Basty bet
отбасылық кәсіпті оңға бастыруда
Ауданда кәсіпкерлер саны жыл санап артып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді. Сондай талапшыл жас кәсіпкердің бірі – Азамат Үйкекбай. Азамат Әбдібекұлы Бауыржан Момышұлы ауылында кәсіпкердің отбасында дүниеге келген. Ол №19 Д.А.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны аяқтап, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығын бакалавр дәрежесімен тамамдап, білімін одан ары шыңдау мақсатында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің магистратура академиялық дәрежесі бойынша заңгер мамандығын бітіреді.
Ел ардақтайтын асыл азамат Әбдібек Үйкекбайұлы мен анасы Гүлмира Алтынбекқызы қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Өзін кәсіпкер ретінде дәлелдей алған Әбдібек Үйкекбайұлының даңғыл жолымен келе жатқан ұлы Азамат 2020 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Бүгінгі таңда өз-өзіне қызмет көрсететін автокөлік жуу орталығын ашып, заманауи үлгіде жаңа монша кәсібін қолға алып тұрғындарға тиімді жағдай жасап отыр.
«Еңбек еткеннің – еңсесі биік» деген, ниеттенгеннің екі қолына бір күрек табылатыны анық. Иозиф Шумпетердің «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» деген анықтамасы бар. Осы ретте Азаматта ауданымызда алғашқы болып ерекше көлік жуу орталығын ашқан. Бауыржан Момышұлы ауылындағы Парасат көшесінің бойында орналасқан орталықтың ерекшелігі – тұтынушы өз көлігін өзі жуып алады. Ал тиімділігі – уақыт пен қалтаға салмақ салмайтындығында.
Мысалы, көлігіңізді жеңіл-желпі шаң басса, толық жууға беріп, қалтаңызды қақпасаңыз болады. Аталған орталыққа келіп, арнайы құрылғыға қалауыңызша ақша салып, көлігіңізді тазалап ала аласыз. Бір секундты бір теңгемен өлшейтін аппарат авто-көлігіңізді қаласаңыз жай сумен, тетігін бассаңыз арнайы көбікпен де тазартып береді. Ерекшелігі, орталық жылдың төрт мезгілінде де, сондай-ақ тәуліктің кез келген уақытында қызмет көрсете алады. Яғни құрылғы үздіксіз жұмыс жасайды. Іске қосылған нысанда негізі көлік жуатын бес орын бар. Олардың үшеуі өзіне-өзі қызмет көрсететін орын болса, қалған екеуінде арнайы көлік жуатын жұмысшылары бар. Тек бағасын келіссеңіз болғаны. Қазіргі таңда төрт ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Екі тұрғын көлік жуатын орында, бір тұрғын дүкенде, ал біреуі моншада қызмет көрсетеді. Көлік жууға қажетті қондырғыны Түркия мемлекетінен тапсырыспен алдыртатынын тілге тиек етті. Аталған мемлекеттен жеті қондырғыға тапсырыс бергенін, жақын уақытта елге жететінін айтады еңбекқор азамат.
Қаладағы қоғамдық моншадан еш кем түспейтін, заманауи үлгіде жаңа моншаны қолға алған жас кәсіпкер Азамат Әбдібекұлы нысанға «Шолпанай» деп әжесінің есімін беріпті. «Жақсыны – көрмекке» деген біз де заманауи моншаның ішкі мүмкіндігімен таныстық. Жуынатын бөлмелері кең. Арнайы бу бөлмесі бар. Оған қоса, арнайы отбасылық жеке кабинасы мен моншаға қажетті заттар, сусындар және басқа да тұмысқа қажетті дүниелерді сататын дүкені де бар. Адамдар ыстық буда отырып, еркін тыныстайды. Кезек күткен жағдайда демалатын орындарға жайғасады. Моншада бір қызметкер тәулік бойына келушілерге қызмет етеді. Отбасылық монша аптаның жеті күнінде үздіксіз жұмыс істейді.
Өзінің табандылығы, іскерлік қасиеттері мен қырағы тәжірибесінің арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр. Керек кәсіпті қолға алып, елге қызмет етуді көздеген елжанды жанға біз де сәттілік тіледік.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»