Basty bet

Өңірдің даму көрсеткіштері көңіл көншітпейді

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында әкімдіктің кеңейтілген мәжілісі ұйымдастырылды. Аудан әкімі Жалғас Мұртазаның төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппараттың басшысы, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары мен мекеме басшылары, ауылдық округтің әкімдері және БАҚ өкілдері шақырылды.

Аудандық әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінің күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысы, қаржының игерілуі мен салық түсімдерінің орындалуы және орындаушылық тәртіп пен мемлекеттік қызметшілердің әдебі туралы барлығы үш мәселе қаралды.
Жиынның күн тәртібіндегі бірінші мәселеге байланысты аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Мықтыбекова аудан бойынша 2026 жылдың 3 айының қорытынды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің және индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы туралы жан-жақты баяндады.
– Ауданның жалпы өңірлік өнімі 2026 жылдың үш айының қорытындысымен – 13 млрд 429,6 млн теңгені құрап, 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (11 млрд 453,9 млн теңге) 17,2%-ға өсіп отыр. Қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіп көлемі 4 млрд 853,0 млн теңгенің көлемінде немесе 98,3%-ға орындалған. Қаңтар-сәуір айларының аралығында өнеркәсіптің көлемі болжаммен – 6 млрд 189,4 млн теңге көлемінде болады немесе 101,0%-ға орындалуы күтілуде.
Ауыл шаруашылығы саласындағы нақты көлем индексі қаңтар-наурыз айларында 100,0%-ға немесе 4 млрд 891,9 млн теңге көлемінде орындалды. Қаңтар-сәуір айларында болжаммен – 5 млрд 530,0 млн теңгенің көлемінде орындап, нақты көлем индексін 100,2%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Ал, қаңтар-наурыз айларында негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі – 1 млрд 839,1 млн теңгеге немесе 108,6%-ға орындалған. Ауыл, орман және балық шаруашылығына салынған инвестиция көлемі – 24,4 млн теңге немесе 25%.
Облыспен бекітілген индикатор бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 3 млрд теңге (1 млрд 1160,4 млн теңге немесе 38,6%) орындалмаған. Оның себебі: «КЕГОК» АҚ Оңтүстік жүйеаралық электр тораптары мекемесі тарапынан құрылыс жұмыстарының ауа райына байланысты тоқтауына байланысты болып отыр. Жыл соңына дейін белгіленген индикаторлық көрсеткіштер орындалады деп күтіледі. Болжам бойынша қаңтар-сәуір айларына 4561,4 млн теңге теңгеге немесе 100,0% орындалуы күтілуде.
Өңірдегі жалпы сауда айналымы – 2 млрд 993 млн теңге, (2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда (2 млрд 764,4 млн теңге) 8,2 %-ға артқан. Оның ішінде: бөлшек сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар-наурыз айларында – 1 млрд 471,6 млн теңгеге немесе 104,8 %-ға орындалып отыр. Ал қаңтар-сәуір айларына болжаммен бөлшек сауданың айналымы – 1 млрд 872,0 млн теңгеге немесе 101,0%-ға орындалуы күтілуде. Көтерме сауда айналымының нақты көлем индексі қаңтар-наурыз айларында – 1 млрд 521,4 млн теңгеге немесе 92,4%-ға орындалса, ал, қаңтар-сәуір айларына болжаммен көтерме сауда айналымы – 1 млрд 821,0 млн теңгеге немесе 100,0%-ға орындалуы күтілуде,- деді бөлім басшысы.
Айта кету керек, 2026 жылға Жуалы ауданының әкімі мен Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округ әкімдерінің арасында бекітілген көрсеткіштердің орындалуына талдау жүргізілген. Ауылдық округтермен бекітілген 644 индикаторлық көрсеткіштің бірінші тоқсанда орындалуы тиіс 363 индикаторының нақты – 336-сы ғана орындалған.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуы қай кезде де маңызды мәселе саналады. Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселеге байланысты сөз алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза, негізгі көрсеткіштердің уақтылы әрі сапалы орындалуын артқа тартып отырған аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі, т.б. салалардағы көрсеткіштердің төмен қалыптасып отырғанын айтып, өңірге инвестиция тартуға байланысты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында басымдыққа ие салалардың жұмысына терең мән берудің, онымен қоса, өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыруға, сонымен қатар, ауыл шаруашылығында өнімділікті арттырып, жаңа (су үнемдеу) технологияларын енгізу, ең бастысы – экономиканың нақты секторына әсер ететін негізгі көрсеткіштерді көтерудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, жұмысқа жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, аудандық қаржы бөлімінің басшысы Қуаныш Ғалиұлы баяндап, өңірде қаржының игерілуіне байланысты мәселелерді қозғады. Ал, аудан әкімі аппаратының басшысы Дидар Нұрбеков орындаушылық тәртіп пен мемлекеттік қызметшілердің әдебі туралы баяндап, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы, т.б. талдау қорытындыларымен таныстырды.
Жиынды аудан әкімі Жалғас Мұртаза қорытындылап, ауданда жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарының жұмысына тұрақты бақылау жасауды, сонымен қатар, жергілікті бюджеттің кірісін молайтудың қажеттілігін атап өтті.

Таңдаулы материалдар

Close