Basty bet
Ақсай каналынан да электр қуаты өндірілмек
Шерхан Мұртазаның шығармаларына арқау болған Ақсай каналында жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды су электр стансасын салу көзделген. Оны жүзеге асыру уақыты кейінге шегеріліп, алдағы жылға белгіленген.
Ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан қазіргідей уақытта электр қуатының қажеттілігі орасан зор. Атап айтқанда, экономикамыздың өрлеуі де осы қуат көзіне тәуелді. Бұл ретте баға жетпес әрі сарқылмас байлық, ол – баламалы энергия екені белгілі.
– Мемлекет басшысы баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл бағытта өңірімізде жүзеге асып жатқан жобалар бар. Бірақ ол әлі де болса жеткіліксіз. Қазіргі таңда Қазақстанға 1 миллиард 200 мегават электр энергиясы жетіспейді. Әсіресе қысқы мезгілде энергияны басқа мемлекеттерден алуға мәжбүр. Экономика дамыған сайын электр энергиясы көздерінің жетіспеушілігі көбейе бастайды. Сондықтан біз өзіміздегі күннің, судың, желдің мүмкіндігін пайдаланып, алатын энергия көздерін көбейтуіміз керек. Бұл әсіресе, алыс елді мекендер үшін тиімді. Шалғайдағы ауылдарға электр энергиясын тартудың қажеті жоқ. Сол жердегі мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Сонда ғана мәселе оң шешімін табады, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.
Бүгінгі таңда Жуалы ауданда күн электр стансаларымен қатар су электр стансаларын да салу қолға алынған. Бастауын Алатаудан алатын Ақсай мен Көксай каналдары ауданның тіршілік көзі. Ақсай өзені Талас Алатауының баурайынан басталып, Теріс өзеніне қосылатын өзен. Өзеннің тау баурайындағы ағысының арыны қатты. Сондай-ақ табиғаты таңғажайып, арынды өзеннің суы жаяуға ғана емес, аттылыға өткел бермейтін шатқалдың бірі – Көксай. Туристік орталыққа сұранып тұрған ол Жуалы ауданы ғана емес, бүкіл облыс тұрғындарының мақтанышы. Онда болған адам шатқалдың қос беткейінде сыңсып өсіп тұрған арша мен шырша, бозарша және аққайыңдарын, кәусар ауасы мен мөлдір суын, алуан гүлдер өсетін көкшалғынын ешуақытта ұмытпайды. Оған шекара бойында қалған табиғаттың тамаша туындысы Көксай каньонын қосыңыз. Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынды.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Шыңғыс Боранбаевтың айтуынша, Көксайдан бөлек, сол сияқты «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің №655 қаулысына сәйкес су электр стансасының құрылысын жүргізу құқығы берілген. Инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ доллары. Іске қосылу уақыты алдағы жыл деп белгіленген.
«Бұл жобалар жүзеге асқан сәтте ауданның экономикасының дамуына, өркендеуі мен көркеюіне өз үлестерін қосады деген сенімдеміз. Бастысы қандай жоба, бағдарлама болмасын, барлығы да елдің игілігі үшін атқарылуда» дейді Шыңғыс Боранбаев.
Диас МАРАТҰЛЫ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-ші курс студенті