Basty bet

Мемлекеттік бюджетті игеруде қазынашылықтың рөлі зор

Иә, осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын еліміз Тәуелсіздік алып, жаңа өмірге аяқ басқан тұста алдымызда көптеген қиыншылықтардың күтіп тұрғанын білеміз. Ескі байланыстар бұзылып, инфляцияның белең алып, жұмыссыздық жайлап, енді ғана аяғынан тұра бастаған елдің иығына ауыр жүк түсті. Аз уақыттың ішінде экономиканы тұрақтандыру үшін елдегі ақша айналымын бақылау мен айналымдағы есепті қамтамасыз ету керек болды. Сол себепті, елдің тізгінін ұстаған басшы азаматтарға экономикалық құрылымдарды, оның ішінде, мемлекеттік қаржы басқармасын реформалау қажет болғаны анық.
Осылайша, ел қазынасын басқаруды жолға қою мақсатында 1994 жылы Қаржы министрлігінің жанынан Қазынашылық бас басқармасы құрылды. Алдымен аймақтардағы қазынашылық жүйенің алғашқы құрылымы жасалып, Ұлттық банктің есеп айырысу кассалары Қазынашылық басқарманың аумағына шоғырландырылды. Олар бюджет қаржысының түсімін және оны мемлекеттік мекемелердің шотына аударылуын қадағалап отыруға тиіс болды. Ал 1995 жылы Қазынашылық басқармасы бюджеттің шығындары мен кірістерінің жаңа бюджеттік классификациясын жасап шығарды.
Биыл жыл басында Қазынашылық жүйесінің құрылғанына тұп-тура 30 жыл толып отыр. Бұл – аталған саланың тарихындағы айтулы оқиға және атаулы дата. Осы тұста Қазынашалық құрылымының құрылу тарихына тоқталатын болсам, Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 27 қаңтардағы №1526 нөмірлі Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде Қазынашылықтың бас басқармасынан және оның аумақтық құрылымдарынан тұратын Қазынашылық органдарының орталықтандырылған жүйесі құрылды. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық құрылымдары Республикалық бюджеттің кассалық атқарылуы мен қаражаттарын басқару, Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы мемлекеттік міндеттері бойынша қызметтерді жүргізетін болып белгіленді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 13 қазандағы «Қазақстан Республикасының орталық атқару органдарының құрылымдарын жетілдіру туралы» №2451 Жарлығымен қазынашылық бас басқармасының негізінде ҚР Қаржы министрлігі жанындағы қазынашылық құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 30 қазанындағы №1466 нөмірлі Қаулысымен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігін ұйымдастыру – құрылымдық жетілдіру мақсатында ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық Департаментінің (бұдан әрі – Қазынашылық) заңды тұлға мәртебесі беріліп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық Департаменті туралы Ережесі бекітілді.
Жамбыл облыстық Қазынашылық департаментінің маңызды құрылымы болып табылатын Жуалы аудандық қазынашылық басқармасы өз кезегінде құрылған күннен бастап ел қазынасының молаюына, дәлірек айтқанда, бюджет қаражатының орындалуы мен оны ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстарды атқару үстінде. Басқарма мамандары Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің кесімдерін, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің, Қазынашылықтың жоғарғы органдарының бұйрықтарын, өзге де нормативтік-құқықтық кесімдерді, сондай-ақ осы үлгілік Ереженің негізінде әзірленген Ережені ұдайы басшылыққа алып жұмыс жүргізіп келеді.
Осы тұста мекеменің жұмысын жүйелі жолға түсіріп, басқарманы басқарған басшылар туралы да айта кеткенді жөн көріп отырмын. 1997 жылдың 27 желтоқсанында Жуалы аудандық Қазынашылық бөлімі құрылып, мекемеге 1998-2018 жылдар аралығында басқарманың алғашқы бастығы қызметін Манатбек Сырымбетов атқарды. Жуалы аудандық қазынашылық бөлімі 2008 жылдың 18 тамызынан аудандық қазынашылық басқармасы болып қайта құрылды. 2019 жылдан басқарма басшысының қызметін Бағдат Оразбаев атқарып келеді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі Қазынашылық Комитеті Жамбыл облысы бойынша қазынашылық Департаментінің Жуалы аудандық қазынашылық басқармасы мемлекеттік бюджеттердің атқарылуы жөніндегі операцияларды есепке алуды қамтамасыз ету және мемлекеттік мекемелердің рәсімдік шоттар жөніндегі арнайы функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме болып табылады. Мұнымен қатар мемлекеттік мекемелердің және уәкілетті мемлекеттік органдардың бюджетке түсімдердің түсуін қамтамасыз ету, бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, сондай-ақ бюджеттің тапшылығын қаржыландыру жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау бойынша іс-қимылдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылдың 4 желтоқсанындағы №540 бұйрығымен бекітілген «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесі» мен басқа да нормативтік құқықтық актілер негізінде жұмыс жүргізеді.
Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеме қаражаттарының мақсатты жұмсалуы мен оның уақтылы игерілуі қазынашылық басқармасының жұмысты тиімді ұйымдастыруына да байланысты. Бұл ретте Жуалы аудандық қазынашылық бөлімінде, сонымен бірге өңірдегі банк және қаржы саласында еңбек еткен қазынашылықтың құрметті ардагерлері ретінде өз ісінің кәсіби шеберлері – Наталья Волчкевичті, Ольга Бадаева және Гүлнар Нұрлыкұлованың еңбектерін ерекше атап өту қажет.
Аға буын мамандардың салып кеткен сара жолын қазіргі таңда сала жұмысында қалыптасқан білікті кадрлар лайықты жалғастырып келеді. Аудандық қазынашылық басқармасында ұзақ жылдардан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан мамандардан – Қарлығаш Төребекованы (2023 жылдың қыркүйек айында облыстық қазынашылық департаментіне маман болып жұмысқа ауысты), басқарма басшысының орынбасары, білікті маман Ержан Нысанов, жауапты қызметкерлер – Айнұр Қорғанбаева, Алмас Жігітов, Құралай Құдайберген және Алира Бибасарды өз ісінің нағыз майталмандары деуге толық негіз бар.
Басқарма қызметкерлері жұмыс барысында бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы мен оның уақтылы аударылуын қадағалаумен қатар, бюджет саласы қызметкерлерінің айлық жалақыларының уақтылы берілуі мен салық төлемдерінің уақтылы аударылуын қамтамасыз етудің нәтижесінде ауданның бюджетке түсетін салық және басқа да төлемдері бойынша жоспардың толық орындалуына өздерінің мол үлестерін қосуда.
Мемлекет қаржысын – ел қазынасын тиімді басқарудың басты кілті болған Қазынашылық комитетінің аудандық құрылымы өзіне жүктелген миссияны тиімді атқарып келе жатыр деген сенімдеміз.
Тәуелсіздік жылдарында мекеме өзін уақыт пен қоғам талабына сай дамыған қаржы институты ретінде көрсете білді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың білімді, өз саласын жақсы білетін қазынашылық саласы қызметкерлерінің, мемлекеттік бюджетті игеруді бақылауды қамтамасыз етудің арқасында ғана жүзеге асырылып отырғанын баса айту қажет!

Бағдат ОРАЗБАЕВ,
Жуалы ауданының қазынашылық басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close