комиссариатқа барып, Кеңес әскерінің қатарына алуды өтінеді. Себебі бұған дейін де «бойың аласа, салмағын жетпейді» деп бір-екі рет қайтарып жіберген болатын. Бұл жолы да мәз болып тұрғаны шамалы. Бірақ өз еркімен жазбаша өтініш жазған соң оны Армияға алатын болды. Сондағы бар арманы – ол жақтан өсіп-толып, есейіп, ысылып-шынығып, әскерден келгеннен кейін Алматы халық шаруашылығы институтының дайындық бөліміне жолдама алу болатын…
Тағдыр дегенді көрмейсің бе?! Нұрғалиды тағдыр айдап ол әлемдегі алып империя Кеңес Армиясының Белоруссиядағы қалың ормандарында орналасқан әскери құпия бөліміне түседі. Бұл құрылық аралық (между континентальный) стратегиялық мақсаттағы зымырандар бөлімі болатын. Зымыран техникалық базасы оның ішіндегі «СС-21» ядролық оқтұмсық қаруы. Алғашқы бір жыл тек қана техникалық сабақтар, оқулық (учения) жаттығулар ядорная физика, карта-чертёж бұл бөлімде офицерлер өте көп болатын. КСРО Қорғаныс Министрлігінен арнайы комиссиялардан небір мүйізі қарағайдай полковниктер мен генералдар келіп, әскерлерге дәріс беретін. Қазақтың бір жапырақ қаршадай баласы әлемдегі ең алып қару игерді. Қыр-сырын білді, зачет-сынақтардан сүрінбей өтіп, қолына әскери ученияға қатысатын туралы рұқсат құжатын (допуск) алды.
«Тағдыр» деген қандай десеңізші… 30-40 жылда бір-ақ рет болатын әскери ученияға Нұрғалидың тура тап келгені. НАТО – «Варшава келісім-шарты» дегендерді тарихтан білетін шығарсыздар. 1982 жылы маусым айында «Батыс Европа» деген әлемдегі ең үлкен әскери жаттығуға (ученияға) Нұрғали да қатынасты. Сол тұста КСРО-ның Қорғаныс Министрі – Кеңес Одағының Маршалы Устинов, Бас штабтың бастығы – Кеңес Одағының Маршалы Соколов болатын.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Жаттығуда қиын болса, соғыста оңай болады» деген қанатты сөзі бар. Әскери жаттығулардың шығынсыз болмайтыны белгілі. Кеңес әскерлерінің ішінде 19-20 жастағы өрімдей жас солдаттарының шейіт болғанын ол өз көзімен көрді. Ал сондай қауіпті, қиын-қыстау сәттерде жас солдат Нұрғалиды Құдай қағып, ол бір Алланың құдіретімен аман қалды. Жаттығудан алған зардаптың текке кетпейтіні белгілі. Ол тоғыз ай бойы әскери госпитальдарда емделді. Оған Минск қаласында күрделі ота жасалды. Операцияны басшылары, әскери медицина қызметінің полковнигі (капитан первого ранга) әскери медицина ғылымдарының докторы, академик Ветровтың өзі жасап, басқарды. КСРО Қорғаныс Министрлігінің дәрігерлік комиссияның шешімімен (комиссовать) етіп, үшінші топтағы мүгедек ретінде Нұрғали Ералиев КСРО Қарулы Күштерінің қатарынан мерзімінен бұрын шеттетілді. Көрер жарығы таусылмаған екен. Ол туған жердің топырығына, бүгін марқұм асыл анасы Шырынханның жанына 1983 жылдың жарқыраған көкмайса көктемінде аман-есен оралды.
Иә, кеңестік кезеңде Армияға бармау, әскерден ерте қашу немесе мерзімінен бұрын оралу өзін ар азаматпын деп санайтын жігіттерге намыс болатын. Ондайларды қыздар да сыйламайтын. Бойында намысы бар ер азамат емес пе?! Осы тұста Нұрғали Әбдәліұлының бір ерлігін айта кеткенді жөн көріп отырмын. Ол мемлекеттен берілетін үшінші топтағы мүгедектіктің пенсиясының бүгінгі таңға дейін «соқыр тиынын» да алған емес. Адамда денсаулық болмаса, өте қиын. Нұрекең 2015 жылы Алматы қаласындағы әскери госпитальда қайта емделіп, емдеу қорытындысымен Астана қаласына Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігің әскери комиссиясына жіберілді. Комиссия құрамы оны екінші топтағы мүгедек санатына енгізіп, зейнетке шығармақшы болады. Алайда Нұрғали оған қарсы болып, табандап тұрып алады. «Маған ешқандай мүгедектіктің қажеті жоқ, уақыты келгенде шығамын зейнетке» деген жүрек түкпіріндегі сөзін де ешкімнен жасырып қалған жоқ. Оны ашық айтып салды. Қорғаныс Министрлігіндегі еліміздің сыйлы азаматтарын ортаға салу арқылы екінші топтағы мүгедектікпен пенсияға шықпай қалып қойды. Біле білгенге, бұл нағыз ер азаматтың ғана қолынан келетін ерлік емес пе?!
Ендігі кезекте ел сыйлаған азамат Нұрғали Әбдәліұлы екеуміздің қалай таныс-біліс, сыйлас болғанымызға тоқталайын. Біз өткен ғасырдың 1986-1993 жылдары ауданға қарасты таулы өңір – Боралдай ауылдық округінде бірге қызметтес болдық. Бізді еңбек табыстырды. Мен сол тұста Боралдай ауылдық кеңесінің учаскелік милиция инспекторы едім. Екеуміз қоян-қолтық қызмет атқардық. Ол «Коммунизм жолы» колхозы бас бухгалтерінің мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары болатын. Мен оның бойынан жеке басының жұмысынан гөрі, қоғамның жұмысын бірінші орынға қоятын қасиетті байқадым. Шаруашылықтың дүние-мүлкін түгендеу (инвентаризация) кезінде адалдық танытып, заңға сәйкес принципті ұстады. Ол қай мәселеде де әділетті бола білді.
Боралдайтын бет қаратпайтын борандарында мал санаққа және сайлау кездерінде атқа мініп шопандарды бірге аралайтынбыз. Науқан кезеңдерінде қой қырқыны, егін орағы сияқты жауапты науқандардың басында егіз қозыдай болып бірге жүрдік. Нұрекең сол кезде-ақ өзінің білімді және білікті бухгалтер екенін дәлелдеген азамат. Оған дәлел, 1993 жылдың басында «МРСХО»-ға Жуалы ауданаралық арнайы мамандандырылған шаруашылық бірлестігіне аудан басшыларынан құралған арнайы аттестацияның қорытындысымен бас бухгалтер болып (переводпен) ауысты. Сол тұста ауданның бірінші басшысы, іскер азамат Еркінбек Солтыбаев болатын. Нұрғали Ералиев 1998-2000 жылдары ауданда ревизор болып абыройлы қызмет атқарды. 2000-шы жылдан күні бүгінге дейін салық саласында, дәлірек айтқанда, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында тапжылмай қызмет атқаруда.
40 жылға жуық аралас-құралас болып келе жатқан үзеңгілес досым Нұрғали Әбдәліұлының бойынан қазақ азаматына тән ізгі қасиеттерді, қайраткерлікті көремін. Оның бірегей азаматтық келбетін де айшықтап тұратын осы қасиеттері. Қазақта «сынық арба көп көшер» деген мақал бар. Ядролық сынақтарға қатысып, одан кейінгі саналы ғұмырын есеп-қисап саласына арнап, қасиетті өңірдің дамуы мен өсіп-өркендеуіне өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан Нұрғали Әбдәліұлына ұзақ өмір тілеймін. Ол қыркүйек айында Алматы қаласына әскери гопитальға емделуге барғалы отыр. Денінің сау болып, ауырмауын Алладан тілеймін.
Біз ежелден ғасырлар бойы батырларын сыйлап, қастерлеп төрден орын берген халықпыз. Әр дәуірдің өз батырлары болған. Қазіргі техниканың, қару-жарақтың дамыған заманы. Бір сөзбен айтқанда, талай қиындықты көрген, оны көтере білген Нұрғали Әбдәліұлы қазіргі бейбіт заманның батыры. Мен оны отставкадағы майор ретінде жақсы түсінемін.
Кезінде Кеңес Одағының төрт дүркін батыры, Кеңес Одағының Қорғаныс Министрі Бас штабтың бастығы болған Маршал Жуков: «3-ші дүни жүзілік соғыста автомат, танк, артиллерия болмайды»,- деп айтып кеткен. Бүкіл әлемді қырып-жоятын атом соғысының беті әрмен кетсін. Елімізде тыныштық орнап, бейбітшілік заман болсын, соғыс болмасын деп тілейік.
Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Нұрғали Ералиев «Қызыл Жұлдыз» және көп салалық «Даңқ» орденінің иегері. Халықаралық ядроға қарсы «Семей-Невада» қозғалысының 20 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталған. «Между народный Союз инвалидов ядорных испытании и катастроф» медалімен, «50 лет Ракетным войскам стратегического назначения», «Ерекше тәуекелді солдаттар» және «Батыр шапағаты» медальдарымен марапатталған. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған төсбелгінің иегері. Сонымен қатар Нұрғали Әбдәліұлының кеудесінде қызмет еткен бөлімі гвардиялық дивизия болғандықтан «Гвардия» алтын төсбелгісі алыстан жарқырап көрінеді.
Мен білетін Нұрғалидың тағы бір ерекше қасиеті бар. Оның халықтың сөзіне құлақ түріп, көрген-білгенін, өмірден түйгенін қағаз бетіне сауатты түсіре білетін қасиетін айтқым келіп отыр. Ол – шығармашылықтың адамы. Осы күнге дейін баспадан бес кітабы басылып шықты. Кітаптарының ең алғашқысы отыз жылдай толғанып жүріп жазылған «Ана аманаты» атты еңбегі. Нұрғали осы дүниені жазу арқылы асыл әжесі Орынкүл мен анасы Шырынханның аманатын ақтап шықты.
Нұрғали бұл еңбегінде әкесінің туған ағасы, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза болған майдангер Қасым Ералиевтың ерліктерін нақты фактілермен баяндайды. Қазіргі таңда Қасым Ералыұлының атында өзінің кіндік қаны тамған Көлтөған ауылында бір көше және ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында бір көше бар. Қасекеңдей Батыр аталардың әруағы риза болсын.
Екінші кітабы – «Боралдай». Онда Боралдай шахтасы туралы көзі көрген, сол шахтада жұмыс істеген кісілердің тарихы баяндалады. Боралдай шахтасын қайтадан ашу мәселелері де көтерілген. Нұрғали «Есебі түзу есепші» кітабында ауданның маңдайалды білгір де білімді бас бухгалтері Қайрат Әміровтың қызық та қиын өмір жолдары жазылған. Төртінші кітабы «Салықшылар» деп аталады. Онда ауданда салық органының құрылуы, аудан экономикасының өсу мен өрлеуі туралы баяндалған. Бесіншісі – «Сиқым-Есті» шежіре кітабы. Кезінде әділетсіздікпен арғы бабалары «Естінің» қалайша «Жаман-Есті» аталғанын жас ұрпақтарға жеткізеді.
Нұрекең қазіргі таңда аудандағы «Чернобыль» апатынан зардап шеккендер және Семей ядролық сынақ полигонына қатынасқан жуалылық жерлестері туралы деректі кітап жазуды ойлауда. Олардың да жыл санап азайып барады.
Мақаланың соңында кезінде қылышынан қан тамған қызыл империя, әлемдегі алып мемлекет КСРО-ның (Кеңес Социалистік Республикалар Одағының) сұрқия саясатынан өзге ұлттың өкілдері зардап шеккені тарихтан белгілі. Соның бірі – біздің жерлесіміз Нұрғали Ералиев. Кезінде оның бәрі де әскери құпия болды. Енді егемендігімізді алып, батырларымызды өз тұғырларына қойып жатырмыз.
Өзінің қарапайымдылығымен, ақкөңіл және біртоға мінезімен өзгелерден ерекшеленіп жүретін Нұрғали Әбдәліұлы туралы мақала жазу мені көптен бері толғандырып жүрген еді. Мұның сәті 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнінің қарсаңында түсіп отыр.
Ақын Күләш Ахметова: «Қазақты жамандама қазақ бала, Халық қой қазақ деген аз-ақ ғана. Мәңгілік Ай астында, жер үстінде, Қазақтың жанашыры қазақ қана!» деп жырлайды. Күләш ақынның жырында айтылғандай, арамызда аман-есен жүрген ардагер азаматтар аз ғана қалды. Оларға өмірден озып кеткен соң емес, көздерінің тірісінде құрмет көрсетейік, ардақты ағайын.
Ядролық сынақтарға қатысып, басын бәйгеге тіккен ардагер, Жуалы өңірінің дамуына бүкіл өмірін арнап келе жатқан атпал азамат Нұрғали Ералиевтың ұзақ жылғы еңбегін елеп-ескеріп, «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын берсе, артық болмайды. Осы орайда ардагерлерге деген ел құрметін осылай білдірсек деген тілегімді де өңір басшылығына жеткізгім келіп отыр.
Бұл – жалғыз менің ғана пікірім емес, бүкіл аудан халқының тілегі!
Қалан МАМБЕТАЛИЕВ,
ҚР ішкі істер органдарының
және Жамбыл облыстық
Әділет департаментінің
құрметті ардагері.